Бүгін Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин: «Төтенше жағдайлар министрлігі елді мекендерді су тасқынынан қорғауға ерекше назар аударады. Өйткені бұл табиғи процесс қайтымсыз және үнемі алдын алу шараларын қажет етеді. Тәуекелдері жоғары өңірлерге Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Абай, Жетісу облыстары жатады. Орташа тәуекелдерге Павлодар және Ұлытау облыстары кіреді. Бүгіндері су басу қаупі аймағында 255 елді мекен бар. Оларда 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам азамат қалып отыр. Өткен жылғы су тасқынының өтуін талдау қорытындысы су басудың негізгі себептері өзен арналарының толып кетуі мен балдырлануы, дренаждық-арық жүйелерінің болмауы, су қорғау белдеулерінде үйлер салу екенін көрсеткен болатын. Осыны ескеріп, бүгіндері су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында 35 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың техника, 12 Қазавиақұтқару әуе кемелері, 700-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпа бар күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылды. Өңірлердің су тасқынына әзірлік дәрежесі Қарағанды қаласында басқарма штабымен бірге «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында тексерілетін болады. 1 ақпаннан 1 наурызға дейін «Қазгидромет» РМК нақты болжам жасайды. Осыны ескере отырып, министрліктің күштері мен құралдарын уақытылы жеткізу үшін топтамаларын түзетеміз және қажет болған жағдайда резервтік топтар енгіземіз», – деді.