Аудандағы медициналық ахуалдың мән-жайын білу мақсатында аудандық орталық аурухананың бас дәрігерін қабылдап, елді мекендердегі жұмыстарды талқыладық. Жалпы алғанда, аудандық ауруханаға қарасты 30 мекеме жұмыс істесе, оның басым бөлігі ауыл-аймақта орналасқан. Онда барлығы 700-ден аса медицина мамандары қызмет етеді.
Алайда, дәл осы салаға қатысты шешімін күткен мәселелер де бар. Олардың қатарында аудандық ауруханаға дейінгі жолды жөндеу, тозығы жеткен жедел жәрдем көліктерін жаңарту сынды түйткілдер де бар. Сондай-ақ, шалғай ауылдарға медициналық пункт соғу да күн тәртібінен түспей отыр. Осы орайда, биылғы жылы Жиделі ауылында медициналық пункт бой көтеретінін айта кету керек. Одан бөлек, тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлейтін төлемдері де күрделі мәселелердің қатарында тұр. Аталған түйткілдерді шешу бойынша нақты ұсыныс-пікірлер тыңдалып, мәселелер жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар, ішкі саясат бөлімінің басшысын да жеке қабылдап, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен таныстым. Бұл өте күрделі сала болғандықтан, мұндағы әрбір жұмыстың тиянақты әрі сапалы орындалғаны дұрыс. Сондықтан да бөлім басшысымен бірге түрлі бағытта атқарылатын іс-шараларды толық қарап, алдағы жұмыс жоспарын бекіттік.