Сиыр емген ит

Сиыр емген ит

Қаңғырып жүрген бұралқы иттерді ұстап алып, бір апта бағып-қағып, иелері келмесе, «мәңгілік ұйқыға» жіберетін заң қабылданғалы, ФБ-да итке қатысты түрлі көзқарастар қалыптасқаны байқалады.

Ауылда өскен баламын ғой, итті мен де жақсы көрем. Бірақ көрші орыстарым сияқты үйге қамағандықтан көшеге шыға сала саритын, азан мен кешке серуенге шықса «арсалаңдап» жүгіретін, түнде бөлмесінде еріксіз үретін, ұйығуды аңсағанда дәрімен «жалынын» басатын иттерді емес; қой күзететін, үйдің алдындағы итаяқтан жуынды ішіп, сүйек-саяғын жеп, қыста қоян, жазда зорман аулап күнелтетін, екі аяқтыға еш зияны жоқ иттерді. Хош.

Сонымен айтайын дегенім, бұл ит дегенің құнықса, сиырды да емеді екен. Бала кезім. Шамамен он үш-он төрттемін. Ауылда саржағал, қанден тектес қаншық пайда болды. Кіп-кішкентай. Ойынпаз. Қойны-қоншыңа кіріп еркелегенде, алдыңа шалқасынан жата қалып аунағанда, мың жерден тас жүрек болсаң да жібіп жүре бересің.

Қайдан келгенін білмеймін. Сырттан біреу әкеп тастады ма, әлде көшіп-қонып жүретін шопандардан қалып қойды ма – беймәлім. Анау үйдің итаяғынан бір, мынау үйдің итаяғынан бір ішіп, жылмиып жүреді. Азулы иттер тап берсе, төрт аяғын көкке көтеріп жата кетеді...

...Жатыры асыл еді. Жыл сайын екі рет жеті-сегіз күшікті төгіп тастайды. Сары қаншық ауылдың шетіндегі жаман қораға барып, күшіктейді үнемі. Ол «күйлегенде» ауылдың «еркек кіндікті» иттері соңынан шұбырады-ай. Бір-бірімен қырқысып, «төбелеседі-ай»!

Бір қызығы, әлгі қаншықтың күшіктерін ешкім алмайды. Менсінбейді. Шешесінің сұрқына қарап, одан дұрыс ит шықпайды деп топшылайды, шамасы. Байғұс қаншық емшегі салбырап, тамақ іздеп, ауыл-үйді кезіп кетеді. Күшіктердің дүниеге келген соң ырыздықтары да табылады. Әйтеуір аштан қырылған жоқ... Осылайша бір жылдың ішінде ауылдың іші итке толды. Ауыл тұрғындары енді не істейміз деп аңырап отырғанда, ит ататындар жетіп келіп, көліктерімен ауыл шетіндегі сары қаншықтан өрбіген «тұқымдарды» қуалап жүріп қырып, өздерімен алып кетті. Әбден тағыланған күшіктер ит ататындар қуғанда ауылға қарай емес, жазық далаға қарай қашып, қынадай қырылды. Ауылға қашып тығылған сары қаншық аман қалды.

Сары қаншық тууын тоқтатпады. Оны өлтіруге ауыл тұрғындарының дәті бармады. Обалсынады. Қарғайды деп қорқады. Бар қолдарынан келгені – күшіктерімен бірге қапқа салып, Торғай өзенінің бір аңғарына апарып тастайтын. Біраз уақыттан кейін сары қаншық өзі ғана оралады. Күшіктері түлкі, қарсақ, борсыққа жем болды деп топшылаймыз.

Осылайша тағы бірнеше жыл жүрді. Қартайды. Аузындағы тістері түсіп, әбден жүнжіді байғұс. Шүйкедей болып қалды. Сонда да өлмеді. Тісі түскен ит қалай қоректенеді – осыған жұрт таңданатын.

Бір күні құпиясы ашылды. Шешем түнде қаймағынан ажыратылған сүтті қойдың астауына құюға барса, сары қаншық, жарықтық, ыңыранып әрең дем алып жатқан керіскедей мама сиырдың емшегін, көпірігін ағызып, рахаттана борпылдатып сорып жатыр дейді. Сол жылы жүні жылтырап, қутыңдап кетуі жаман еді. Мәнісін сонда түсіндік.

Сонда да өлтіруге қимадық.

Шешем: «Өлтірмеңдер, қарғайды. Қапшыққа салып, көз көрмес, құлақ естімес жаққа апарып тастаңдар. Дұрысы сол», – деді. Солай істедік те. Баламыз ғой, ауылға келген бір машинаның артқы жүк салғышына салып жібердік. Сөйтіп құтылғандай болдық.

Бұл жазда болған оқиға еді. Күздің қара суығында сары қаншық ауылда жүр. «Ойбай!» – десті жұрт. Қалай келді? Ол жағы тағы беймәлім.

Сиыр қолға қараған шақ. Қорада бу тартар бар. Арнайы жасалған дөңгелек тесік. Шөппен жауып қоямыз. Қораның ішін қапырық басқанда, ашамыз. Іштегі ыстық бу сыртқа атылады. Кәдімгідей сырттан қараған адамға қорадан түтін шығып жатқандай көрінеді.

Бір күні таңертең қораға кіріп, сиырларды бас жібінен ағытып, сыртқа шығарып жатсам, керіскедей мама сиырдың бауырында сары қаншық өліп жатыр. Шошып кеттім. Басында сиыр бұзаулап қалған екен деп ойладым. Сөйтсем... жаншып тастапты. Мама сиырдың аяғына тапталып өлгені, кебежедей қарнына кептеліп, тұншығып өлгені белгісіз.

Бір анығы – төбедегі бу тартардың шөбін төңкеріп, ішке қарғып түскен. Ақыры ажалы сүтке құныққаннан келді.

Дәніккеннен құныққан жаман деген осы екен ғой! 

Әй, қу тамақ-ай! Әй, қу құлқын-ай!

Нағашыбай Қабылбек
23.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24694
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24359
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41801
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37678
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42094