Кеше бір танысым әңгіме арасында досының баласы біреумен төбелесіп, айыппұл арқалап, түрмеге қамалғанын айтып қалды.
Тыңдап отырсам, түкке тұрмайтын нәрсе. Машина қоятын тұраққа таласқан. Біреуі «мен бұрын көрдім» десе, екіншісі «сатып алған жерің емес» деп бой бермеген. Екеуі қызылкеңірдек болып ұрысып, соңында жұдырыққа жүгінген.
Ақыры өкінішпен бітіпті. Танысым айтып отырған істі болған жігіт теуіп, ана кісінің қабырғасын сындырған…
Енді өкініштен өзегі өртеніп, айыппұл төлеп, он бес күндікке қамалып, ана кісінің ем-домына ақша жинап соры қайнап жатыр екен.
«Ашу – дұшпан» деген сол. Егер сол жерде біреуі кішірейіп, жол бергенде, мұның бірі де болмас еді-ау!
Мұны тағдыр деп жылы жаба салуға болмайды. Бізге Алла Тағала ақыл-ой мен таңдау еркіндігін берген. Ата-бабаларымыз «Кең болсаң, кем болмайсың» деген.
Сабырлы болу – ұлы қасиет! Сабырлы адам жамандықтан аулақ жүреді. Айналамызда ашудың кесірінен шайқалып жатқан шаңырақ қаншама!
Түкке тұрмайтын дүние үшін ашу-шайтанның «айтағына» еріп, өмірлеріне балта шауып жатқан жастар қаншама! Ойланайық, ағайын!
«Сабыр түбі сары алтын» екенін балаларымыздың санасына құяйық!
Ислам әлемінде бесінші әділ халифа атанған Омар ибн Абдулазиз бір жолы түн ортасында мешіттің ішімен өтіп бара жатып бір адамның аяғын басып кетеді.
Тас қараңғы жерде ұйықтап жатқан адам «жындымысың?» деп айқай салады. Сонда патша «жынды емеспін» деп жауап қатып, кешірім сұрап өтіп кетеді. Патшаның қасындағы нөкерлері «Бір елдің патшасына анау қалай-қалай сөйлейді. Жазалау керек қой оны» дейді.
Сонда патша: «Онда нелерің бар. Ол менен «жындысың ба?» деп сұрады. Мен «жынды емеспін» дедім. Сонымен әңгіме бітті емес пе?» – деген екен.
Қазақ атамыз «Сөз қуған бәлеге жолығады» деп бекер айтпаған екен-ау!
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК














