Сана өзгермей, өмір өзгермейді

Сана өзгермей, өмір  өзгермейді

«Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады»

Әлихан Бөкейханов

Бүгіннен бастап «Qazaqstan dauiri» газеті өмір талабына байланысты өз оқушыларына арнап «Сана өзгермей, өмір өзгермейді» деген атпен (айдармен) тұрақты шығатын жаңа бет ұсынады. Газеттің алдына қойып отырған негізгі мақсаты – ұлтымыздың  келешегі тәуелсіз «Жаңа Қазақстанды» құруға өз үлесін  қосу. Ескі, бұрыннан қалыптасып қалған қоғамдық сана өзгермей, халықтың үніне құлақ аспай, тек кімнің қолында билік болса, соның айтқаны «ақиқат» деп үйренген санаға сүйену ешқашан өзгеріс әкелмейді. Кеңес тоталитарлық дәуірінен қалған ескі қоғамдық сана ауыспай, жаңа қоғам құру деген негізі жоқ бос қиял екенін отыз жыл өткен өмір растап отыр. Елімізде халықтың мүддесін сөз бен уәде берумен емес, нағыз іскерлікпен ғылыми жол негізінде қоғамдық сананы өзгертіп қана, шын    демократиялық әділдік пен теңдікті сақтайтын қоғамдық сана қалыптастыру мүмкін. Қоғамдық сананы билік, саясаткерлер мен саясаттанушылар қалыптастырмайды. Оны зиялы қауым, озық ойлы философтар, ақындар, жазушылар, ұстаздар, тарихшылар, мәдениет пен өнер саласы қайраткерлері және ел ішіндегі қарапайым халық даналығын ұстанған қадірлі ақсақалдар қалыптастырады. Ел жаңаратын жаңа қоғамдық сана қалыптастыру өте ауыр жол. Бірақ бізге одан басқа жол жоқ. Қоғамдық сана ешбір заңмен, жарлықпен, не болмаса шаралар өткізумен өзгермейді. Қоғамдық сана еліміздің әр азаматының өмірдегі мүддесінің қорғалуына байланысты қалыптасады. Билік халықтың сеніміне ие болу үшін оның ұсыныстары мен талабын ұғып, қабылдауды үйренуі керек. Қандайда болмасын мемлекеттің өміршеңдігі өз халқының бірлігі мен ерікті ұйысуына байланысты болады. Елімізде адамдардың саналары өзгеріп, мемлекетқұрушы халықтың менталитеті негізінде жаңа мемлекетшіл ұстанымы берік қалыптасқан қоғамдық сана қажет. Сондықтан қазіргі еліміздегі жағдайда барша халықтың бірлігін сақтау және сол халықтың күш-жігерін қажетті бір арнаға бағыттау ғана өзгеріске әкеледі. Осы мәселенің шешілуі тек халыққа байланысты болатынын естен шығармағанымыз абзал. Дүниежүзінің екінші ұстазы болған данышпан жерлесіміз әл-Фараби айтқандай «Адамға ең бірінші тәлім, тәрбие бермей, тек білім мен ғылым берсе, опатқа әкеледі» деген жолды ұстанып, ең алдымен адамдардың санасын қалыптастыратын тәрбие мәселесін маңызды мемлекеттік деңгейдегі сатыға көтеру қажет. Кешегі отыз жыл бойы тәрбиесі, тәлімі және тәжірибесі жоқ, тек тамыр-таныстықпен ғана жоғары билік сатысына көтеріліп өскендердің, жемқорлықпен баю жолын ұстанғандар тәрбиесінен саналары жағымпаздық пен көзбояушылыққа уланғандар болғандықтан, олар ешқашан өзгеріс әкелмейді. Жаңа қоғам, жаңа сана қалыптастыру үшін қарапайым халық та, биліктегілер де өздерінің өмірге деген көзқарастарына, іс-қимылдарына қатты талап қоюды үйрену керек. Әр азамат кемшілікті басқалардан іздемей, өзінің білімі мен берер тәлімінің, парасаттылығы  мен іскерлігінің деңгейіне өзі баға беріп, рухани өсу мен санасының жетілуіне мұқият көңіл бөлуді үйренуі абзал. Тәлім-тәрбие отбасынан басталады. Сананың қалыптасуына қоршаған орта, білім ошақтары және әлеуметтік жағдай мен қоғамдағы қарым-қатынасты реттеудегі  әділеттілік, теңдік және тіршіліктегі кездесетін сан түрлі қиыншылықтар ықпал етеді. Біз ешқандай жаңалық айтып отырғанымыз жоқ. Айтып отырған осы талаптар адамзаттың даму тарихында болған және әлі жалғаса береді. Әлемдегі адамзаттың рухани дамуының негізін салған шығыс пәлсапасы екені  белгілі. Біздің халқымыз талай ғасырлар  сол шығыс даналығымен саналарын жетілдіріп, рухани құндылықтар қалдырған. Сол жоғалтқан халқымыздың асыл құндылықтарын қазіргі өркениетпен және ғылымның даму ерекшелігімен толықтыра отырып ұлттық сана      қалыптастыруымыз қажет. Ұлттық құндылықтарды екшеп ғылыми сараптамаларға сүйене отырып пайдалану халықтың санасын жетілдіруге сіңімді болады. Әрбір нәрсені «мынау жаңалық» деп көшіре берудің пайдасынан зияны көп болады. Ел бірлігін, ұрпақтың келешегін ойласақ, адамның санасын улайтын рушылдықтан, әр кезде ел арасында жікшілдік тудыратын жершілдіктен және халықты  ірітетін «тәңіршілдік» пен діни фанатизмнен сақтану қажет. Әр  ұлттың рухани құндылығына қарсы келетін діни ұғымдар сананы  улайды, рухани құлдырауға әкеледі, ондай бағыт халықтың бірлігіне зиянды. Бағзы заманнан орын алып келе жатқан әке мен бала арасындағы қарым-қатынастардағы  туындайтын кейбір түсініспеушілікке тек жастарды кінәлау қылаң беріп жүр. Ал, ақиқатына келсек, кемшілік жастарда емес, кемшілік аға буын мен орта буындарда екені бұлтартпас шындық. Өйткені жас ұрпақ көргенінен үлгі алып өседі. Бірақ жастарға тәлім беретін, үлгі болатындай өмір жолы, парасаттылығы мен мәрттігі жастарды елітетін аға буын қариялар, орта буын ағалар неге аз? Олар қайда? Жастар алдыңғы  ата мен ағалар жүрген жолдан тәлім алатыны белгілі. Бабаларымыз: «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Мәселе ұрпақ тәрбиелеудегі кемшілікте. Қазір халқының құндылығынан сусындамаған, тек оқығанына сүйенетін кейбір аға буын да, орта буын да өз тәрбиесіндегі кемшілікті көрмей, ұлтының кейбір дәстүрлерін ойсыз көшірумен тәлім болатын өнегесі болмаса да,  атақ, мадағы бардан жасанды «ақсақалдар», «билер» шығарып жүргендерден ұрпақ тәрбиесіне келер пайдадан зияны көп болары да белгілі. «Ел іші – қазынаның кеніші» деген ғой, халық өзі қадірлейтін азаматтарды  көптеп тартып, ұрпақ тәрбиелеуде үлкен істер атқаруды ойлауымыз керек. Осы маңызды мәселені шешудің жолы тәрбиелік жұмысты аға буынды      айтпағанда орта буын өзінен бастауы керек. Бұл жерде ел келешегін ойлаған әр адам өзінің атағына, мансабына қарамай, өзіне қатал талап қоя отырып, өзін-өзі түзетіп, бағыт-ұстанымын нақтылап, өзін тәрбиелеуге ұмтылуы қажет. Бұл бір күннің жұмысы емес, «тамшы тас теседі» дегендей, шыдамдылықпен ұйысып, бір-бірімізді қолдап, пайдалы ойларымызбен бөлісіп, ақыл салып, енжарлықтан ажырап, ынтымақпен барлығымыз қолға алсақ, бітпейтін іс жоқ.

Біздің мақсатымыз ұлтымыздың тәуелсіз келешегін мәңгі сақтайтын, халқымыздың мүддесін қорғайтын жаңа қоғамдық сананы игерген ұрпақ тәрбиелеу екенін жария етеміз.

Ескерте кететін бір мәселе, бұл бетте біз пікірталас, айтыс-тартысты қолдамаймыз. Ондай әрекеттер ұлағатты, рухани тәрбие беретін істерден гөрі кейбір нақтылы қойылған мақсат, бағытты орындауға  ғана пайдалы екені аян. Біз пайдасыз сөзден гөрі ұтымды ойлармен бөліскенді қалаймыз.

16.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 174
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 169
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 679
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 799
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 713

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8868
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8263
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11491
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9247
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10474