Өткен аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков ауданға жұмыс сапарымен келген болатын. Аудандағы жұмыс сапары барысында Сенат депутаты алдымен Айдарлы ауылындағы № 2 орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Мұнда құрылыс жұмыстарын бас мердігер «Dauren Build» ЖШС жүргізіп, ауылдық округтен 35 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Ал құрылыс жұмыстарының аяқталуы 2023 жылдың он бірінші айына жоспарланған. Мұнда аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жазықбаев қазіргі таңда қабырғалардағы сылақты қыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, мердігер компания өз уақытында аяқтайтынын жеткізді. Содан соң Сенат депутаты Айдарлы ауылындағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінің жұмыстарын бақылады. Бұл нысанды ««Нурбек» ЖШС ұтып алып, жұмыстарын жүргізуде. Жобаның сметалық құны 359 199,0 мың теңгені құраса, бас мердігер 326 982,530 мың теңгеге ұтып алып, құрылысты 2023 жылдың оныншы айында аяқтауды көздеп отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарынның 45 пайызы аяқталған. Мұнда халық қалаулысы құрылыс жұмыстарының сапасына мән беріп, аудан басшысына құрылысты қатаң қадағалап, мердігердің жұмысын бақылауда ұстау керектігін жеткізді. Бұдан әрі Б.Орынбеков Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын көзбен көріп, ішін аралап шықты. Онда учаске бастығы Дмитрий Юдин жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Мұнда 600 балаға арналған мектептің күрделі жұмыстарын бас мердігер «Dauren Build» ЖШС жүргізуде, құрылыс жұмыстарының аяқталуы 2023 жылдың он бірінші айына жоспарланған. Жалпы сомасы 295 982,530 мың теңгені құрап отыр.
Күрделі жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандарды аралау барысында Бекболат Серікбекұлы атқарылған жұмыстарды саралап, мердігерлер мен аудан әкіміне барлық стандарттарға сәйкес жүйелі жүргізуді ұсынды. Сенат депутаты Бекболат Орынбеков аудандағы жұмыс сапарының соңында аудандық мәслихаттың мәжіліс залында аудандық мәслихаттың депутаттарымен кездесті.
Кездесуді аудан әкімі Ә.Балқыбеков ашып, жүргізіп отырды. Онда Сенатор Б.Орынбеков сөз алып, Парламентте қабылданып жатқан заңдар, ондағы негізгі мақсат - жергілікті атқарушы органдардың жұмысын оңтайландырып бір жүйеге түсіру, сол арқылы халықтың табысын көтеру, әл-ауқатын жақсарту екенін атап өтті. Жүзеге асырылып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламалар ең алдымен қарапайым халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталып отырғанын жеткізді.
Содан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков ауданда егін су тапшылыған атап, Тасөткел су қоймасына қатысты мәселелерді жеткізсе, бірқатар мәслихат депутаттары да өз сауалдарын қойды.