Әдемілік және ыңғайлылық заңдарына сәйкес ғимараттармен құрылымдар және олардың кешенін (ансамблін, басқа қоныс орындарын) жасауда сәулет өнері өмір сүретін материалдық ортаны құруда үлкен роль атқарады. Адам өмір сүретін ортаның қалыптасуына табиғатпен қатар, қоғамның да қатысы бар. Ал ортаның сапалылығы, адамдардың денсаулығына және тұрмысына әсер ете отырып, қоғамның физикалық жағдайы мен көңіл-күйінің қалыптасуына әсер етеді.
Қоршаған ортаның, ауылдар мен қалалардағы зәулім үйлер мен ғимараттардың заманға сай талапқа лайықты бой көтеруі, олардың жалпы инфрақұрылымымен үйлесім табуы, ұлттық айшықта әсем болуы және оларды адам игілігіне пайдалану қазіргі уақытта ең қажетті мәселелердің бірі.
Сәулет өнерінің даму тарихы өндіріс күштерінің, өндіріс құралдарының және құрылыс техникасының тарихи дамуы мен тікелей байланысты. Әрине, қазіргі заманда сәулеттің тарихи дамуына ең бірінші әсер ететін жағдай мамандардың, яғни, сәулетшілердің даярлануы, олардың ғылыми деңгейінің өсуі болып саналады. Ал біздің елімізде сәулетші мамандарды даярлау сонау жылдары Қазақ политехникалық институты болып тұрған кезде қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық зерттеу техникалық университетінде басталған.
Ол 1961 жыл болатын. Сол жылы алғашқы талапкерлер қабылданды. Сол алғашқы талапкерлердің бірі сәулет өнері кандидаты, доцент Қараменді Төлеубек қазіргі кезде ТарӨУ-де кафедрада жұмыс істейді. Ал Жамбыл облысында 2002 жылы техника ғылымдарының докторы, құрылыс профессоры, сәулет өнері профессоры Оңдасын Әбдірашидұлы Исаковтың бастауымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ашылған. Ол өз ынтасымен Білім және ғылым министрлігіне Жамбыл облысына сәулет өнері мамандығының қажеттілігін дәлелдеген. Сол жылы ол облыстық «Aq jol» газетіне «Сәулет өнері – бірегей мамандық», «Знамя труда» газетіне «Архитектура уникальная специальность» атты мақалалар жариялаған.
2002-2003 оқу жылына университеттің қабылдау комиссиясына 8 талапкер құжат тапсырып, оның бесеуі оқуға түскен (төртеуі несие түріне, біреуі ақылы түріне). Сол жылы оқуға түскен білімгерлердің төртеуі университетті бітіріп шықты. Олардың қатарында Алшоразов Дидар Маханұлы ғылым магистрі, ТарӨУ-де кафедрада аға оқытушы қызметін атқарады, Бекжігітов Бағдат Төребекұлы ғылым магистрі, Алматыда Каспий қоғамдық университетінде директордың орынбасары. Содан бері жыл сайын жүзге жуық, жүзден аса соңғы жылы 175-ке жақын талапкерлер, (олардың 100-ден астамы грант, қалғаны ақылы оқу арқылы) оқуға түсті.
Суретте кафедра меңгерушісі т.ғ.к., доцент Кенжебай Төленұлы Султанаев ұжымның мүшелерімен дипломдық жобаның макеттерін талқылауда. Соңғы 10 жылда мамандарды даярлауда, кафедраның дамуы, потенциалының жоғарылауы осы кісінің басқаруымен байланысты.
ТарӨУ-дің Сәулет мамандығын бітірген бірқатар сәулетші мамандар Қазақстанның сәулетіне көп үлес қосуда. Олар: Бақытжан Жүнісбеков – Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасының орынбасары, Балғын Тұрлыбаева – ЖШС «Азия тур проект» директоры Тараз қаласында, Алтынай Тулешова – Астана қаласында ЖШС «BAI BARS» компаниясында директордың орынбасары, Ольга Ашурова – Шымкент қаласында ЖШС «Jer Group» жобаның бас сәулетшісі. Сонымен қатар облыстың көлемінде ЖШС-терінде және аудандарында сәулетші-жобалаушы болып қанша ТарӨУ-ді бітіруші түлектер еңбек етіп жатыр.
Білімгерлер оқу барысында әртүрлі конкурстарға қатысып жеңімпаз атануда. Олардың ең елеулілері: Бақтыбай Көмекбаев – Тараз қаласының жаңа логотипінің авторы, сәулет мамандығының 3-курс студенті. Студенттердің ғылыми-техникалық шығармашылықтарында қол жеткізген табыстары үшін 5-курс студенттері Мадина Қосақова, Мереке Кудериева, Айжан Тулебаева «Студент-зерттеуші» біліктілігін алған ғылыми жетекшілері Манат Ноғайбекова кафедраның аға оқытушысы, Алматы сәулет-құрылыс институтының түлегі.
Қазіргі уақытта «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасында 6В07317-«Тұрғын және қоғамдық үйлер сәулеті» және 6В07318- «Қалалық орта сәулеті» оқу бағдарламалары бойынша бакалавр сәулетші мамандар даярланады. 2021 жылы профессор О.Ә.Исаковтың кафедраға қайта оралып, бастауымен 7М07301-«Сәулет және заманға сай қалалық инфрақұрылым» оқу бағдарламасы бойынша 2 жылдық ғылыми педагогикалық бағыт бойынша және 7М07302-профиль бағыты бойынша 1 жылдық магистратура сәулетші мамандарды даярлауды бастады.
Кафедрада 1 ғылым докторы, сәулет өнері профессоры, 1 сәулет өнері кандидаты, доцент, 6 ғылым кандидаты, доцент, 5 ғылым магистрі, 2 аға оқытушы PhD-докторантурасын бітіріп диссертацияларын қорғауға дайын отыр, 2 аға оқытушы PhD докторантурасына Сәулет мамандығы бойынша түсті және екі Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, бір Қазақстанның Құрметті сәулетшісі еңбек етеді.