Сәлеммен басталатын мінез

Сәлеммен басталатын мінез

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс беріп, ел көкейіндегі біраз маңызды мәселеге қатысты пікір білдірді. Соның ішінде менің ерекше назарымды аударғаны – ұлттық мінез бен сәлемдесу әдебі туралы айтқаны.

Бір қарағанда, сәлемдесу – ұсақ деталь сияқты. Бірақ адам мен адамның қарым-қатынасы дәл осы сәлемнен басталады. Адамның тәрбиесі де, ішкі мәдениеті де, өзгені қаншалықты құрметтейтіні де кейде бір ауыз амандасудан, бір қимылынан-ақ байқалып қалады.

Президент дәстүрлі құндылықтарға қайта оралу қажеттігін айтты.

Шындығында, біз ғылым мен технологияда кейбір елдерден кейін келе жатқан шығармыз. Экономикада да үйренетініміз аз емес. Бірақ әдеп пен ибаның, парасат пен пайымның мектебі ретінде қазақтың әлемге көрсетер дүниесі жетерлік. Қазақтың баласы үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Ақсақалға алыстан сәлем берген. Келіні иіліп сәлем салған. Жасы кіші үлкеннің сөзін бөлмеген. Дастархан басында әркімнің өз орны болған. Тіпті кімнің қай жерде отыратынына дейін жасына, жолына, жөн-жосығына қарай белгіленген.

«Жасыңа қарай отыр, жағыңа қарай сөйле» деген бір ауыз сөздің өзінде тұтас қарым-қатынас мәдениеті жатыр. Өкінішке қарай, осындай ұсақ көрінетін үлкен әдептеріміздің кейбірі көмескіленіп барады. Мұның Мемлекет басшысын да алаңдататыны бүгінгі сөзінен байқалды. Біз кейде әдеп, ар-иман мәселесінде Батысты көп сынаймыз. Бірақ Еуропаға, Америкаға барғанда көзге бірден түсетін қарапайым мәдениет бар: лифтіге бірге мінсеңіз де, есік алдында бетпе-бет кездессеңіз де, танитын-танымайтын адам бір-біріне жымиып, сәлемдесіп өтеді. Оны «америкалық күлкі», «формалды әдеп» деп бағаламауға болады. Бірақ жақсы амал әдетке айналса, оның жемісі бәрібір жақсы: айналаға жайлы атмосфера береді, адамның көңілін көтереді, бөтенді бөтенсітпейді.

Жапон мәдениетінде де иілу – жай ғана қимыл емес. Оның ішінде арақашықтықты сақтау да, құрмет те, өзін ұстай білу де бар. Яғни дамыған қоғамдар сәлемдесудің өзін қоғамдық мәдениеттің бір бөлшегіне айналдырған.

Ал бізде оның тамыры онсыз да бар. Тек сол тамырға қайта жан бітіру керек. Президенттің тағы бір айтқаны ойландырды: «ер адамдар қолының ұшын ұстата салмай, қолды нық қысып амандасуы керек», – деді.

Меніңше, мұның астарында қол қысудың өзінен үлкен мағына жатыр. Қазір «еркектік» деген ұғымның айналасында көп дау бар. Бір тарап оны тым дәріптейді, екінші тарап еркектік туралы сөздің өзін біреуді басыну, күш көрсету деп қабылдайды.

Ал шын мәнінде еркектік – әлсізді жаншу емес. Еркектік – өз күшіңді орнымен жұмсау.

Ер-азаматтың мығымдығы әйелге өктем сөйлеуінен емес, ерлермен қол алысқанда алақанынан сезілсін. Принципі қызметінде көрінсін. Қайраты қоғамға пайдасында білінсін. Мінезі жауапкершілігінен танылсын.

Сонда еркектікті айқайлап дәлелдеудің де қажеті болмайды.

Нық қол алысу, тік қарау, уәдеде тұру, жауапкершіліктен қашпау – ер-азаматтың үнсіз сөйлейтін мінезі.

Тағы бір ой.

Біз кейде қызметтес, таныс, тіпті кеше ғана танысқан адамдармен көріскен сайын құшақтасып, беттен сүйісіп, эмоциямызды аямай шашамыз. Бірақ үйге келгенде сол жылылықтың бір бөлігін әке-шешемізге, жарымызға, балаларымызға көрсете алмай қалатын кезіміз бар.

Сырттағы адамға – ыстық құшақ,

үйдегі адамға – суық қабақ.

Осы арада бір нәрсенің орны ауысып кеткен жоқ па?

Көрінген жерде шөпілдесіп сүйіскеннен гөрі, сол жылылықтың бір бөлігін үйімізге алып қайтсақ ше? Әке-шешемізге жұмсақ сөйлеп, жарымызға жылы жымиып, баламыздың басынан сипап, ағайынымызға шын көңілмен хал сұрасақ ше?

Ал қоғамдық ортада – жинақылық, сабыр, ізет. Ер адам ер адаммен нық қол алысып амандассын. Үлкенге құрмет көрсетілсін. Қажет жерде оң қолымызды кеудемізге қойып, ықыласымызды білдірейік. Эмоцияны азайту емес, эмоцияның жұмсалатын бағытын дұрыстау керек. Жылылық жоғалмасын. Тек оның ең мол үлесі ең жақын адамдарымызға бұйырсын.

Мен Президенттің бүгінгі сөзінен осындай бір ишараны көрдім: жаңғыру дегеніміз өткеннің бәрін тастап, бөтенге ұқсау емес. Кейде алға жүру үшін өзіңнің жақсы қасиеттеріңе қайта оралуың керек. Ғылымын өзгеден үйренерміз. Технологиясын игерерміз. Тәртібінен үлгі алармыз. Бірақ әдепті өзгенің есігінен іздемейік. Оның терең мектебі өз төрімізде тұр.

Сәлемімізді түзесек,  қарым-қатынасымыз түзеледі. Қарым-қатынасымыз түзелсе, қоғамдық мінезіміз өзгереді. Қоғамдық мінез өзгерсе, елдің де келбеті өзгереді. Өйткені мәдениет кейде үлкен мінберден емес, екі адамның бір-біріне қалай сәлем бергенінен басталады.

Мұхамеджан ТАЗАБЕК

 

27.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27811
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27307
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44662
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40368
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44984