Құттықтаймыз!
Біздің газеттің жанашыры, Желтоқсанның батыры Бақыт Серікбайұлы Байнияз үнемі күлімсіреп, жан-жағына шуағын шашып жүретін абзал жан. Кішіпейіл, қарапайым, елгезек. Бәзбіреулер сияқты «Мен Желтоқсанның қаһарманымын!» деп кеуде қаққан өктем мінез көрсеткен сәтін көрмеппіз. Көмекке мұқтаж жандарға жан-тәнімен көмектеседі. Адалдыққа берік, бұра тартқандарды орнына қоятын ер мінезді азамат. Оны Желтоқсан алаңына апарған да осы атойлаған рухы болар. Шынында да батыр адамның жүрегінде намысы, рухы болмаса, ол ерлік жасай алмайды ғой. Отанын, ұлтын қорғай алатындар ғана намысын, жігерін қайрап, кеудесін тосып шайқасқа шыға алады. Бақыт бауырымыз нағыз қаһарман азамат. 60 жасыңыз құтты болсын! Отбасыңа зор бақыт, шадыман шаттық, ынтымақ және береке тілейміз!
«Qazaqstan dauiri» газеті мен
«Мөлдір бұлақ» журналы ұжымы
Байнияз Бақыт Серікбайұлы – Қызылорда облысы Қазалы ауданы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхоздың (қазіргі Жанқожа батыр ауылы) тумасы. Ауылдағы орта мектептен Қазалы қаласындағы СПТУ-дың зооветеринарлық курсін бітірген бойда Кеңес армиясы қатарына шақырылды. Екі жыл әскерде фельдшер боп қызмет атқарады. Бұл да дәрігер болсам деген асқақ арманның бір ұшқыны еді. Әскери борышын өтеп келіп, Алматы қаласындағы Зооветеринарлық институтқа оқуға түседі. Алғашқы курстарда 1986 жылы Желтоқсан көтерлісі бұрқ етіп, Бақыт студент достарымен оқиғаның ортасында белсенді қатысушылардың бірі болады. Әлжан досымен ұсталып, сол күндердегі ұсталғандармен бірге көресіні көрді. Абақтыға жабылды, тергеуге түсті. Арматура темірмен қаруланған жасақшылардың «соққы коридорынан» өтті. Милиция бөлімінде ұрып-соғудың неше түрін, зорлық-зомбылықты басынан өткізеді. Қылмыстық іс қозғалғалы жатқанда Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, әкесі Байнияз Серікбайдың араласуымен әкімшілік соттың жазасымен абақтыдан босайды. Сот шешімінің көшірмесін алған институт әкімшілігі комсомол қатарынан, институттан шығарады. «Алматыға оралмаймын» деген қолхатын алып, елге жер аударылады. Ауылға оралған Бақыттың ізінен Ауылдық кеңеске, совхоздың партия, комсомол комитетіне Байнияз Бақытты көзден таса қылмай бақылауда ұстау туралы тапсырма келеді. Аядай ауылға естілген бұл жай ауылдың үлкен-кішісіне үрей туғызады. Жас жігітке жат кісідей қаратады. Мекемелер жұмыс беруден бас тартады. Ата-аналар балаларын Бақытқа жолатпауға тырысады. Құрбылары ештеңеге түсінбей әрі-сәрі күйде жүреді. Әсіресе ай сайын Аудандық әскери комисариатқа шақырған повестка жүйкесіне тиеді. Барса, военкомның кабинетінде ҰҚК-нің қызметкері отырады. Жүйкеге тиетін неше түрлі сұрақтар беріп, соңында ешкімге ештеңе айтпау жөнінде қолхат алып жібереді.
Сөйтіп жүргенде Мұхтар Шаханов басқарған мемлекеттік комиссия шешімімен институтқа қайта қабылданып, Алматыға оралады. Бұл кезде Бақыт өзімен тағдырлас желтоқсаншы, Қазалы қаласының қызы Оразгүлмен отбасын құрып, бір ұлды болған еді. «Шал студент» болып жүріп оқуды жақсы аяқтап, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында ауылшаруашылық саласында зоотехник, бас зоотехник қызметін абыроймен атқарады. Тоқырау кезінде совхоздар тарап, Алматы қаласына қызметке ауысады. Жас ұлғая бастағандығы болар, денсаулық сыр бере бастайды. Көрінген дәрігерлер Желтоқсандағы алған жарақаттар әсері екенін айтады. Амал жоқ, сол күндерді қайта еске алуға, архив құжаттарына жүгінуге тура келеді.
Бақыт Серікбайұлы – «Тәуелсіздік – 1986 – желтоқсан» қоғамдық ұйымының төрағасы. Қазір өзінің туып-өскен жеріндегі жерлес желтоқсаншылардың жағдайы ойлантатынын айтады. Олардың да сол бір ызғарлы күні көрген азапты күндерінің өтеуі болса екен дейді. Бақыт ардагердің бастамасымен Қазалыда «Желтоқсан – 86 – Қазалы» патриоттық ұйымы жұмысын жүргізіп, елден шыққан желтоқсаншылармен байланыс орнатқан. Қазірде Қазалыда «Желтоқсан 1986» тағзым ескерткіші орнатылып, аудан орталығында Желтоқсан көшесі бар. Аудан басшылығы да желтоқсаншылармен тығыз байланыста. Осының бәрі «Елден шыққан ер» Бақыт Серікбайұлының бастамасымен болып жатыр. Ол Желтоқсан ардагері статусына ие болып, сот шешімімен ақталып, ардагерлерге тиесілі арнайы жеңілдіктер пайдалану куәлігіне ие болады. Қазақстан Республикасы Президентінің қолы қойылған «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан «Қарулы күштерінің ардагерлері» РҚБ Орталық Кеңесі Президиумының шешімімен «Қазақстан патриоты» медалімен, «Желтоқсанның 25 жылдығы», «Желтоқсанның 30 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
Осы күндері «Тәуелсіздік – 1986 – Желтоқсан» ҚБ төрағасы, Алматыдағы Желтоқсан патриоттық ұйымдары кеңесінің мүшесі, желтоқсаншылар әулетінің отағасы (жары Оразгүл де желтоқсаншы), ардақты әке, абыройлы ата, жақсы жолдас Бақыт Серікбайұлы Байнияз мерейлі 60 жасқа толып жатыр. Елі сыйлаған ер, абыройлы ардагерге ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тіледік. Жүзге жеткенше шаршамаңыз, Желтоқсан ардагері!
Құдайберген Есекей