САХНАДАҒЫ СИҚЫР МЕН КІТАП РУХЫ

САХНАДАҒЫ СИҚЫР МЕН КІТАП РУХЫ

Мемлекеттік қуыршақ театры үшін 89-шы театр маусымы ерекше сәттерге толы болуда. Театр ұжымы бүлдіршіндерге арнап тың идеялармен толысқан, тәрбиелік мәні зор, көркемдік деңгейі жоғары «Жұлдызды қуыршақтар», «Қар ханшайымы» (реж.: Г.Лайко), «Наурыз құпиясы» (реж.: Ш.Құлназаров)  қойылымдарын сахналап, жас көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Әр спектакль – кішкентай көрермен үшін жаңа бір әлем, қиял мен шындықтың арасына салынған көпір іспетті.

Театр репертуары соңғы уақытта бала санасына ұлттық құндылықтарды сіңіретін, адамгершілік пен достық, еңбек пен әділеттілік секілді асыл қасиеттерді ұғындыратын туындылармен толығып келеді. Бұл қойылымдар баланың ой-санасын жетілдіріп, эстетикалық талғамын қалыптастыратыны анық.

23 сәуір – Ұлттық кітап күні қарсаңында өнер ордасы алматылық көрермен назарына «Орман ғажайыптары» ертегісінің премьерасын ұсынды. Қойылым әлемге әйгілі неміс жазушысы Отфрид Пройслердің балалар әдебиетіндегі жауһары саналатын «Кішкентай сиқыршы» повесінің желісімен сахналанды. Балалар әдебиетінің алтын қорынан орын алған бұл шығарма – жақсылық пен зұлымдық, батылдық пен мейірім, адалдық пен ізгілік тақырыптарын қозғайтын ойлы туынды. Ертегі кейіпкерлерінің сахнаға шығуы – кітапқа деген сүйіспеншілікті жаңа деңгейге көтерудің жарқын үлгісі болды.

Спектакльдің режиссері – еліміздегі қуыршақ театр режиссурасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген, ерекше дарынымен танылған талантты өнер иесі Антон Зайцев. Оның шығармашылық жетекшілігімен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуары ересектерге арналған «Ана жүрегі», «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай», бүлдіршіндерге арналған «Үйшік», «Бауырсақ», «Қасқыр мен жеті лақ», т.б. қойылымдарымен жаңа тыныс алып, заманауи режиссерлік шешімдер мен тың шығармашылық бағыттар арқылы жаңаша түрленіп, өзгеше лепке ие болды.

Антон Зайцев, режиссер: «Бұл – қалыптасқан архетиптерді жеңіп, саналы түрде жақсылықты таңдаған кішкентай қыз жайлы оқиға. Бұл – архетиптік жағдай: бүкіл әлем сені жамандыққа итермелейді, ал сен болсаң, кішкентай ғана адам бола тұра, кенет орныңнан тұрып, жарық жаққа өтесің. Сен бәрін өзгерте алатын сол бір кішкентай адам бола аласың.

Балаға осыны айтып, оған тіпті өзі де надандыққа, үлкен буынның ескірген көзқарастарына, тирандардың қатал заңдарына, мағынасыз әрі әділетсіз көрінетін дүниелерге қарсы тұра алатынын, сонымен қатар мейірімді болып қалып, жақсы істер жасай алатынын көрсету – мен үшін шын мәнінде үлкен іс».

  Қуыршақ театры сахнасындағы әр бейне, әр кейіпкер – бүлдіршіндердің жан дүниесіне жол тартқан шынайы дос. Әр қойылымнан кейін кішкентай көрермендердің жүзінен шаттықты, ал ата-аналардың көзі мен сөзінен ризашылықты көруге болады. Бұл – театр ұжымының еңбегінің, шығармашылық ізденісінің, көрерменге деген шынайы ықыласының жемісі.

Жаңа қойылымда 20-ға жуық түрлі қуыршақ түрі сахна төрінен орын алады. Көрермен қауым планшетті, тросты, бойлы, марионетка сынды сан алуан қуыршақ түрлерінің сиқырлы әлеміне еніп, әрбір кейіпкердің болмысы мен мінезіне терең үңілуге мүмкіндік алады. Әр қуыршақтың өзіндік пластикасы мен бейнелік шешімі арқылы спектакль көркемдік тұрғыдан байып, көрерменге ерекше эстетикалық әсер сыйлайды.

Сахна кеңістігі құпияға толы кітапхана атмосферасын бейнелейтін қою әрі терең реңктермен көмкерілген. Үлкенді-кішілі кітаптар, иілген ағаштар мен көлеңкелі силуэттер арқылы көрермен бір сәтте ертегі мен жұмбаққа толы ормандағы кітапхананың ішіне тап болғандай күй кешеді. Әсіресе, готикалық архитектура элементтерін еске түсіретін күрделі өрнектер, үшкір күмбездер мен терезе тәріздес композициялар сахнада ерекше эстетикалық мән береді.

Жарықтың динамикалық шешімдері қойылым атмосферасын одан әрі тереңдете түседі. Суық көгілдір және қою жасыл реңктер бірде жұмсақ, бірде өткір етіп берілу арқылы сахнадағы оқиғалар ағынын дәл жеткізеді. Ал жарық пен көлеңкенің ойыны кейіпкерлердің мінезін ашып, көрерменнің эмоционалды күйіне әсер етті.

Түстер палитрасы да ерекше талғаммен таңдалған: табиғи, бірақ сәл бұлыңғыр реңктер арқылы кітапхананың тылсым табиғаты мен кейіпкерлер әлемі үйлесім табады. Әрбір деталь – декорациядан бастап, жарық пен түске дейін – тұтас композицияға айналып, «Орман ғажайыптарының» сахналық бейнесін толықтырып тұрды. Бұл қойылымның сценографиялық шешімі көрерменнің қиялын шарықтатып, сахна мен зал арасындағы шекараны жойып, шынайы ертегі әлеміне жетелейді.

Спектакльдің сахналық суретшісі – Ақтөбе облыстық қуыршақ театрының директоры, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, халықаралық және республикалық қуыршақ театр фестивальдерінің бірнеше мәрте «Үздік суретші» номинациясы бойынша жеңімпазы Әсия Құрманалина.

Әсия Құрманалина, суретші-сценограф: «Артта қанша спектакль болса да, әр жаңа қойылым – тың ізденістің бастауы. Бәрі де ақ парақтан басталады. Жұмыс үстеліне жайғасып, қолыңа қарындаш аласың – сол сәтте өзің де ақ параққа айналғандай күй кешесің. Ақыл да, жүрек те тазарады. Тек сондай сәтте ғана нағыз шығармашылық ізденіс басталады. Қуыршақ театрында актер мен қуыршақтың үндестігі ерекше маңызды. Бұл – нәзік үндестік. Актер қуыршақтың жолын бөгемеуі керек, ал қуыршақ – актердің әрекетіне кедергі болмауы тиіс. Екеуі де сахнада бір деммен жұмыс істеуі керек. Сонда ғана қуыршақ көрермен көз алдында «тіріліп», сахнада шынайы сиқыр пайда болады.

Бұл – кеңістікті терең сезінуді, ұсақ-түйекке дейін мән беруді, ішкі үйлесімділікті талап ететін еңбек. Мүмкін сол себепті де әрбір жаңа қойылым – ақ парақтан басталатын жеке бір өмір секілді.

Біз Антон Зайцев екеуіміздің арамызда ерекше бір байланыс бар – тіпті туыстық, рухани үндестік десем де болады. Біз материалды бірге таңдаймыз, идеяларды талқылаймыз, ал мен сол сәтте-ақ шабыттанып, бірден бірдеңе жасап, ойлап тапқым келеді. Мұндай шығармашылық тандемде болу – нағыз бақыт. Және мен тағы бір маңызды нәрсені айтқым келеді: қуыршақ театры тек режиссёр мен суретшіден тұрмайды. Бұл – тұтас команда. Бұл – актер-қуыршақ жүргізушілер, дыбыс режиссёрлері, жарық қоюшылар, цех қызметкерлері, әкімгерлер және тағы басқалар. Әрбір адам маңызды. Себебі тек бәріміз бірге ғана көрермен сенетін, шынайы әрі сиқырға толы әлемді құра аламыз».

«Орман ғажайыптары» қойылымының оқиға желісі көне кітапхана ішінде өрбиді. Бір қарағанда шаң басқан, ұмыт қалған томдар... Алайда дәл осы тыныш әрі тылсым кеңістікте шексіз қиялға жол ашатын сиқырлы әлем басталады. Бұл жай ғана оқиға емес – бұл ертегілер әлеміне ашылған есік, әр парағы жұмбақ пен ғажайыпқа толы кітаптардың әлеміне саяхат. Қойылымның басты идеяларының бірі – балаларды кітап оқуға баулу, олардың бойында оқу мәдениетіне деген қызығушылықты ояту. Сахнадағы оқиғалар арқылы кітаптың тек қағаз бен әріптер жиынтығы емес, нағыз тірі кейіпкерлерге толы сиқырлы дүние екенін көрсету көзделген.

Әрбір кітап – жаңа оқиға, әрбір бет – жаңа әлем. Бұл қойылым арқылы бала көрермен кітапқа басқа көзбен қарай бастайды: ол енді ауыр міндет емес, қайта достыққа, қиялға, еркіндікке апарар жол. Ескі кітапхана сиқырмен тыныстап, бүлдіршіндерге нағыз оқырман болудың, ізденістің, армандаудың ләззатын ұсынады. Сөйтіп, қойылым тек сахналық әсермен ғана емес, тәрбиелік мазмұнымен де ерекшеленіп, балалар жүрегіне жол табады.

Алмат Амангелді, Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры: «Ұлттық кітап күні – бұл рухани байлыққа бас иетін, әдебиеттің құдіретін дәріптейтін ерекше күн. Мемлекеттік қуыршақ театры бұл мерекені кітап пен театр арасындағы алтын көпірді жалғау арқылы атап өтуді жөн көрді. Қойылым барысын тамашалай отырып, көрермен тек ертегі әлеміне сапар шекпейді – ол кітаптың шынайы құндылығын, парақ арасындағы ғажайып өмірді сезінеді. Қойылымның түпкі мақсаты – жас көрерменге кітаптың сиқырлы күшін сезіндіру, оларды оқуға баулу. Бұл – өте маңызды тәрбие. Өйткені қазіргі сандық заманда кітаптың рухани маңызын бала бойына сіңіру оңай шаруа емес. Ал қуыршақ театрының бейнелі тілі, көркем бейнелер арқылы осы идея жүрекке тез жетеді. Әсіресе бүлдіршіндер үшін кітап енді жай қағаз емес, өмірді өзгертетін, ойландыратын, армандататын тірі әлемге айналады».

Мемлекеттік қуыршақ театры кішкентай көрермендерінің алғашқы театр әлемімен танысу сәтін ерекше әсерге бөлеп, болашақ ұрпақтың өнерге деген сүйіспеншілігін оятуға үлкен үлес қосып келеді. Әрбір маусымда жаңа қойылымдармен қуанта отырып, театр балалардың балалық шағының жарқын естелігіне айналатыны сөзсіз.

 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

 

24.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 5400
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 5556
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 20524
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 19155
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 22615