деп, шенеуніктер №224 мектептің, тіптен қазақ мүддесінің тағдырына немқұрайдылық танытты
№224 мектепті әрі тарт та, бері тартқа салып, көкпарға салғандар ақыры мәмілеге келгендей болған еді. Мектеп қазақ тілінде оқылатын болды деген ақпарат тарады. Ал бұған қарсы жақ, яғни орыстілділер келіскен жоқ. Ғаламтордың шаңын шығарып қарсылық танытып жатыр. Олардың ойлары – мектепті аралас мектеп ету. Өзара тартыс ұзаққа созылды. «№224 мектеп қазақ мектебі болды» деген сүйінші хабарды естігенде қатты қуандық. Өкінішке қарай, біз алдандық.
Өздеріңіз білесіздер, бұл күрес ұзаққа созылды. Қайта-қайта бас қосқан жиындар көбінесе нәтижесіз аяқталып жатты. «Қазақ мектебі болсын!» деп үн қосқандар саны өсті. Бұған біртіндеп республика халқы назар аударды. Қолдаушылардың, жанашырлардың үні шенеуніктерді де оятты. Алматы қаласы әкімшілігі, қалалық білім басқармасының басшылары арнайы жиын өткізді. Оған қарапайым халықпен бірге қоғам қайраткерлері де қатысты. Нық айтылған пікірлер діттеген нүктеге тиіп жатты. Алматы қаласында жаңадан ашылған №224 «Жайлы мектеп» 2500 орынды екен. 3 қарашада ашылған мектепке оқитындардың тізімі де алдын ала жасалып қойылыпты. Оған мыңға тарта қазақ баласы тіркелсе, орыс мектебіне деп 200 бала жазылған. Бұған қарап, бұл оқу орны әу баста аралас мектеп болуға бейімделген сияқты.
Біздің түсінбейтініміз – шенеуніктердің жалтақтығы. Олар қаланың осы ауданындағы халықтың жағдайына қарап, бірден шешім қабылдауы тиіс еді. Осы шешімге халық та қарсылық көрсетпей көнер еді. Мұндай тартыс пен у-шу да болмайтын еді. Тәуелсіздік алғанымызға пәлен жыл болса да, құлдық психологиядан арыла алмай, дүбара күйде жүргеніміз шымбайымызға батады. Ғаламторда пікірін ортаға салған көрнекті журналист, белгілі қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев ағамыз осы мақаласында көп жайлардың бетін ашып отыр. Ағамыз «Әлі де Кеңес өкіметіндегі отаршылдық жүйеден құтыла алмай отырмыз» деп күйінеді. Аралас мектептен құтылудың орнына оның саны өсіп барады. Мұны үзілді-кесілді тоқтату керек. Сонау патшалық заманда қазақты орыстандыру үшін ашқан мектептердің жалғасы – аралас мектептерді жаппасақ, құлдық психологиямыз тереңдей бермек.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Талғар ауданында да бір мектеп тартысқа түскен. Көпшіліктің дүрмегінен қорықты ма, ол мектепті «Қазақ мектебі етеміз» деп шенеуніктер уәде берген. Бірақ кейін ол мектеп аралас мектеп болып бекітіліпті. Соның кебін киіп кете ме деген қорқыныш бар.
Біздің мемлекетіміздің байырғы тұрғыны – қазақ. Қазір санымыз 75 пайызға жетті. Енді жалтақтамай, нағыз ұлттық мемлекет құруымыз тиіс. Сонда ғана мемлекетіміз күшейеді. Мәселен Ресейде миллиондай қазақ бар. Бірақ бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Солардан үлгі алайық. Балаларымызды қазақ етіп тәрбиелейік. Ол үшін аралас мектептерді жоюымыз керек.
PS: Иә, біздің шенеуніктеріміз көбінесе сөздерінде тұра бермейді. Оны жоғарыда нақты дәлелдермен айттық. Біздің қорқынышымыз шындыққа айналатын түрі бар. Шенеуніктер мінеки «№224 мектеп қазақ мектебі болды» деген қуанышты хабарды су сепкендей басты. «Біз олай айтқан жоқпыз!» деп ойын шартарапқа жайды. Мектепке келіп жатқан қазақ балаларының көптігін, орыс сыныптарына мұғалімдердің жетіспей жатқандығын айтып, олар қазақ мектебін жасап жіберу керек еді. Оған шенеуніктердің дәті, рухы жетпеді. Әлі де өзара күрес жалғасатын түрі бар. Шынында да, біз қашанғы жалтақтай береміз, ағайын-ау. Өзіміздің тілімізді, ұлттық мүдделерімізді қорғай алмай жүрген осы сорлылығымыз түптің түбінде түбімізге жететін түрі бар-ау. Алдағы уақытта №224 мектептің жай-жағдайы туралы үнемі жеткізіп, жариялап отырамыз.
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ













