Бір кем дүние...

Бір кем дүние...

 Шерхан МҰРТАЗА: 

Жасаған Ием, Жаратушы Құдірет – Алла Тағаланың 99 аты бар. Таспих моншақтары – 99.

 *

 Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай.

  Бірақ Иман жоқ.

Ең сорлы адам - сол.

Бір кем дүние.

            *

 Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемде жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты:

- Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды біреу айқалап, қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.

Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.

Бір кем дүние...

  *

Тәңірдің құдіретіне таң қаласың. Құдірет әлемді әділ, сағат тетігіндей мінсіз жаратты.

Бәрі тәртіпті: Күн де, Ай да, Жер де тек өз жолымен жүреді. Сансыз жұлдыздар да бәрі тура жолмен жүреді.

Ал адамдар ше?

Пайғамбарлар, сахабалар, аса бір данышпандар болмаса, көбі қисалаңдай береді. Бұралаң жолдарға түседі. Адасады, сүрінеді, құлайды.

- Е, Құдай, не жаздым?! – деп жылайды.

Құдай жолымен жүрсең, жыламайсың.

Бірақ соны ұмыта береді.

Бір кем дүние.                       

*

Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады.

Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.

Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.

Ең бірінші – Құран!

Екінші – хадистер!

Ұлы классиктер.

Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.

Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына.

Кітап - өмірсерік.

Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.

Бір кем дүние.

                          *

Әкеміз Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, әдемі гүлдері жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар еді.

Алдымен мешіт бұзылды. Оның үйінді болып қалған кірпіштерінің үстінде байғыз дейтін құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды.

Көп ұзамай Мұртаза рахметілік «халық жауы» ретінде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сірә, желтоқсан айы еді.

НКВД үйге тінту жасады. Мен ол кезде бес жасар баламын. Бәрі есімде. Тінткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бір милиционер төрде ілулі тұрған жайнамазды жазып көрді де: «Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр еді», - деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды...

Арада алпыс жыл өткенде жолым түсіп, Кереку қаласына барып, мешітіне кіріп, дұға оқығанда, Тәңірі жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешіттің суреті салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келіп, қолыма қонғандай ғажайып хал кештім.

Бір кем дүние.

 *

Самайға ақ кіріп еді, мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып қастың бір талы да ағарыпты.  

Сөйте-сөйте... Сүйек те ағарады-ау...

Несіне тырбаңдаймыз?

Бәрі де өтеді.

Өтпейтін тек уақыт қана.

Адамдар: «Уақыт өтіп барады», - деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады.

Ал уақыттың басы да, аяғы да жоқ.

Уақытты жылға, айға, сағатқа, минөтке, секөндке, ғасырға бөліп жүрген адамдар ғой.

Уақыт – мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да.

Бәрін бір Алла біледі.

Алла білімі шексіз.

Білімі шектеулі адамдар.

Бір кем дүние. 

"Бір кем дүние" кітабынан

21.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 42
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 103
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 20
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 46
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 45
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 103
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 133
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 136
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 125
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 131
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 139
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 132

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11262
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10198
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13445
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12399
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17407