Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес АӨК-ні субсидиялау жүйесін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде және агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды, оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының өкілдері кірді. Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқасы дайындалды, олар Жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқыланды. Тұтастай алғанда, субсидиялау жүйесі, ең алдымен, субсидиялау рәсімдерін оңайлату, оның бағыттарын оңтайландыру барлық субъектілер үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету, заманауи технологияларды енгізуді ынталандыру және АӨК-ге инвестициялар тарту, нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша фермерлердің қарсы міндеттемелер алу нормасын енгізу есебінен реформаланатын болады. Жұмыс топтарының қорытындысы бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мүшелерінен АӨК субсидиялаудың жаңа жүйесіне көптеген ұсыныстар мен ескертулер келіп түсті, олар субсидиялау жүйесін пысықтау кезінде жүйелендірілді және ескерілді. Субсидиялаудың басым бағыттары саланы техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру саласына, қаржы құралдары бойынша мөлшерлемелерді субсидиялауға, сондай-ақ селекциялық-асылтұқымдық жұмысты, тұқым шаруашылығын, шикізатты терең өңдеуді субсидиялауға бағдарланған инвестициялық субсидиялауды айқындау ұсынылады. Аталған тәсілдемелерді биылғы жылы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілермен және жұртшылықпен талқылау қорытындысы бойынша іске асыру жоспарланған. Алайда әлемдік азық-түлік нарықтарындағы құбылмалылыққа байланысты болған соңғы оқиғаларға байланысты және ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мерзімін 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Тиісінше, ағымдағы жылы АӨК-ні мемлекеттік қолдау қолданыстағы субсидиялау қағидалары бойынша жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СМАЖ) әзірленді, ол бюрократиялық олқылықтар мен сыбайлас жемқорлық схемаларын жоюға, сондай-ақ осы жүйені пайдаланушылардың барлығын еркін қолжетімділікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Министрлік жүйеге тікелей субсидиялау қызметін көрсететін әкімдіктердің қызметкерлерін тіркеу рәсімін бастады. Бұл жүйе басқа ұқсас жүйелермен салыстырғанда фермерлер мен жалпы мемлекет үшін келесі оң әлеуметтік-экономикалық әсерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Біріншіден, бұл жүйеде АӨК-ні субсидиялау бойынша барлық мемлекеттік қызметтер электрондық форматта көрсетілетін болады.
Екіншіден, фермерлер үшін субсидиялау бойынша қызметтер тегін, қосымша ақы алынбай көрсетілетін болады.
Үшіншіден, малшаруашылығы, сол сияқты өсімдік шаруашылығы, инвестсубсидиялау және басқа да бағыттар бойынша барлық қызметтер қазіргідей әртүрлі ақпараттық жүйелерде (Qoldau.kz, «МШТ» АЖ субсидиялаудың ақпараттық жүйесі) емес, бірыңғай жүйеде көрсетілетін болады.
Төртіншіден, көрсетілетін қызметті алушылардан (фермерлерден) субсидиялар алудың орындылығын растау үшін олар қоса беретін қосымша анықтамаларды талап ету қажеттігі болмайды, өйткені талап етілетін ақпарат интеграциялар арқылы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын болады. Осылайша, жоғарыда аталған шаралар әлеуметтік шиеленісті едәуір төмендетеді, өйткені фермерлер жыл сайынғы абоненттік төлемді төлемейді және қосымша құжаттар ұсынбайды. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап бұл жүйе іске қосылды. Әкімдіктердің өтініші бойынша және фермерлердің өтініші бойынша оларды оқыту жүргізілуде. Бірыңғай байланыс орталығы, сондай-ақ Телеграмм мессенджерінде чат құрылды, онда фермерлер өздерін қызықтырған кез келген сұрақтарды қойып, жауап ала алады.