ШИШИГИНА, ШАҢЫРАҚҚА ҚАРА!

ШИШИГИНА, ШАҢЫРАҚҚА ҚАРА!

Қазақтың дәстүрі, тілі қорланса, мемлекетімізге сын

Ольга Шишигина сәуір айында жаңа қызметке тағайындалды. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Олимпиада чемпионын ҚМ спорт комитеті клубының төрағасы етіп тағайындаған. Бұл қызметке Ольга Шишигина келген соң, қазақтарды қуып, славяндарды төрге шығарып жатқаны белгілі болды, солардың қатарындағы жұмыстан қуылған қызметкердің мәлімдемесі Facebook парақшасында жариялады.

«Сізге ҚР Қорғаныс министрлігі орталық спорт клубының спорт комитеті ұжымының атынан жүгініп отырмын. Мен осы ұйымда әскери қызметкер болып істедім. Ол кезде ұжым тату, орта жағымды болатын. Бірақ ұйымның бүгінгі күйі мені алаңдатып отыр. Ольга Шишигина басшылыққа келгелі ұжымның жағдайы нашарлады. Бұл менің бұрынғы офицерлерім мен сержанттарыма жағымсыз әсер етуде. Ол келген соң, мен жұмыстан шықтым, дәлірек айтқанда, шығарып жіберді. Ол кезде мен азаматтық қызметкер едім, барлық шақыру құжаттары дайын болғанына қарамастан, олар мені шақырудан бас тартты.

Ол тағайындалғаннан кейін ұжымда тек славян ұлтынан тұратын элита құрылды. Этникалық тәкаппарлық өсті. Әскерилерді Жарғының не екенін білмейтін азаматтық қызметкерлер басқара бастады. Ұлттық әскери қызметшілерге, сарбаздар мен сержанттарға, офицерлерге, полковниктерге және подполковниктерге деген көзқарас күрт өзгерді.

Мен этносаралық қақтығыстарға қарсымын, бірақ спорт комитетінде болып жатқан оқиғалар этникалық тәртіпті бұзып жатыр. Бұл мені қатты алаңдатады. Мысалы, Ольга Шишигина тағайындалған сәттен бастап Азарова Татьяна бас бапкер лауазымына азаматтық қызметке қабылданды. Содан бастап Ольга Шишигинаның кеңсесінен шықпайтын болды.

Оның Қарулы Күштерде тәжірибесі жоқ, соған қарамастан Спорт комитетінің штаттық құрылымын әзірлейді, оның қызметіне жатпайтын жұмысқа: кадрлық, қаржылық, ақылы қызметтер, сатып алу, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, командирдің саяси-ағарту және тәрбие жұмысына араласады. Барлық іссапарлар сонымен келісілетін болды.

Ольга Шишигинаның бейресми бірінші орынбасары болып алған ол, спорт комитетінде болып жатқан барлық іске әсерін тигізіп отыр», – делінген жазбада.

Әскери қызметкер, сонымен қатар, Шишигинаның шектен шыққан әрекеті жайлы сөз етеді. Шишигина славян ұлтына жатпайтын әскери қызметшілерге дөрекі сөйлеп, төмендетеді. Бұл – шовинизмнің айқын белгілері. Штаб бастығының бірінші орынбасары оның адъютанты сияқты еріп жүреді. Шишигина келгеннен кейін жұмысқа тек славян ұлтынан шыққан қызметкерлер мен әскери қызметшілер қабылданды. Іштегі негізгі лауазымдарға да ұлттық өзгешелігі бойынша тағайындалады.

Толық жұмыс күніне қабылданған көптеген қызметкерлер жұмыста отырмайды. Олардың басқа жерде негізгі қызметтері бар. Бұл – Еңбек кодексіне қайшы әрекет. Мысалы, Т.Азарова ханым, П. Степаненко т.б. басқа жерде негізгі жұмыстары бар. Бірақ мұндағы жұмыс кестесі бойынша олар сегізге дейін жұмыста отыруы керек.

Орталық спорт клубының жаңа штаттық құрылымын жоспарлау әртүрлі бағыттар бойынша төрағаның орынбасарларымен және бөлім бастықтарымен талқыланған жоқ. Алдын ала 50-ге жуық «керек емес» адамның тізімі жасалды, негізінен жергілікті ұлттың офицерлері мен сержанттары (қазақтар) жұмыссыз қалмақ. Олар отырыстарына орынбасарлар мен бөлім бастықтарын қатыстырмайды. Бокс, дзюдо, самбо, қоян-қолтық жекпе-жек, күрес және т.б. спорт түрлерінен жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар қысқартуға ұшырап жатыр. Мұндай спорт түрлерінен нәтиже көрсететін негізінен өзіміздің жергілікті жігіттер екенін білесіздер.

Ұжымдағы жағдай әбден шиеленіскен. Әскери қызметшілер жұмыс орнынан айырылмау үшін наразылықтарын көрсетпей отыр. Ольга Шишигинаның олимпиада чемпионы ретіндегі беделі мен министрмен жақсы қарым-қатынасын көріп отырған әскери қызметшілер онымен сөзге келгісі келмейді. Ол министрмен жақсы қарым-қатынасын пайдаланып, әскери қызметшілерді штаттық іс-шара бойынша жұмыстан шығарып жіберетінін айтып, ашықтан-ашық қорқытады...

...Мен ұлтшыл емеспін, бірақ болып жатқан мына шаруа менің намысыма қатты тиеді. Мен өз ұлтымды, өз тілімді сыйлаймын және сыйлатамын. Бұндай былыққа жол бермеймін. Шыдамның да шегі бар. Егер ол осылай жалғаса берсе, үлкен наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге әкелуі мүмкін. Құрам жарылуға шақ қалып отыр

Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «этникалық тәкаппарлықтың, кемсітушіліктің және этносаралық қақтығыстың кез келген көріністерін ешкімге қарамай қатаң түрде жолын жабу керек» екенін атап өтті.

Осыған байланысты ҚР ҚМ Армияның орталық спорт клубы ұжымы президентке және Бас прокуратураға үндеу жолдады. Сіздерден спорт комитетіндегі шовинизм, ұлтына қарай қудалауға ұшырату салдарынан ұлттық қақтығыстың алдын алуды сұрап, үндеуімізді жариялауды сұраймыз. ҚР ҚМ Армияның орталық спорт клубы ұжымы атынан көмек сұраймын.

Құрметпен, Фархат Тапалов», – деп жазылған үндеуде. Бұл Ольга ханым қазақтың атынан Олимпиада чемпионы атанды. Қазақтың нанын жеп, суын ішті. Олимпиаданың жүлдесінен бөлек, қазақтың да қомақты қаржысын қалтаға салды. Парламентте тапжылмай ұзақ жыл отырды. Ендігі ісі мынау болса, сұмдық... Ақ-қарасын құзырлы министрлік анықтау керек! Министрліктен жауап күтеміз...

Асымызды ішіп, бетімізге «түкіріп» кетті

7 қараша күні ресейлік әнші Филипп Киркоров Алматыда концерт берді. Астана қаласында өткен концертінде қазақша сөйлеп, елдің назарын аударды деген шетелдік әнші бұл жолы оңбай сүрініп, көптің сынының астында қалды. Біріншіден, шоу жасаймын деп сахнада шалбарсыз, жартылай жалаңаш қалды. Екіншіден, шоуы ойдағыдай шықпағаны үшін, әншіге ескертпегені үшін көрермендер арасында отырған өз директорын гүлмен жіберіп ұрған. Орыстың атақты әншісінің оғаш қылығы түсірілген видео әлеуметтік желіні шарлап кетті. Осыған қатысты желі белсенділері, блогер, журналистер үн қосуда.

«Қазақ батырының киімін кигеннен кейін руxтанып кеткен-ау. Саспайды ғой сабазың. «Король-то голый» дегізетін шоу жасап, әншіге ескертпей жалаңаш қалдырғаны үшін өз директорын ұрыпты деседі. Саxнаның артында сабамай ма, шоумен десе. Ресейдің Украинаға соғысынан кейін азаматтары агрессивті боп кеткен секілді (Просто, подари мне один «шапалақ»)», – деп жазды журналист Дәурен Дариябек.

Тағы бір журналист Айдар Қырықбай: «Мына шошқаны кім шақырды Алматыға? Көрерменді сыйламағаны үшін концертті ұйымдастырған адамды жауапқа тарту керек», – деп кесіп айтты.

Белгілі блогер Жан Ахмадиев «Ресейлік жұлдыздарды құдай санап, біздің өнерді «МАМБЕТИЗМ» дейтін мәңгүрттер – кімнің мамбет екенін түсінген шығарсыңдар?!» – деп, Киркоровтың концертіне барғандарға сөзін арнады.

Ресей жұлдыздарын тойдыруды қою керек қой! Қазақтың киелі сахнасын өз ішімізден қорлап жатқандар аз емес тұста, өзгелерге келіп таптатқызып отыратындай не күн туды басымызға?

Ел болам десең, экраныңды түзе!

 Қоғамдық сана да, рухани болмыс та, қарапайым тұлғалық мәдениет те экрандағы бейнеконтенттер арқылы қалыптасқан жағдайға жеттік. Әсіресе өскелең ұрпақ нәп-нәзік санасы ұялы телефондардан, телеарналардан, кинотеатрлардан көретін дүниелерге тәуелді болып барады. Мәдениетіміз төмендеп, киелі сахнамыз тапталып жатқан тұста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мазаққызының ҚР Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев пен ҚР Бас прокуроры Б. Асыловқа жолдаған депутаттық сауалын ұсынып отырмыз.

«Сорақылық төрге озған заман болды. Сахнаға шыққан әнші мас боп сөйледі, боқауыз да айтты, құтылды. Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды. Ал боқтық сөз насихатқа айналды. Хит TV телеарнасындағы «Qaz Stand Up» хабары – сөзіміздің дәлелі. Кейінгі кезде мазмұны, контексті боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап келеді. Кинодағы мұндай көріністер барлық әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Осыдан екі жыл бұрын «Қайрат болма, адам бол» деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын көрдік. Мұндай веб сериалдардың бірі енді толық метражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты. Бұған дәлел – дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіліп жатқан «Пацанские истории» фильмі.

Әрине, 18+, 21+ жас санатына арналған мұндай фильмдерге ешқандай шектеу жоқ. Бірақ бұл әрекеттер біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологиямызға, мемлекеттік саясатқа кереғар әсер етіп жатқанын түсініп отырмыз ба?

ҚР-ның кинематография туралы Заңының 8-бабының 3-тармағында «ҚР аумағында «21 жастан бастап» жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергілікті уақытпен сағат 22.00-ден кейін таңғы сағат 06.00-ге дейін прокаттауға жол беріледі» деп нақты көрсетілген. Ал бұл фильмдер кинотеатрларда кешкі сағ 18.00-ден бастап көрсетіліп жүр. Оң-солын танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көруде. Сонда бұл заңды білмеу ме, әлде көпе-көрінеу заңды белден басу ма? Жаңа Қазақстанда заң үстемдігін орнатуға күш салып жатқанда, мұндай сорақылыққа кім және не үшін жол беріп отыр? Прокаттауға рұқсат беретін Мәдениет министрлігі бұған не дейді?

Ал жалпы белең алып бара жатқан мұндай арзан күлкі, бейпіл сөз, белден төмен әңгімелерге толы бейнеконтенттер, фильмдер, сериалдар өз алдына, енді бейәдеп сахналар, сайқымазаққа айналған халықтық шығармалар театрларда көрсетіле бастады. Оның бір мысалы – Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық театрда сахналанған Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» шығармасы. Көрдік. Қатты сасқанбыз, бетті басқанбыз. Қоғамның сұранысы деген желеумен ұлттық шығармаларды да былғай бастадық.

Мұндай әрекеттер қоғамға, өскелең ұрпақтың дүниетанымы мен санасына тіпті әрірек айтсақ, мемлекеттігіміздің тұтастығы мен ұлттық ұстынымызға кереғар екенін қоғам жанашырлары шырылдап айтып та жүр. Рухани ұстынымызды қайтсек түгендейміз деп жүргенде, ұрпақты дүбара қылатын мұндай насихат жаудан да қауіпті болып тұр. Дамитын елде мәдениет қоғамдағы былықтың айнасы емес, ұлт руханиятына қызмет ететін құндылық болуға тиіс. Жоғарыдағыларды ескере отырып, мынандай ұсыныстарды жолдаймыз:

  1. Аталған киноның кинотеатрларда көрсетілу барысында заң талаптарының бұзылуына жол берген тиісті мекемелер Прокуратура тарапынан тексеріліп, тез арада жауапқа тартылуы тиіс.
  2.  Бұдан былай мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін кино саласы жіті қадағалауға алынуы қажет. Тиісті министрлік прокат куәлігін берерде қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат тұрғысынан прокатқа шығатын фильмдерге талапты күшейтуі тиіс.

Әлеуметтік желідегі жарияланымдарда, театрда және басқа да қоғамдық орындарда көпшілік қауымға арналған қойылымдарда сахна әдебі сақталуы тиіс. Біз Жаңа Қазақстан депутаттық тобы Кинематография және Мәдениет туралы заңды зерттеп, ұлттық құндылықтар мен идеологиялық мәселелер тұрғысынан күшейтуді қарастырамыз және бұл талаптар БАҚ туралы заңда да ескертілетін болады».

 

 

РАУАН МУТАИР
17.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 41
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 118
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 35
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 49
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 41
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 113
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 118
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 310
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 304
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 927

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9000
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8395
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11621
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9378
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10604