Бәріміз де әскерде болдық. Иә, біз қызыл империяның қызыл әскер сапында болып, Отан-ана борышын өтедік. Ол кезде әскерге бару – мақтаныш болатын. Егер сен әскерге бармасаң, жігіт деген атаққа сай емессің. Сені қыздар мазақ ететін, менсінбейтін. Біздің ағаларымыз үш жылға, ал біз екі жылдық әскери мерзімге тап болдық. Бізді негізінен Ресейге жіберетін. Сол жерге барғанда сені қатаң тәртіп күтіп тұратын. Сондай-ақ әскерде бұрын барғандардың зорлық-зомбылығы да, әлімжеттігі де үстемдік ететін. Көнесің. Таяқ жейсің. Мазаққа ұшырайсың. Солай шынығатынбыз. Оның да өзіндік жазылмаған тәртібі болатын. Сол кездері жаныңда өз қандасың жүрсе, бір-бірімізге сүйеу болып, көмектесетінбіз.
Ал қазір ше? Бар болғаны бір жыл. Осыған шыдамай, жігерсіздік танытып жүрген жастарды көргенде, қарның ашады. Қалай болғанда да, бір жыл – аз мерзім. Әскери бөлімшелерде біз іссапарда болғанда, командирлер қынжылып: «Осы бір жыл ішінде енді әскери өмірге үйреніп, шынығып келе жатқан сарбаздар кетіп қалады», – дейді. Яғни ол сарбаздар үйренгендерін әскери өмірде көрсететін кезде үйлеріне қайтады екен. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Екіншіден, қазіргі жастарымыз бос, болбыр болып тәрбиеленеді. Көбісі аурушаң. Ал әскерге күшті, қуатты әскер керек. Осы мәселе кейінгі кезде жиі айтылып жүр.
Ең сорақысы – әскерде қазір қаза табушылар көп. Мәселен, алысқа бармай-ақ қоялық. Өткен айдың бір аптасының ішінде қос бірдей сарбаздан айырылдық. Осы айдың басында тағы да екі сарбаз қыршынынан қиылды. Рас, Кеңес өкіметінде құпиялық сақталды. Мұндай қасіретті оқиғаларды жария етпейтін. Мәселен, менің туған інім әскерде жүріп қайтты. Бірақ ондай қаралы жайларды көп естімейтінбіз. Иә, әскерде қыршын кеткендер неден, кімнің қолынан қаза тауып жатыр? Неге олар бақылауға алынбайды? Себеп-салдары не? Жастарымыз неге қатігез, зұлым болып барады? «Қазақ – қазаққа бауыр» деген қағида балаларымыздың жан жүректеріне неге сіңірілмей жатыр? Командирлер қайда қарап жүр? Міне, осындай жанды ауыртатын сауалдар өте көп.
Менің байқауымша, әскерде тәртіпсіздік үстемдік етіп отыр. Шындық айтылмайды. Сарбаздардың өлімі жайлы әрқилы өтірік әңгімелер, желеулер айтылады. «Суицид» деген сылтауды жиі естиміз. Ал «әлімжеттік» деген нәрсені Қорғаныс министрлігіндегілер мойындағысы келмейді. Ал ол бар. Тіптен әлімжеттік жасаған, сотталған офицерлерді де білеміз. Нағыз шындық айтылуы қажет. Сонда ғана, нағыз тәртіп орнағанда ғана сарбаздар өлімі тоқтайды. «Менің баламды тірілей қайтарыңдар!» деген ата-аналардың қойған талабы дұрыс. Егер әскерде тәртіп, жауапкершілік болмаса, онда басқа жерде не болмақ? Негізі, әскерде жаңаша реформа ауадай қажет.
Ертай Айғалиұлы















