РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

 

 

Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың    «қазанның 25-ін жыл сайын егемендік мерекесі ретінде атап өтуіміз керек» деген сөзі біраз жылдардан бері тойланбай келген мерекемізбен қайта қауышуға мүмкіндік берді. Дүниенің қай елінде де, қай халықта да ең ұлық мереке, ол тәуелсіздік мерекесі. Бұл ұлтымыз үшін, тәуелсіз еліміз үшін әлеуметтік маңызы зор мереке екені даусыз.

Осы орайда қайта жаңғырған Республика күні жайлы, бұл мерекенің қадірі мен қасиеті туралы елге танымал үш қайраткерден алынған сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

Өмірзақ Озғанбайұлы – ғалым, қайраткер, тұлға!  «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» ордендері мен  Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері. «Алтын Барыс» құрмет белгісімен марапатталған. КСРО, Қазақстан және Түрікменстандағы білім беру саласының үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

– Жыл сайын 25 қазан күні Республика күнін тойлағалы жатырмыз. Көпті көрген ел ағасы ретінде Республика күнінің қадір-қасиетіне тоқталсаңыз. Бұл мерекенің басқа мерекелерден айырмашылығы неде? Қалай тойлағанымыз дұрыс?

– Бұл сұрағыңызға жауап беру үшін шекараны кеңейтіп, әріден бастағалы отырмын. Бүкіл саналы өмірін қазақ халқына арнаған қажырлы қайраткер Әлихан Бөкейханов: «Тірі болсақ,  алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп сенімін айтқан екен. Алаштың тағы бір қайраткері Сұлтанмахмұт Торайғыров:

«Алаш туы астында

Күн сөнгенше сөнбейміз,

Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз,

Жасайды алаш, өлмейміз,

Жасасын алаш, жасасын!» депті. Ұлылар аңсаған ұлы күн 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақстанның егемендік  декларациясы болып қабылданды. Бәрімізге аян  Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  мырзаның  қазанның 25-ін жыл сайын егемендік мерекесі ретінде атап өтуіміз керек деген сөзі біраз жылдардан бері тойланбай келген мерекемізбен қайта қауышуға мүмкіндік берді. Дүниенің қай елінде де, қай халықта да ең ұлық мереке, ол тәуелсіздік мерекесі. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы. Сол тәуелсіздіктің негізгі принциптерінің бәрі осы декларацияда  тайға таңба басқандай жазылған. Республика күнін ерекше дәріптейтін елдер баршылық. Мысалы АҚШ-та 1776 жылдан бері 4 шілде күнін тойлап келеді. Бұл барлық америкалықтар үшін ұлттық мейрам. Олар бұл күнді асыға күтеді. Қытай халық республикасы 1949 жылдан бері 1 қазанды ұлықтап келеді. Қытайлықтар бұл мерекені «алтын апта» деп, жеті күн бойы тойлайды. Түркия мемлекеті 29 қазанда мәре-сәре болып бір-бірін тәуелсіздік күнімен құттықтап жатады.  Сол күні тұңғыш президенттері Мұстафа Кемал Ататүрікті ерекше сағынышпен еске алады. Италия елінде де республика күні жыл сайын 2 маусымда аталып өтеді. Әзербайжан мемлекетінде де декларация қабылданған 28 мамырды Республика күні – ұлттық мереке деп дәріптейді. Байқап отырғанымыздай, Республика мерекесі аталған елдерде жылдың жылы кезеңінде тойланады екен. Демек халықтың бала-шағасымен шеруге қатысып, той тойлап, қуанышпен өткізуіне  жағдай жасалған. Бізде де бүкілхалықтық мереке Республика күнін 25 қазанда өткізу өте тиімді шешім. Елге ұнамды, тәуелсіздіктің басты құжаты декларацияның қабылданған күні. Бұл мерекенің өзіне тән тойлану дәстүрі қалыптасқаны дұрыс. Осы саламен шұғылданатын мамандар, министрліктер алдағы уақытта атсалысады деген ойдамын. Республика күні ұлттық мереке деңгейінде тойланғалы отыр. Бұл жақсылық нышаны. Оның деңгейі, оған қойылатын талап та жоғары. Соған байланысты мемлекеттік іс-шаралар басталып та кетті.

Белгілі журналист-жазушы, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов  Қызылжар қаласында тұрады. «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Солтүстік Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы. Қоғамдағы кез келген мәселеге салғырт қарамайтын, тереңнен толғап толымды ой айтатын Жарасбай Қабдоллаұлымен байланысқа шығып, көкейдегі сауалға жауап алдық.

– Тарихқа көз жүгіртсек, Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері аталып келе жатқанымен, мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізіліпті. Республика күнін ел бар-жоғы 17 рет қана тойлаған. Бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың сәуір айында қол қойған «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енбеген. Содан бері бұл мереке атаусыз қалды. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз?

– Иә, он жылдан аса аталмай келген Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта оралды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл құжат қабылданған соң, мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Арада екі жыл өткеннен кейін, нақтырақ айтсақ,  1992 жылдан бастап бұл дата атаулы күндер қатарына енгізілді. Ал 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Алайда 2009 жылы «Республика күні»  мемлекеттік мереке былай тұрсын, қатардағы атаулы күндер тізіміне де ілікпей қалды. Қоғамға оның нақты себебі түсіндірілген жоқ. Мен өзім бұл өзгерісті  30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып жариялануымен байланыстырамын. Сірә, сол кездегі басшылық ұлттық мерекелерді көбейте беруді жөн көрмеген сияқты. Әйтпесе бұл күннің елдің дамуына айтарлықтай әсер еткен, ерекше тарихи маңызы болғаны дау туғызбайды. Шынына келсек, бұл еліміздің тәуелсіздігіне жасаған алғашқы нық қадамы еді.

Президент Тоқаев «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан 25 қазан жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы тиіс», деді. Расында, Республика күнін біз қалай түсінуіміз керек, қалай тойлаған дұрыс? Жалпы Президент сөз еткен «екінші республика» тұжырымдамасының 25 қазан – Республика күнімен тікелей қатысы бар ма?

– Өз басым Президенттің Республика күні мерекесін жаңғырту туралы шешімін қолдаймын. Өйткені тәуелсіздік өз бастауын нақ осы күннен алады деп ойлаймын. Президент «екінші республика» тұжырымдамасын ұсынды. Демек, «бірінші республика» кезеңінен өттік десек, оның 25 қазан – Республика күніне тікелей қатысы болғаны. Оның үстіне біз қазір қоғам өмірінің барлық бағыттарында автократиялық режимінен бас тартып, тың  идеялар мен құндылықтарды орнықтыруға күш салып, жаңа мемлекет құрып жатырмыз.

 

Белгілі саясаткер Дос Көшім мырзаға да сауал қойдық.

– Президент Тоқаевтың Республика күнін қайта жаңғыртуын қалай қабылдадыңыз? Ұлттық рухыңыз көтеріліп, Жаңа Қазақстанға жаңа көзқарас пайда болған жоқ па?

– Жақсы қабылдадым. Қоғамда бұл мәселенің көп жылдар бойы көтеріліп, айтылып келгенін бәріміз білеміз... Өкінішке орай, бұған осы уақытқа дейін не Президент, не Парламент көңіл аудармаған болатын. Әңгіме – Тәуелсіздік декларация қабылданған күн мен Тәуелсіздік жарияланған күндердің арасындағы «қайсысының деңгейі жоғары» деген жарыста емес, «Тәуелсіздік күнін» Желтоқсанның бір жағы азалы, бір жағы қасиетті күніне «қабаттастырып» қоюында деп білемін. Сондықтан да, өзінің ұстанымымен емес, біздің айтуымызбен, Тәуелсіздік тойын 25 қазанға көшіргенді дұрыс деп есептеймін. Бұл шешімге алдағы сайлаудың түрткі болғаны да анық. Қазақ елінің кейбір аймақтарында сайлау кезінде үміткерлер халықтың көңілінен шығуға тырысып, бұрын жасамаған жақсылықтарын жасауға кірісетін. Депутаттыққа түсіп жатқандардың біреулері, дауыс алу мақсатында, көшеге жарық орнатып берсе, енді бірі медпункт салып береді екен. Демек Тоқаевтың халықтың айтқанын қолдағаны осы тәсілдің ешқашан өзгермейтінін көрсетеді. Ал біз үшін... «Жаудан түк тартсаң да пайда» деген... Бірақ, мейрамның мезгілінің өзгеруі ешкімнің ұлттық рухын да көтермейді, «Жаңа Қазақстанға» жаңа көзқарас та қалыптастырмайды. Бұрын жасалмаған шешім қазір жасалса, демек ол – саяси қажеттіліктен туған шешім.

 

 

 

Министерство бойынша ұтыс тақырыптары 1 кезең

№10-1. Экономика мен қаржы секторын дамыту

Бюджет қаражатын ұтымды және есепті пайдалануды ақпараттық қамтамасыз ету және түсіндіру.

25.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 49
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 577
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 691
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 606
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 615

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8752
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8152
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11381
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9135
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10366