СЕКСЕУІЛГЕ ТАМЫР БОЛДЫҚ ҚҰМДАҒЫ

СЕКСЕУІЛГЕ ТАМЫР БОЛДЫҚ ҚҰМДАҒЫ

Қанатымның қауырсынын жұлып ап, жөргек қылып төсейін бе жаныңа?

Кірпігіңнің саясынан бақ іздеп, кетсем екен сенің сіңіп қаныңа.

Мен шағылмын – салқын самал, ақ түбіт, маңдайыма Ай қонақтап, тақты үміт.

Жанымдасың, жағым түсіп өлгенше, мейлі таны, мейлі мені таныма.

 

Кер бұланның көздеріндей мұнартып, кербез дала, керімсал қыр – сыңарым,

Жүрегіңнің босағасын күзеткен тілегімнің шыңындағы шынарым.

Айдын көлден көтерілген шалғайға аталық қаз секілденіп келеміз,

Не бұйырса – көріп алдық маңдайға, саған сыйлық – сарнау саз бен бір әнім.

 

Қалы басқұр, ақ шымылдық, ақ отау – пәк көңілдің ажарында мың арман.

Жез құманға қызыл шоқтай көмкерген, бір шалықтап, сосын мәңгі шығар жан.

Қорымдардан қойтас көрсең – дұға қыл, әулиеге бара қалсаң – шырақ іл.

Достарыңа мекен болған аймақ бұл – ұрпағымды соған сай қыл, бір Аллам!

 

Таң себездеп, тағы міне, күн шықты, түн жөнелді қара шәлі жамылып.

Шер-бұтаққа бүгін шірнеп бүр шықты, саусақтарын көкке жайды жалынып.

Таң мен кештің арасында кімдер бар? Соғыс, сойқан, шегіп жатыр іргем зар...

Мен отырмын туған елге бақ тілеп, жеті қат көк аспаныма шам іліп.

 

Жұмыр жердің жүзін қара – қанталақ, жүз бәле жүр бейбіт күнді алқалап.

Көртышқанның қоймасында көп алтын, көрге алып бара жатыр қалталап.

Желідегі жалғыз бота – мен деген, жер түбінен боздау айтқан желменен.

Үрейлі топ – Үркерлі қыс, қарашыл; Ай тумаса, болды дей бер, шалқалап...

 

Күздің шешіп сары тонын тастадық – қандай тірлік жасап жатыр басқа жұрт?

Мойын создық, алты қырдан аспадық – ебін тапсаң, қонар дейді тасқа құт.

Қос балағың елу итке енші боп, қадамыңды санап басып келесің.

Есіл елім, көшің сенің талауда: «Батыс – батпан!», Шығыс күлді – қас қағып…

 

Үлпілдеген көгілдірдей мамығың, тал бесігім – тарихыңның бәрі мұң.

Кемел ұлтым, сенің кімнен кем еді салт пен дәстүр, әдеп-иман, тәлімің?!

Қоғалы көл, сыбызғы сай, сырлы өзен, қайыс ноқта, шідерлі ел, бір көген...

Жылаттың ғой дұғасындай сәрінің, жасаураған көз жасындай кәрінің.

 

Қорғасын боп от ішінде еріген, бірге ағып өтті өмір сенімен.

Сонау жылы қуғын көрген құрбанның көз жасымды сүртіп келем жеңімен.

Жерге түссе жеткізбейтін сынаптай, өз үйірін өгейсінген құр аттай,

Әлем кезіп, жастар безіп елінен, байлар балпаң, құл ойнап жүр теңімен.

 

Сексеуілге тамыр болдық құмдағы, көк түрікке қазық болдық жыр-дағы.

Санаулы жыл, сайран көңіл зарыққан, сансыз баптан бізге қалған сыр-дағы.

Жүрегімнің көмейінен суырып, көп тілектің бәрін айтып талықтым.

Пірім Бекет, келіп тұрмын өзіңе – бұл қазақтың ашылар деп бір бағы.

 

(Тіл – мейірімнің, жыр – көңілдің қырманы)

Сабыр АДАЙ, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
07.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 845

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19750
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19564
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34691
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33268
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37084