САМИТТІҢ 24-ОТЫРЫСЫНДА 25 ҚҰЖАТ, 3 МӘЛІМДЕМЕ ҚАБЫЛДАНДЫ

САМИТТІҢ 24-ОТЫРЫСЫНДА  25 ҚҰЖАТ,  3 МӘЛІМДЕМЕ ҚАБЫЛДАНДЫ

 

Өткен аптадағы әлемдегі маңызды жаңалықтардың бірі Қазақ елінің астанасында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысы болды. Кездесуге Беларусь Президенті Лукашенко, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхбар, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз, Ресей Президенті В. Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Үндістан Сыртқы істер министрі С Джайшанкар қатысты. Лауазымды тұлғалардың арасында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымының Атқару комитетінің директоры қатысты.

Бұл саммитте саясат, қауіпсіздік, сауда, инвестиция, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, туризм, халықаралық ынтымақтастық және ШЫҰ-ның құрылысы жөніндегі жұмыстарға назар аудара отырып, ШЫҰ-ның көпжақты ынтымақтастығының даму перспективалары талқыланады.

Саммит барысында 25 қорытынды құжат қабылданып, Астана декларациясына қол қойылды, бұдан бөлек ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Мемлекет басшылары кеңесінің «Әлемдік әділеттілікті, келісім мен дамуды ілгерілету жөніндегі барлық елдердің бірлігі туралы» ШЫҰ бастамасын қабылдау туралы қарары, «Қытайдың Циндао қаласын 2024-2025 жылдарға Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Мәдениет және туризм астанасы деп жариялау туралы» резолюция және басқа да 20 құжатпен қоса «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ізгілік қағидаттары туралы мәлімдемесі; Көршілестік, өзара сенім және серіктестік» және басқа 3 мәлімдеме бар.

 

 

Кезекті саммиттегі басты жаңалықтардың бірі, Еуропаның шығысында жатқан Белоруссияның аталмыш ұйымға мүше болып қабылдануы еді. Осылайша ШЫҰ құрылған  23 жылда мүше мемлекеттердің саны 10-ға жетті. «Бақылаушы мемлекет» мәртебесін иеленіп отырған елдердің бұл ұйымға деген ықыласы мен белсенділігін ескеретін болсақ, ұйымның қатары алдағы жылдары тағы да молыға түсуі бек мүмкін...

ШЫҰ-ның жаңа белесі

2001 жылы 15 маусымда Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан қатарлы 5 мемлекеттің ортақ мәмілесі бойынша құрылған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – сонан бері ықпалы артып, көлемі кеңейіп келе жатқан ұйым. 2017 жылы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Астана саммитінде Үндістан мен Пәкістанға мүшелік мәртебесін беру туралы қаулыға қол қойылып, ұйымға мүше мемлекеттердің саны 6-дан 8-ге дейін өсті. 2023 жылы ШЫҰ-ның Нью-Дели саммиті Иранның ШЫҰ-ға қосылуын ресми түрде мақұлдады. Ал 2024 жылғы Астана саммиті кезінде ұйымның құрамына 10-мемлекет болып Белоруссия қосылды. Осылайша Азияның шығысында құрылған ұйым арада 23 жыл өткенде Еуропаның шығысына дейін іргесін кеңейтіп, «өзара сенімділік, өзара тиімділік, теңдік, кеңесу, алуан түрлі өркениеттерді құрметтеу және ортақ дамуға ұмтылу» сынды «Шанхай рухын» ұстана отырып, сыртқы жағынан блоктарға қосылмау, басқа елдерді нысанаға алмау және аймақтар және ашықтық» сынды принципті ұстанатын, әлемдегі Біріккен Ұлттар Ұйымы, АСЕАН, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК, Халықаралық Қызыл Крест қоғамы, Еуразиялық экономикалық одақ және т.б. ұйымдармен өзара селбескен әрі беделі жағынан тең түсетін ұйымға айналды. Қазір ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында  әлем халқының 40 пайызы өмір сүріп жатыр. Олар әлемдік жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 20% құрайды және әлемдік мұнай қорының 20%-ын иеленеді.

 

 

Бұл ұйымның басты ұстанымдары да белгілі. Бұл туралы баяндама жасаған мемлекет басшылары бірауыздан бейбітшілік, татулық пен бірлік, ортақ даму сынды ұсыныстарын тағы да қайталап жатты. Мысалы Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Астана саммитінде сөйлеген сөзінде ШЫҰ-ның табысты тәжірибесін жан-жақты қорытындылап, ұйымға мүше елдердің басшыларымен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін ортаға салды. Саммит барысында Қытай Төрағасы ШЫҰ-ның болашақ дамуына күшті серпін беріп, Қытайдың аймақтық және әлемдік бейбітшілік пен дамудағы жауапкершілігін паш етіп, бірқатар бастамалар мен ұсыныстарды ортаға қойды.

– Тарихтың тоғысуы кезіндегі үлкен өзгеріске қалай төтеп беру – барлық тараптар кез болуы керек маңызды мәселе. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы құрылғаннан кейін 23 жыл өткен соң, мүше мемлекеттердің саны 10-ға жетті. «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының отбасы» үш құрлықтағы 26 мемлекетті қамтиды, серіктестері күннен-күнге артып, ынтымақтастықтың берік негізін қалады. Жаңа сапарға аттанған ШЫҰ қашанда тарихтың оң жағында, әділдік пен әділдіктің жағында болып, қалыптасқан жағдайға үн қосып, бірлік пен ынтымақтастықтың жаңа парағын ашты», – деді Қытай басшысы. 

Төраға Си Цзиньпин әлемдік дағдарыстар мен мүмкіндіктерді талдай келе «қырғи-қабақ соғыс» менталитетінің нақты қауіп-қатерлеріне қарсы тұруды ұсынды. «ШЫҰ-ның татулыққа негізделген бастамалары өркениеттер қақтығысы және нөлдік қосынды ойыны сияқты ескірген тұжырымдамалардан асып түседі. Мен барлық тараптарды ұзақ мерзімді көзқараспен қарауға, ШЫҰ даму бағытын бірлесіп тұрақтандыруға және ШЫҰ-ны сенімді тірекке айналдыруға, сол арқылы мүше мемлекеттердің ортақ өркендеуіне және жандануына қол жеткізуге шақырамын», – деді ол.

Қазақстан төраға болған жыл

1996 жылы негізі қаланып, 2001 жылы ресми түрде құрылған ұйымға мүше мемлекеттер кезекпен төрағалық етіп келе жатыр. 2023-2024 жыл төрағалық тізгінін ұстаған Қазақ елі, мәртебелі ұйымға осымен 4-рет жетекшілік етіп отыр. Мүшелердің кезекпен басқару ұстанымын ескерсек, ендігі төрағалық кезегі шамамен 10 жылдан соң қайта келуі мүмкін.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының XXIII саммиті 2023 жылдың 4 шілдесінде Нью-Делиде онлайн форматта өтті. Белгілеме бойынша төрағалық Үндістаннан Қазақстанға берілді. Сол онлайн жиналыста сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның қызметі мен бағдары туралы бірқатар мәселелерді ортаға салғаны есімізде.

– Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының халықаралық беделі жоғары. Бүгінде табысты әрі көпжақты ұйымға айналды, – деп сөз бастаған Президент оның әлеуеті туралы тоқталып еді.

«Саяси ықпалы зор, экономикалық мүмкіндігі мол және орасан зор адам ресурсына ие ШЫҰ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адамзаттың заманауи сын-қатерлерін еңсеруге елеулі үлес қоса алатынына сенімдімін. Жаһандық тәртіпті түбегейлі трансформациялау жағдайында бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленістің, сауда және санкциялық соғыстардың, сондай-ақ басқа да заманауи сын-қатерлердің күшейе түскеніне куә болып отырмыз. Халықаралық құқық негіздері мен оның маңызды қағидатының, яғни теңдей, бірлескен, бөлінбейтін, кешенді және тұрақты қауіпсіздіктің бұзылуы қалыпты жағдайға айналды. Осыған байланысты біз БҰҰ-ның орталық және үйлестіруші рөліне арқа сүйеп, анағұрлым байсалды, демократиялық және көпполярлы әлемді қалыптастыру бағытынан айнымауымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақ елінің басшысы онан ары қарай ұйым қызметін жетілдіру үшін нақты ұсыныстарын жеткізіп, ұйымға мүше барлық мемлекет үшін стратегиялық мәні бар басымдықтарға тоқталды.

– Бірінші. ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Ұйымды құрған кезде біз XXI ғасырда туындайтын проблемалардың шешімін бірлесіп іздеу жөнінде уағдаластық. Қазіргі кезеңде Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси қайшылыққа жол бермеу біздің елдеріміздің ең басты міндетіне айналуға тиіс. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы әлемдік қоғамдастыққа қауіпсіз әлем туралы өз ұстанымын ұсына алады әрі ұсынуға тиіс. Сондықтан Қазақстан өзінің төрағалығы барысында «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтереді. Бұл ауқымды құжатта сенім шараларын нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау қағидаттарының негізі қаланады. Бұл бастаманы қолдау біздің ортақ мүддемізге сай екеніне сенімдімін. Сонымен қатар біздің төрағалығымыз кезінде «үш зұлым күшке», трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беріледі.

 

 

Екінші, географиялық тұрғыда мемлекеттердің байланысы, көлік-транзит әлеуеті, нарықтың ауқымдылығы мен экономикалардың бірін-бірі толықтыруы ШЫҰ-ның басымдығы саналады. Осыған қарамастан, ШЫҰ аясында 20 жылдан астам уақыттан бері бірде-бір ірі экономикалық жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады. Жобаны қаржылық қолдау механизмдерінің болмауы – мұның айқын факторы. Осыған байланысты Үкіметтер басшыларының кеңесіне бірлескен Инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды тапсыруды және осы маңызды жоба бойынша ұсыныстар айтуды ұсынамын. Әлемдегі қаржы институттарының үздік тәжірибелерін меңгерген «Астана» халықаралық қаржы орталығы ШЫҰ-ның аймақтық жобаларына тікелей және портфельді инвестиция құюды ынталандыру үшін тиімді платформа бола алады. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының экономикалық күн тәртібінде өзара сауда айналымын арттыру, сауда кедергілерін жою, бірлескен кәсіпорындар ашу үшін қолайлы жағдай жасау секілді міндеттерге баса мән берілуі қажет деп санаймыз. Ұйымның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін «ШЫҰ-ның экономикалық преференциялары» базасын бірлесіп жасақтауға болар еді», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы өз баяндамасында ары қарай ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясы, цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесі, экология саласындағы өзара байланыстарды нығайту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды, туризм саласын дамыту қатарлы нақты мәселелерді алға қойған еді.

Қазақ елінің басшысы кезекті саммитте сөйлеген сөзін ақтап шықты. Оған дәлел жетерлік. Қазақстан төраға болған бір жыл ішінде 150-ден астам іс-шараны өткізген екен. Солардың арасында ШЫҰ-ның ірі стратегиялық порттары мен логистикалық орталықтарының серіктестік желісін құру жөніндегі бастамасы алғашқы қадамда жүзеге асты. Астана саммиті қарсаңында 4 шілде күні Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев телекөпір арқылы  Құрық портындағы жүк паромдарының қозғалысын іске қосты. ШЫҰ-ның Технопарктер мен инновациялық кластерлер альянсы құрылды, оған Астана халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі енді. Бұл бағыттағы нақты қадам 2024 жылғы 1 ақпанда Алматыда өткен алғашқы Цифрлық форум болды. Ал мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмді дамыту бағытында Қазақстан нақты қадамдарға жол ашты. Сол негізде Үндістан, Иран және Қытай азаматтарының Қазақстанға келуіне қолайлылық тудыру үшін визасыз режим енгізілді. 2023 жылы Алматы қаласы ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы болып жарияланды. 2024 жылдың сәуірінде Түркістан қаласында «Алтын Орда және оның мұрасы» атты халықаралық конференциясы өтті. Бұдан бөлек энергетика, экология саласында да өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған көптеген құжаттарға қол қойылды.

Қазақстан төрағалық еткен 2023 жылы аталмыш ұйымның қызметінде көрнекті де қомақты ілгерілеушіліктер болғанын саясаттанушылардың көбі мойындап жатыр. Ал Астана саммитінің ауқымы оның халықаралық аренадағы беделін асқақтата түскендей болды. Қазақ елінің астанасында алғаш рет ««ШЫҰ+» форматында саммит өтті. Оған бақылаушы және серіктес елдер саналатын Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстан қатарлы 16 мемлекеттің басшылары мен лауазымды тұлғалары келіп қатысты. Бұлардың ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериштің Астана саммитіне арнайы келуі Қазақстанның жаһандық бастамаларына деген үлкен қолдау еді!

Астана саммитіне әлем назар аударды

Біз бұл мақаламызда қабылданған құжаттар мен баяндамалар туралы арнайы тоқталып отырмадық. Тек ШЫҰ-ның мақсаты, даму беталысы мен Қазақстан төрағалық еткен кезде жүзеге асқан бірқатар жұмыстарды баяндап өтуді жөн көрдік. Енді әлемдік БАҚ-тарға бірнеше күн басты жаңалық, саясаттанушыларға «азық» болған Астана саммиті туралы оқшау ойлар мен пікірлерге тоқтала кетуді жөн көрдік.

Астана саммитіне алыс-жақын шетелдерден 1000-ға тарта журналист келіп қатысып, хабар таратқандығы айтылды. Солардың ішінде ұйымға мүше мемлекеттердің БАҚ-тары негізінен ШЫҰ-ның жақсы бағытпен дамып келе жатқандығына назар аударған екен. Ал батыстағы кейбір «азулы» басылымдар бұл саммит туралы сыни көзқарастарын жасырмапты. 

«Нью-Йорк таймс» газетінің сайтында (https://cn.nytimes.co) 4 шілде күні Кейт Брэдшер мен Анатолий Курманаев (KEITH BRADSHER, ANATOLY KURMANAEV) атты авторлардың «Қытай мен Ресейдің Орталық Азияда бәсекелестігі мен ынтымақтастығы» (How China and Russia Compete, and Cooperate, in Central Asia) атты мақаласы жарық көрді. Мақала авторлары «Ресей Украинадағы ұзаққа созылған соғыста және Қытайдан келетін жеткізілімге барған сайын тәуелді болғандықтан, Бейжің бір кездері Кремльдің ықпал ету аясына енген Орталық Азияға өз ықпалын жылдам кеңейтуде. Ал Ресей бұған қарсы күресіп жатыр. Қытайдың аймақтағы өрлеуі осы аптада Орталық Азия елдерінің басшылары Астанада қытайлық және ресейлік әріптестерімен кездескен кезде айқын көрінді. Өйткені бұл аймақта жаңа теміржол желілері мен басқа да инфрақұрылымдар салынып, сауда мен инвестиция артып келеді», – деп бастайды. Онан ары «Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы – Бейжің үстемдік ететін аймақтық ұйым. Форум ең алдымен қауіпсіздік мәселелеріне арналған еді. Бірақ ұйымның мүшелігі кеңейген сайын, Қытай мен Ресей оны АҚШ жетекшілік ететін жаһандық тәртіпті қайта құрғысы келетін амбицияларын көрсету үшін платформа ретінде пайдаланып келеді. Қытай Орталық Азиядағы экономикалық ықпалын кеңейтіп жатқанымен, Ресей ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы тепе-теңдікті өз пайдасына өзгертуге тырысқандықтан, ол әлі де дипломатиялық қиындықтармен бетпе-бет келеді», – деп болжапты. Ал Беларусьтың ұйымға ресми мүшелікке өтуін «Кремль үшін шағын дипломатиялық жеңіс» ретінде бағалаған. «Бейжің үшін үлкен сәтсіздік – Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің биылғы саммитке келмеуі. Моди келесі аптада Мәскеуге Путинмен келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр», – дей отырып, Қытай мен Ресейдің Үндістан мен Пәкістанға деген жеке-жеке қолдауларына тоқтала келіп, ұйым шеңберінде әлі де болса Қытай мен Ресейдің халықаралық ықпал күш төңірегіндегі бәсекесіне тоқталып өтіпті.

«Алайда кеңірек тұрғыдан алғанда, Ресейдің ШЫҰ-ға мүше болуы аймақтың Қытайға деген ымырасыз икемділігіне қарсы тұру үшін негізінен қорғаныстық қадам болып табылады. Путин Батыстың санкциялары жағдайында экономика мен әскери өндірісті қолдау үшін Қытайға қатты сүйенеді және жылдар бойы оның үкіметі Бейжіңнің Орталық Азиядағы бұрынғы кеңестік республикалармен өсіп келе жатқан байланыстарын мойындады. Ресей мен Қытайдың экономикалық қуаты арасындағы үлкен алшақтық Кремльге Орталық Азиядағы тікелей бәсекелестікке жол бермейді. Керісінше, Кремль өзінің ұлттық мүдделері үшін маңызды мәселелерде, соның ішінде Астана саммиті сияқты негізінен символдық іс-шараларға қатысу арқылы Ресейдің бұрынғы спутниктеріне ықпал ету деңгейін сақтауға тырысады. 

 

 

Мақала авторлары Индиана университетінің Орталық Азия зерттеулерінің құрметті профессоры Уильям Фирманның пікіріне тоқтала кетіпті. Оның айтуынша, «Қытай Орталық Азия жұртшылығының назарында өзінің көп халқы мен иммиграциясын пайдаланып, халқы аз аймақты басып алуды көздейді деген терең алаңдаушылықпен бетпе-бет келеді. Кеңес Үкіметі мұндай күдіктерді ондаған жылдар бойы өршітіп келді, тіпті тәуелсіздіктен кейін туылған жас ұрпақтар да қазір қалың қытайдан қауіптенетін сияқты», – деген. 

Әлемдегі ақпарат алпауыттарының бірі BBC агенттігінің сайтында Астана саммиті қарсаңында Джереми Хоуэллдың (Jeremy Howell) «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Астана саммиті: ШЫҰ-ның әлемдік аренадағы маңызы қаншалықты?» атты мақаласы жарық көрді. «Ұйым мүшелерінің арасында батыс елдеріне қарсы мемлекеттер болғандықтан, Батыс бұған күмәнмен қарайды. Бірақ оның әлемдік аренадағы маңызы қаншалықты?» деп бастаған автор, онан ары сарапшылардың аталмыш ұйымға деген бағасы мен болжамдарын келтірген. «ШЫҰ-ны құрудағы басты мақсаттардың бірі – терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресу» деген сөзіне іле-шала Британдық дипломатиялық сараптама орталығының (Chatham House) қызметкері Аннетт Бордың: «Бұл негізінен Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағындағы сепаратистік күштерге қатысты алаңдаушылықпен байланысты», – деген уәжін қоса келтіріпті. Осы ойын онан ары сабақтай түскен автор аталмыш ұйымның қызметінде Қытайдың ойы «Шығыс Түркістан мемлекетін» құруды аңсаған ұйғырларды ОА аймағында қолдаушыларынан айыру екендігін айтқан.

Джереми Хоуэлл мақаласында бұдан ары саясаттанушы Доктор Култердің пікірлеріне тоқталыпты. Онда Култер «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – тек символдық мәні бар ұйым» деп бағалапты.

«Қытай ШЫҰ-ны «өркениетті диалогқа» негізделген, батыстың үстемдік ететін әлемдік тәртіпті жаңа тәртіппен алмастыру идеясын ілгерілету үшін платформа ретінде пайдаланады», – деген. Бұған қоса «ШЫҰ-ның көлемі мен оған мүше мемлекеттердің күш-қуатына қарамастан, ол қазірге дейін ешқандай үлкен жетістіктерге жете алмаған салыстырмалы түрде еркін ұйым», – деген. 

«ШЫҰ жаңа, батыстық емес мега-ұйым ретінде бағаланады», бірақ оның нақты ықпалы оның бөліктерінің жиынтығынан аз. Оған мүше мемлекеттер арасында ынтымақтастыққа, мүмкіндіктерді бөлісуге және үлкен нәтижелерге қол жеткізуге сенім жеткіліксіз», – дей келіп: «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының әлемдік саясаттағы үлкен күшке айналуына алаңдамаймын», – деген екен.

Бұдан өзге пікір білдірушілер ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ішінара келіспеушіліктердің салдарынан ШЫҰ-ның әлемдік саясатта аса беделді, ынтымағы жарасқан, батыспен тайталаса алатын үлкен ұйымға айнала алмайтындығына мысалдар келтірген. Онда Пәкістан мен Үндістан және Қытай мен Үндістан арасындағы салқын қатынастардың жуық арада оңала қоймайтындығына баса назар аударған. Дегенмен оның экономикалық қуатының өсе беретіндігіне, әрі Қытайдың ШЫҰ шеңберінде экономикалық ықпалының арта беретіндігіне шек келтірмепті.

 

 

10.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 30
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 57
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 21
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 26
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 31
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 27
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 57
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 57
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 261
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 257
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 878

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8954
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8350
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11575
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9332
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10560