БАСҚА – БАСҚА, СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНЕ НЕ КӨРІНГЕН?!

БАСҚА – БАСҚА, СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНЕ НЕ КӨРІНГЕН?!
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрі
Е.Б. Көшербаев мырзаға!
Құрметті Ермек Беделбайұлы!
Мен Сізддің атыңызға арнайы хат жазып, Атажұртына көшіп келіп, осы жылдың ақпан айынан бері қатаң атқарыла бастаған «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы бірлескен бұйрықтың кесірінен Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай отырған 430 этникалық қазақ отбасының тізімін жолдап отырмын.
Құрметті Ермек Беделбайұлы!
430 отбасы – аз сан емес, мың немесе одан да көп адам!
Бұл – менің қолыма түскендері ғана.
Ал, пилоттық жобаның кесірінен жалпы құжаттана алмай отырған қандастарымыздың саны бұдан әлдеқайда көп, тіпті екі-үш есе артық болуы мүмкін;
Тізімдікке қарап отырсақ, олардың біразы көпбалалы отбасылар екен;
Өздерінің айтуларына қарағанда, «Қандас» мәртебесін алып үлгіргендері де жетерлік көрінеді;
Бір бөлімі Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанғандар болып шықты;
​Жоғарыда айттым, соған қарамастан, ондай санаттағы отбасылар да құжаттана алмай, өңірлік квотаға қолы жетпей дағдарып отыр;
Біразының визасының, «Қандас» мәртебесінің және өзге де құжаттарының мерзімі өтіп кеткен;
Өздерін қоя тұрып, мектеп жасындағы балалына виза рәсімдете алмай жатқандары қаншама?!
Қысқасы, Сіздер келісім берген пилоттық жоба Атажұртына оралған этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫН шектеп тастады!
​Ал, үш министрлік қабылдаған бұл бірлескен бұйрыққа Сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті келісім берген...
Құрметті Ермек Беделбайұлы!
Әне, «Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан тиесілі, олар ажыратуға және айыруға болмайтын деп танылады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады.», - деп жаңа Конституцияның 15-бабында тайға басқан таңбадай ашық жазулы тұр!
Үнемі айтып келе жатырмын, бүгін тағы қайталаймын, шекара сыртында қалған қандастарымыздың тарихи Отана көшіп келуі, тұрғылықты жерін еркін таңдауы, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы – оларға тумысынан тиесілі құқықтар мен бостандықтар!
Сондай-ақ, Конституцияның 24-бабына сай, Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.
Оларды бұл Құдай берген, Заңмен бекітілген құқықтары мен бостандықтарынан ажыратуға және айыруға ешкімнің ешқашан хақысы жоқ!!!
Ал, көшіп келушілерді Үкімет белгілеген өңірлерге қонстандыру – мемлекеттік саясат!
Мемлекеттік саясат – адам құқығын шектемеуі тиіс!!
«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңының 20-бабының 5) тармағы арқылы 2023 жылы 19 сәуірде қойылған өңірлік шектеу мен осы пилоттық жоба – атажұртына оралған қандастарымыздың жоғарыда айтылған конституциялық құқықтары мен бостандықтарын тас-талқан етті.
Сөйтіп, Қазақстан мемлекетті заңмен емес, түсінікпен басқаратын Елге айналғандай әсер қалдырды.
Адам құқығын шектейтін мұндай жағдай Тәуелсіз Қазақстанның тарихында болмаған. Кешегі Сталин заманында болған!
Бұл – Заң үстемдік құрған Әділетті Қазақстан үшін ұят әрекет! Бұл – бір!
Екінші, Қазір «Заң мен Тәртіп!» қағидаты салтанат құрған заман!
Осы «Бірлескен бұйрықты» Сіздерге қабылдауға мәжбүр еткен ықпалды адамдар ойлауы мүмкін, «Қандастар туралы Президентке жағымсыз ақпарат беріп, осылай пиоттық жоба қабылдатып, Атажұртына оралған этникалық қазақтардың құжаттану процессін барынша қиындатсақ, Ұлы көш тоқтайды...»,-деп!
Қатты қателеседі!!
Бұл – барып тұрған ақымақтық және шектен шыққандық!!!
Ұлы көш мәңгі тоқтамайды!!!
Салық Зиманов сынды пайғамбар текті аталарымыз бастап, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қостап, шекара сыртында қалған этникалық қазақтардың тағдырын Тәуелсіз Қазақстанның мойнына артып, олардың құқықтық және әлеуметтік мәселесін Тәуелсіздіктің бірінші күні мәңгілікке шегелеп тұрып шешіп қойған болатын!
Сенбесеңіздер, қараңыздар:
«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының (1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған) 7-бабында: «Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын Республика территориясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердiң азаматтығымен бiрге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу хұқы танылады.»,-деп жазылған!
Аталған Конституциялық Заңда тағы: «Қазақстан Республикасы көшi-қон процестерiн реттеп отырады. Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде Республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды.» және «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды.», - деген қасиетті нормалар бар!
Конституцияны, конституциялық заңдар мен заңдарды жылына емес, айына емес, аптасына, тіпті күніне өзгерте беруге болады.
Ал, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы (1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған) ешқашан өзгермейді!
Ол – Мәңгілік Елімізбен бірге мәңгі жасайтын Заң!
Керек болса, 18-бабында жазулы тұр, жаңа Конституцияның өзі «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы» декларация мен осы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының негізінде жасалады!
Сол үшін де бұл Конституциялық Заңның орны бөлең, ролы зор!
Мен жоғарыда «Қазір «Заң мен Тәртіп!» қағидаты салтанат құрған заман!» деген сөзді босқа айтып отырған жоқпын. Ата Заңның маңдайында жарқырап тұрған «Заң мен Тәртіп!» қағидатының нағыз жұмыс істейтін жері – дәл осы тұс еді!!!
Өкінішке орай, қазір «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының бұл нормаларының біреуі орындалып жатқан жоқ!
Керісінше, міне, алты айдың жүзі болды, «Бірлескен бұйрық» арқылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Заңның 7- және 8-баптары өрескел бұзылып, Атажұртына оралған қандастарымыздың құқығы шектеліп жатыр!
​Президентіміздің «Заң мен Тәртіп!» деген қасиетті қағидаты жаңа Конституциядан көрініс таппай жатып, желге ұшуда...
Егер, осы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Заңның осы өлшеміне салсақ, бірлескен бұйрық арқылы Атажұртына оралған этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын шектеу – бұл – Мемлекеттің тәуелсіздігіне қасақана қарсы жасалған аса ауыр қылмыс болып есептеледі!!!
Құрметті Ермек Беделбайұлы!
Демек, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығы, анау-мынау емес, мемлекеттің Тәуелсіздігін бекіткен; Конституциядан бұрын қабылданған; керек болса, жаңа Конституцияның өзін қабылдауға негіз болатын «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңымен (1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған) Тәуелсіздіктің бірінші күні бекітілген.
Соған қарамастан, Атажұртына оралған қазақтардың осынау конституциялық заңмен бекітілген азаматтық алу құқығын шектейтін мұндай берлескен бұйрыққа, басқа-басқа, Сыртқы істер министрлігі қалай және не үшін КЕЛІСІМ берген?!
Әлде, Сыртқы істер министрлігі «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын (1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған) атқармай ма?!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Заң мен Тәртіп қағидаты қайда?!!
Әйтпесе, Сыртқы істер министрлігінде бір ЖІБІ ТҮЗУ ЗАҢГЕР жоқ па?!
Сізден осы төрт сұраққа, себебін көрсете отырып, нақты жауап беруіңізді сұраймын!!!
Ескерту: 430 отбасының тізімі қоса тіркелді.
Құрметпен,
Ауыт МҰҚИБЕК,
«Ерен еңбегі үшін» медальының,
«Құрмет» орденінің иегері.
07.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бұл құрылтайда кәсібилік  болмаса, бәрі бекер...
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 06.08.2026 183
Талғарда   тоғызқұмалақтың   үздіктері анықталды
Ә.ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 06.08.2026 132
Маңызды жобалар басталды
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 06.08.2026 137

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26774
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26203
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43597
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39374
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43992