Сенім де, серпіліс те бар

Сенім де, серпіліс те бар

Партиялық тізіммен де, жеке өтінішпен де сайлауға түсу жолға қойылғаны қуантады

  1. Былтырғы жыл саяси оқиғалар мен реформаларға толы болды. Олардың негізгілеріне қалай түсініктеме берер едіңіз?
  2. Жаңа құрам билік пен халық арасында алтын көпір орната алады деп ойлайсыз ба? Ел арасында жүрсіз ғой, халық сенімі қандай?
  3. Әлеуметтік желіде сайлауға түсетін депутаттардың кәсібилігі туралы жиі талқыланып жатыр. Яғни үміткерлер арасында «әнші де, биші де, спортшы да жүр, ал депутат білікті, елдің ішкісыртқы ахуалын да терең білетін адам болу керек» дегенге саяды көп пікір. Бұл жөнінде не дер едіңіз?
  4. Мемлекет басшысы айтып отырған Әділетті Қазақстанды қалай құрамыз, ондағы ертең сайланғалы отырған депутаттардың рөлі қандай болмақ?

Алда болатын үлкен сайлау додасы да таяп қалды. ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлаймыз. Осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп отырған кез келген азаматтың «мемлекет, қоғам ілгері дамысын, халықтың әлауқаты қазіргіден де жоғары деңгейге көтерілсін» деген тілекте екені сөзсіз. Сондықтан біз бүгін ақын, қоғам қайраткері Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫН осы сайлау туралы азаматтық пікірін, жалпы елдік тұрғыдағы ойларын білмекке сұхбатқа шақырған болатынбыз.

1 «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл жолғы сайлау тіптен бөлек болайын деп тұр.

Айтып-айтпай, қаңтар оқиғасы дәуір бөлгіш сипатымен тарихта қалатын болды. Отыз жылдың алатын орны, берілетін баға бәрі алда болады. Қазақстанның тәуелсіздік дәуірі күні ертең «Қаралы қаңтарға дейін және одан кейін» болып сарапталады, сапқа тұрғызылады. Ештеңе де тасада қалмайды, әр нәрсе өз орнын табады.

Иә, былтырғы 2022 жыл саяси реформалармен басталған. Әуелі Мемлекетіміздің Президентін мерзімінен бұрын сайлап алдық. Алдымыздағы жеті жылға мандаты беріліп, бар билік қолына өтіп, «екі президент басқарған» заман артта қалып, батыл қадамдар жасалуда. Енді міне, 2023 жылға қадам қойған сәттен бастап, саяси реформаны онан ары тереңдете түсу мақсатында Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын жаңа бастан сайлауға шешім қабылданды. Осы кезге дейінгі тек қана партиялық тізімнен өтетін депутаттар ендігі жерде көлемін ұлғайтып, мазмұнын байытты. Сайлауға жеке тұлға ретінде қатысуға заңды түрде рұқсат берілді. Жастар мен жасамыстардың санына, ер мен әйелдің салыстырмасына нақтылы көрсеткіштер қойылды. Бұл жаңалық қоғам мүшелеріне сенімділік орнатып, серпіліс тудыруда.

2 Бұрын тек қана партиялық сайлауға ден қойылып, жұрт партияларға дауыс береді де, кімнің депутат болатынын білмейтін. Партия өз үлесін алған соң тізімді өздері жасап шығады. Олар халықтың күткен адамы ма, әлде көлденең көк атты ма? Кімнің сойылын соғатыны белгісіз болушы еді. Ол жағына ешкім кепілдік бере алмайды. Билік пен бұқараның арасында тіке байланыс болмай қалады да, жұрттың тілегі тасада қалып, биліктің үстемдігі алдыға озады. Сайлаушылар ол адамдарға қанағаттана ма, жоқ әлде іштей жаратпай, үмітсіздікпен қарай ма? Кейде осы жағы ескерусіз қалып, басабилеушілік белең алатын. Өткен сайлау кездерінен көңілде алаңдаудың сызын, жауапсыз түйткілдердің болғанын жасыра алмаймыз. Бұл жолы басқаша бағытпен өрбіді. Партиялық тізіммен де, жеке өтінішпен де сайлауға түсу жолға қойылып отырғаны қуантады. Таңдау бар, билік пен халықтың арасына көпір салынады. Бұқара мен билік арасы зәулім қамал емес, қайта беті ашық көпір ретінде «тыңдайтын үкіметтің» алғы шарттары қалануда.

Демократиялық ел болған соң пікір алуандығы, ой еркіндігі, көзқарастың түрліше болуы заңды құбылыс. Бәріміз бір Отанда, бір аспанның астында өмір сүріп отырғандықтан, бәріміздің осы елге жанымыз ашиды. Лаңкестер мен экстремистердің, кері төңкерісшілдердің жөні тіптен бөлек. Оны қатаң бақылап отырған заңымыз, темір тегеурінді құқық қорғаушыларымыз бар. Құрықтайды, тізгіндейді.

Ал таным, талғам, ашық пікір білдіру жаулықтан туындамайды. Жаны ашыған кезде ғана жүректі жарып шығады. Әр күні бет-жүзімізді көріп, өзіміздің әлпетімізді ретке келтіріп отыратынымыз секілді, оппозиция деген жанымыздан тастамайтын айна. Ол әр мемлекетте болатын тұнық Айна. Ол айнаға қараудан именбеуіміз керек. Ол айна ұстарасыз өсіп кеткен шашсақалымызды қиып отыруға, күйе жағылып, кір шалған бетімізді тазартып отыруға көрсететін пайдалы құралымыз болып саналады. Олар биліктің креслосында ұзақ отырып қалған адамның көрмегенін көреді, жетпегенін жеткізеді. Олардың үпкі мақсаты елдің тағдыры мен мемлекеттің дамуы болғандықтан, аузын буып, көзін таңуға қақымыз жоқ. Оларды тыңдауға, пайдалануға тиіспіз. Сол тұрғыдан айтқанда, биылғы үміткерлер арасында халықшыл қара нарлар бар екен, сол қуантады.

3 Парламент деген – ең бастысы заң шығаратын, заңдарды қайта қарайтын, заңға өзгеріс енгізетін, атқарылуын қадағалайтын кәсіптік құрылым. Сондықтан сайланатын үміткерлердің дені заңды білетін, заңмен жұмыс істей алатын тұлғалар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Онан кейін барып, заңды білудің үстіне, олардың жалпы қарым-қабілеті, жинақтаған тәжірибесі назарға алынады. Осының бәрі қосылғанда барып кәсіби парламенттің қуаттылығы көрнектіленеді.

Бізде депутат деген танымал адам, атақты тұлға, әйгілі кісі болу керек деген жаңсақ көзқарас бар. Соның салдарынан шығар, анау жылдары атақты спортшы, әйгілі әнші «жұлдыздар», танымал өнер шеберлері де кандидат болып топқа түсті, соның кейбіреулері сайланып, өтіп те кетті. Парламент концерт қоятын сахна емес. Қоғамдық «шоудың» орталығы емес. Әркім өзінің территориясында, қолынан келетін шаруамен айналысқаны жақсы. «Ешкі сойса да қасапшы сойсын» деген дана сөз бар. Әншілік пен заңгерліктің арасында не байланыс бар? Боксер мен саясаткердің қандай қатысы бар?

Парламент «жұлдыздардың» отыратын жұмсақ креслосы емес, ақыл парасат пен құндылықтардың майданға түсетін жері. Әр нәрсе таразыға тартылып, тағдыры шешілетін мінбер. Ол жерге барған адам әлем саясатын, мемлекеттің іші-сыртын, Қазақстанның бүгіні мен ертеңін сараптай алатын санасы сәулелі, ақылы озық, болашақты елестету көрегендігі көсем адам болуға тиіс. Блогер парақшасында отырсын, артист сахнасында ойнасын, ақын жырын жазсын. Сонда ғана халыққа берер пайдасы мол, көрсетер өнегесі көп болады. Көп адам депутат болуды рахат тұрмысқа жету, дәрежесінің өсуі, атақты болудың алғы шарты санайды. Негізінде депутат болу халыққа қызмет ету, болашақтың іргетасын қалау деп түсіну керек.

4 Әділетті Қазақстанды құру үшін ең әуелі  әділетті жолмен депутаттарды сайлап алуға тиіспіз. Шығыстың «Ұзақ жорық бірінші қадамнан басталады» деген мәтелі бар, мемлекеттің кемелді заңы мен тура жолын қалыптастыру үшін, оның сөзін сөйлейтін адамдар мен қызметін ететін естілерді сайлап алуымыз керек. Адам, оның ішінде президенттер келеді, кетеді. Ал мемлекет орнында аманесен қалу керек. Кез келген депутат жеке адамға қызмет етуге ниеттенсе, Отанға қызмет етуге сақадай сай болсын. Мынау сайлау, Президенттің құқығы мен Парламенттің құзыреттілігін арттыру жолындағы жасап жатқан қадамдар елдігіміздің ертеңі үшін. Кезектегі саяси реформалардың анық көрінісі.

Қазақ «әр істің бір қайыры болады» депті, мазасыз әлемде отыз жылдан бері от пен оқтан аман болдық. Осының өзі үлкен жақсылық. Алдағы дәуірлерде солай бейбітшілікті сақтай отырып, берекеге бастайтын жолды саралай білсек, «Әділетті Қазақстан» құру сәтті жалғасады деп ойлаймыз. Президент екі дүниенің алдында жауапты. Оның мойнына жауапкершілік жүктелген екен, үмітті ақтауға тура келеді. Ол үміт – әлде бір топтың, әлде бір мүдденің қажетінен емес, мемлекеттің болашағы мен ұлттың алдындағы парыз болуға тиіс. Сондықтан бұл сайлаудың салмағы мың батпан

Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА, “Астана ақшамы”
12.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 861
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6931
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10769
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7003
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7142