Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Самұрық Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғановпен кездесті.
Кездесу барысында облыс әкімдігі мен «Самұрық Қазына» қоры әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестікті дамыту саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
— Бүгін ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум мен онда қарастырылған барлық шаралар облыстағы кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың жағдайларын жақсартуға бағытталған. Аталған келісімнің өз деңгейінде жүзеге асырылуына жергілікті атқарушы органдар тікелей мүдделі, — деді облыс әкімі.
Меморандумға сәйкес, «Самұрық-Қазына» АҚ әкімдікке, жұмыс берушілердің бірлестіктеріне және өңірдің ірі өндірістік компанияларының өкілдеріне, сондай-ақ кәсіподақтарға «әлеуметтік тұрақтылық индексін» айқындау жөніндегі тәжірибені таратуға жәрдем көрсетеді.Сондай-ақ қордың портфелдік компанияларымен уағдаластыққа сәйкес кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары мен келісім комиссияларының өкілдері үшін «Кәсіподақ белсенділерінің корпоративтік мектебі» жобасы аясында, оның ішінде коммерциялық негіздегі өтінім бойынша олардың қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында оқыту семинарларын өткізеді.
Бұдан басқа, Ақтөбе облысының аумағында Қордың портфельдік компанияларында туындайтын әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық даулы мәселелер Қор өкілдерінің қатысуымен реттелетін болады.
Өз кезегінде тығыз ынтымақтастық қарым-қатынасқа дайын екендігін жеткізген Ғибрат Ауғанов:
— 2017-2022 жылдар аралығында Ақтөбе облысында көптеген әлеуметтік жобаларымызды жүзеге асырдық. Ол үшін 1 миллиард 700 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да бірге жүзеге асыруға дайынбыз. Биыл да бірқатар жобаларымыз бар. Әкімдік пен үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен түрде іске асырамыз, — деді.