Сот төрелігінде әділеттілік пен бейтараптық – басты қағидат

Сот төрелігінде әділеттілік пен бейтараптық – басты қағидат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі олқылықтарды атап көрсетіп, жетілдіру жұмыстарын жүргізуге пәрмен бергелі құқық қорғау саласымен қатар, сот жүйесінде де үлкен реформа жасалып жатыр. Осы жайлы пікір білдірген Жамбыл облыстық сотының судьясы Ардақ Аманжолұлы Әкетаев: «Президент өз сөзінде: «Елімізде мемлекеттік және жекеменшік бірдей тәртіпте қорғалады. Алайда көп жағдайда жекелеген мемлекеттік органның мүддесін қорғау басымдыққа ие болып, кейбіреуде бұл жерде біртұтас мемлекет мүддесі қорғалып жатыр деген қате түсінік туындайды. Әкімшілік юстиция қолданысқа енгізгелі біз осы үрдістің бетін қайтардық, алайда бұл бағытта әлі де өте көп жұмыс атқаруымыз керек», – деген. Осы сөзді басшылыққа алсақ, сот төрелігінде әділеттік пен бейтараптықтан басқа қағидат болмауы керек. Сот шешімдері неғұрлым әділ болса, қоғамдағы тұрақтылық күшейіп, дауласушы жақтардың заңға, сот төрелігінің күшіне деген сенімділігі артады. Бұл кәсіпкерлік тартымдылықты да күшейтіп, елімізге шет мемлекеттен келетін инвестицияның көлемін ұлғайтады, экономикамыздың дамуына зор ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, бизнес өкілдері өз құқықтарының сот тәртібімен әділетті қорғалатынына көзі жетсе, олар өз қызметтерін тек заң аясында ғана жүзеге асырып, ешкімге жалтақтамайтын болады. Тағы да Қ.Тоқаев: «Судьяларды іріктеу қағидаттарын жетілдірмейінше осы бағытта жасалған барлық күш-жігер тиімсіз болмақ. Қазіргі уақытта сот жүйесінде екі мыңнан астам судья қызмет етіп жатыр. Жыл басынан бері сот жүйесіне қатысы жоқ басқа салалардан келген 50-ге жуық заңгер-практик судья болды. Ілгерілеу бар, бірақ жеткіліксіз. Бұл бағыттағы жұмысты жеделдету керек», – деді. Рас, кейінгі 4-5 жыл көлемінде сот жүйесіндегі жаңашылдық қайта құрулар үлкен қарқынмен жүзеге асырылуда. Соның ішінде соттарды жаңа кадрлармен қамтамасыз ету бағытындағы өзгерістер де аз емес. Судья кандидаттарына деген талап күшейгендігі соншалықты, қазіргі кезде бірінші рет судья боламын деп талпынушылардың саны күрт азайды. Көптеген сот орындары әлі де толықпауда. Әсіресе шалғай аудандардағы судья лауазымына үміткерлер жоқтың қасы. Жоғарғы Сот төрағасының: «Біліксіз кадр сот болғанша, ол орын әзірге бос болсын», – деген қағидасы бар. Бұл қағиданы өз басым қолдаймын. Ерте ме, кеш пе, бос орынға лайықты кадр табылар, ал біліксіз кадр сот төрелігін жүзеге асыруда қателік жіберіп, жеке және заңды құқығына зор нұқсан келтіруі мүмкін. Басқа салалардан келген заңгер-практиктің бірден судья болуы да қажеттіліктен туындап отыр. Бұл әсіресе дауды шешуде белгілі бір саладағы арнайы білімі бар тұлғалардың заңның дұрыс қолданылуына, даудың әділетті және дұрыс шешілуіне зор себін тигізеді. Бүгінгі таңдағы басты мақсат – халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру. «Тыңдайтын мемлекет» қағидатының нақты жұмыс істеуі тиіс. Бұл жерде соттың, биліктің үш тармағының бірі ретіндегі рөлі зор. Атқарушы орган мен халық қалаулыларынан қажетті көмек ала алмаған тұлға өз құқықтарын тек сот арқылы қорғай алады. Ал соңғы кезде сот жүйесінде қолданысқа енген үлкен бір жаңашылдықтың бірі – әкімшілік юстиция қызметінің жандануы. Әкімшілік юстиция дегеніміз – мемлекеттік басқару жүйесіндегі заңдылықтың сақталуына бақылауды жүргізетін арнайы органдардың, мамандандырылған соттардың жүйесі. Қысқаша айтқанда, бұл – бір жағынан азамат, екінші жағынан мемлекеттік басқару органының арасындағы әкімшілік-құқықтық дауларды шешудің айрықша процестік тәртібі. Құқықтық институт ретінде атқарушы биліктің лауазымды тұлғаларының заңдарды және ережелерді бұзбай орындауын қамтамасыз ету үшін, қоғамда және мемлекетте әкімшілік сот жүргізу тәртібімен қаралатын әкімшілік талап қою арқылы, сот бақылауын жүргізеді. Осы дауларды шешуге мамандандырылған арнайы соттар бір жыл көлемінде жұмыс істеп, көптеген азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауда. Қарапайым азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешіп бере алмаған мемлекеттік органдарға қатысты сот тарапынан қатаң ұстаным қалыптасып, әсерлі шара қолданылуда. Сондықтан қазіргі кезде мұндай даудың сотта қаралуының өздеріне тиімсіз екендігін түсінген құзырлы органдар дауды сотқа дейін жеткізбей шешіп беруге талпынуда. Тағы бір оңды жаңашылдықтың бірі – дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешудің кеңінен қолданылуы. Осы бағытта заңға көп өзгерістер енгізіліп, нәтижесінде соттар негізсіз жүктемеден арылды. Ал дауласушы тараптар сотқа жұмсалатын қаражат пен уақыттарын үнемдеуде. Жаңа Қазақстан мен ескі Қазақстандағы сот жүйесінің айырмашылығы дәл осындай деп баса айтуға болмайды. Себебі сот жүйесіндегі айтылып жатқан жаңашылдықтар бір күнде енгізілген дүние емес. Бұл бірнеше жыл бойы, жүйелі түрде келе жатқан жұмыстардың нәтижесі. Қуантарлығы – ең негізгі реформа сот жүйесінде қарқынды әрі заман талабына сай жүргізіліп жатыр. Басты құндылық – адам өмірі мен денсаулығы. Сондықтан адам құқықтарын қалпына келтіру – сот органдарының негізгі мақсаты. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан сот жұмысы аз емес. Және тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кезде ешкім де заң талаптарын «белшеден басып», заңсыз шешім шығармайды. Заң талаптарын дұрыс қолданбау, қателесіп қолдану, жинақталған дәлелге дұрыс баға бермеу нәтижесінде шыққан шешімдер бұзылып немесе өзгертіліп отыр. Көп жағдайда бұл әлі жеткілікті тәжірибесі жоқ жас кадрлардың тарапынан орын алады. Менің жеке ұсынысым – судьяларға және оның жанұя мүшелеріне жеткілікті әлеуметтік көмектің көлемін ұлғайту. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, «қалай нан тауып, бала-шағамды асыраймын?» деп жүрген судьядан істі байыпты түрде терең қарауды, сапалы сот шешімінің шығарылуын талап ету қиын. Сондықтан судьяның әлеуметтік жағдайына өте зор көңіл бөлу қажет. Бұл – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бірден-бір тиімді жолы. Мемлекеттік құрылымның қай саласы болмасын, маманның ең бірінші қасиеті – адамгершілік. Себебі мемлекеттік құрылымның негізгі мақсаты – мемлекеттің әр мүшесінің қоғамда толыққанды өмір сүруін қамтамасыз ету. Адамгершілік қасиеті бар маман қандай даулы жағдайда да дұрыс шешім қабылдай алады, қоғам мүшелерінің көңілінен шығады. Судьяда бұдан басқа ең қажет қасиеттің бірі – сабырлылық. Көп жағдайда, сот дауласушылар үшін ең соңғы саты болып келеді. Себебі бұған дейінгі барлық әрекеттерінен нәтиже шықпаған, мәселесі шешілмеген. Қай мемлекеттік орган болсын, дауды шешуде оның сот сияқты құзыры үлкен емес. Осылайша сотқа келгендер көп жағдайда бүкіл мемлекеттік құрылымға өкпелеп, ашушаң, сұрақ шешілуде сабырсыз болып келеді. Өзінің ақиқатын дәлелдеуде қалыпты жағдайынан шығып кетіп, соттың ескертпесіне де көңіл аудармайды. Осы жағдайда сот өте үлкен сабырлылыққа ие болуы тиіс. Тараптардың құқықтарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, ойланбай істеген әрекеттерінің салдарын жеткізе білу керек. Сот тәжірибесінде: «Кез келген заңды шешім әділ болмауы мүмкін», – деген түсінік бар. Шындығында, сот өз шешімін тек заң талаптарына сүйеніп қана шығаруы тиіс. Мысалы, белгілі бір тұрғын үйден кәмелетке толмаған балалары бар жанұя мәжбүрлеп шығарылуы мүмкін. Бір қарағанда, бұл әділетсіз шешім болып көрінуі мүмкін. Алайда сот зерделеуі осы жайттың қалай орын алғандығын заң тұрғысынан баға берген кезде, олардың тұрғын үйден заңға қайшы келмейтін жағдайда айырылғандығы өз дәлелін тауып отырады», – дейді. Осындай сот өкілдерінің түсініктемелері халыққа жиі жеткізілсе, құба-құп болар еді дегіміз келеді.

Ермек Сахариев
11.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 87
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 607
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 725
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 636
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8785
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8185
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11413
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9167
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10398