Сүлейлердің жалғасы, екі дәуір арнасы

Сүлейлердің жалғасы, екі дәуір арнасы

«Жыр алыбы» атты даңқымен ұлттық руханият тарихында өшпес орын иеленген ақиық ақын, жырау, жыршы, күйші, шежіреші, айтыскер Жамбыл Жабаевтың кіндік қаны тамған өлке асқаралы Алатаудың бөктерінен орын тепкен. Ұлы даланың көркін асырып, мерейін тасытқан сол асқақтықтың рухы Жамбылдың өнерпаздық болмысына да тереңінен ұялаған. Ол халықтық сөз өнерінің сайыпқырандары – Қазтуған, Доспанбет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, Шалкиіз, Сүйінбайлардың дәстүрін дамытуда жыраулық пен ақындықты асқан шеберлікпен тоғыстыра білген кәнігі өнерпаз.
Өнердегі жолы халықтық дәстүрдегі термешілік, жыршылық, күйшілік, тіпті ауыл арасында орындалатын жарапазан, тойбастар айтудан басталған Жамбыл кемелдене келе айтыс өнерінің майталманына айналды. Оның Сайқал қыз, Жаныс, Бақытбай, Бұрым, Досмағамбет, Бөлектің қызы, Айкүміс, Сара, Сарбас, Шашубай, Құлманбет, Майкөтпен арадағы өткен сөз сайыстарын жалпы қазақ халқының табиғи болмысына тән тіл шеберлігі, ұлттық интеллект, импровизаторлық сынды құндылықтардың дәлелі ретінде бағалау орынды.
Жамбыл айтыстарының мазмұны ұлттық дүниетанымның тұнбасы секілді әсер қалдырады. Нуы сең, суы сыңсыған тау бөктеріндегі тамылжыған табиғаттың ен қойнауында бұла өскен Жамбыл табиғаттың сыр пернесін басып, айтар ойын сол қоршаған ортаның көрініс-құбылыстарымен өрнектей отырып бейнелеп жеткізе білетін шебер суреткер. Ақын қиялының ұшқырлығы, эстетикалық талғамының нәзіктігі шығармашылық мұралары барысында кеңінен көрініс беріп отырады.
Мәселен, «Жел аударған қаңбақтай», «Қара дауыл құйындай», «Бұршақ ұрған жайлауда, былжырайсың шөптей боп», «Дауысым аққан судың сарынындай», «Қазып алған қурайдың орынындай», «Құмға біткен селеудей», «Қаһары қара дауылдай», «Жауар бұлттай түйіліп», «Тоң қақырап қар еріп» деген сынды табиғат көрініс-құбылыстарымен астастырыла өрілген бейнелі ой оралымдары аз емес. Жас ұрпақты креативті ойлау мен табиғи түрдегі таным түсінік қалыптастыруға дағдыландыру мәселесінде ұлт өнерпаздары мұраларындағы осындай бір ұрымтал тұстарға назар аударудың тиімділігі зор.
Жамбыл мұраларындағы қоршаған орта, табиғат көрініс-құбылыстары арқылы суреттелетін бейнелі сөз оралымдарының мағынасын талдап-танудың біржолата семуге айналған ұлттық жадымызды қайта жаңғыртудағы әрі креативті ойлау дағдысын ұштаудағы тиімділігі осындай талдау әдістері арқылы жүзеге асырып отырудың маңызы орасан.
Мәселен, Жамбыл шығармашылығында «қара дауыл құйындай» деген сөз образы бар. Осыған байланысты құйын, жел, дауыл дегендердің өзіндік айырмашылықтарын, осы табиғи құбылыстарға жапсарлас ақын қолданысындағы қара түстің мағыналық сыры жөніндегі өзекті ойға қозғау салынуы керек.
ХХI ғасыр көгінде қарқынды түрде белең алған өнертапқыштық бәсекесі шығармашылық тұрғыдағы креативтілікті талап етуде. Өнертапқыштықтың кілті – әрбір жеке тұлғаның белгілі бір сала, я ұстанған бағыты бойынша білім-білікті болумен қатар, соған қатысты үздіксіз шығармашылық ізденіс үстінде креативті түрде ой толғай білу шеберлігінің нәтижесінде жүзеге асатын құбылыс.
Демек, жаңашылдық адамның креативті түрде ойлау, ойлана білу дағдысының қалыптасу, даму жағдайынан барып туындайтын құбылыс. Ал, өскелең жасты оған баулу мен дағдыландырудың бірден-бір жанды қайнары – әдеби көркем шығармаларды талдап- тану әдістерімен де тығыз байланысты. Осыған орай, біз Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасына назар аударып көрдік.
Жамбыл қазақ елін отаршылдар тегіс ойрандап баққан ХIХ ғасыр мен азаттық аңсаған қалың жұрттың сеңдей қозғалып, тарихта «Жаңа заман» атты кезеңнің түңлігі түрілген ХХ ғасыр тоғысында ғұмыр кешті. Сондықтан болар, шығармашылық мұрасы да екі айрық дәуір аумағында өркен жайған әдеби дәстүрлер арнасын тел қамтыды. Жалпы, Жамбылдың өнерпаздық тұлғасына қатысты әрі ақын, әрі жырау деген түсінік қатар жүреді. Бірақ, қазақ әдебиеттану ғылымының хас білгірі М.Әуезов «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Жыраудың мақсаты, міндеті – не болса сол, көңіл ашар, әлде не дерлік сөзді айту емес. Ол заман сынын, мезгіл, дәуір болжамын, тарихи оқиғаның мазмұнын, бағасын сөз қылады.
Көбінесе әрі жырау, әрі би болады,» – деп анықтама беруіне орай, жамбылтану курсының алғашқы баспалдағы әуелі осы мәселенің аражігін ажыратып алудан басталғаны жөн. Қазақтың сөз өнеріндегі жыраулық дәстүр жөнін өндіре зерттеген ғалым Е.Ысмайыловтың да жыраулық поэзияның тақырыптық сипатымен ерекшеленетіндігін баса айтып өткені бар.
Жалпы, біздің өз пайымдауымызша, жыраулық поэзияға тән тағы бір ерекшелік – олардың ауызша поэзия өкілдері болып табылатындығында.
Ғылыми айналымда осы ақындық пен жыраулық өнердің арақатынасы мен ерекшелік белгілері жөнінде әлі күнге дейін нақты бір байлам жоқ. Жамбылдың өнерпаздық тұлғасына қатысты ақындық пен жыраулықтың қатар қолданылуы осыған байланысты болса керек.
Жамбылтануда осы мәселенің өзін ғана негізге ала отырып ғылыми тұрғыдан талдап, талқылау жұмыстарын жүргізудің барысында бірталай дүниенің байыбына баруға болады. Ол үшін ақындық пен жыраулық өнер туындыларының әрқайсысының өзіне тән белгілерін мазмұндық, теориялық, тарихи- танымдық, салыстырмалы сараптамалық, ұлттық көзқарас тұрғысынан жан-жақты дәйектеп, нақтылы дәлелдерге негізделген тұжырымдарға табан тіреуге болады.
Оған жыраулық поэзияның белгісі ретінде философиялық ой түйіндеу, толғау, «жаман мен жақсы» сынды өзара қарама-қарсылықты ұғымдардың ойға ілік етіп алынуы, өз заманына баға беру, қоғамдағы күретамырлы мәселелерге қозғау салынып, оның нақты шешімінің қарастырылатындығы секілді жайттардың барлығының тегіс қатысы бар.
Осылайша бұрыннан сөз болып келе жатқандығына қарамастан, әрбір оқушының өз бетінше ой толғап, зерттеу- зерделеу жұмыстарымен шұғылдануы ойлау дағдысын ұштаудың бірден-бір тиімді әдісі. Белгілі бір таным көзқарастың өзіндік ойлау тезінен екшеліп барып шегеленуі Абай айтатын «якини» әдіспен сәйкес келеді. Оқушының өз бетімен жыраулық поэзияның өзіндік ерекшелігі, ондағы тілдік қолданыс пен басқа да ерекшеліктерді айқындауы осы айтылып отырған жеке тұлғаның ақыл-ой безбенінің қуатымен жүзеге асатын игі амалдар санатына құрайды. Бұл жердегі басты мәселе – мұғалімнің оқушы назарын осы түйінді нүктеге қарай бағыттай отырып, әрі қарата оның шешімін оқушының өз бетімен ойланып, ізденіп, өзінің табан тіреп тоқталған тұжырым-пікірлерін негіздеп бере алуға дағдылануында. Осыдан кейін ғана оқушы қалыптасқан ой-пікірлерді сыншылдық көзқарас тұрғысынан екшей біліп, соған қатысты жаңашыл ізеністерге талпына бастауы заңдылық.
Оқушының өзіндік көзқарас тұрғысынан ой толғау шеберлігін ұштауда Жамбылдың арнау өлеңдерінің де танымдық-тағылымдық маңызы орасан.
Арнау өлеңдер Жамбылдың шығармашылық мұрасының алғашқы беттерінен орын алады екен. Зерттеуші ғалымдар Жамбылдың 14 жасында әкесіне арнап шығарған өлеңінен бастап шығармашылық өмірінің соңына дейін жалғасын тауып отырған арнау өлеңдердің 54-і ғана кітапқа түскендігін айтады. Жалпы көркемдік пішіні жағынан арнау түріне жатқанымен, ішкі мазмұны, тақырыптық, идеялық, көркемдік, бағыт-бағдарлық сыр-сипаты жағынан алуан қырлы болып келетін Жамбылдың арнау өлеңдерін талдап-танудың әдіс- тәсілдерінде де сара жолды таңдаған тиімді.
Өмірінің соңғы жылдары ел шетіне жау тиген ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келген ақиық ақынның сол кезеңнің «көсемі» саналған Сталиннің есімін көп ретте жырға қосқаны жасырын емес. Сол үшін де оны талай жұрт ағаш атқа мінгізуге күш салып бақты. Күллі Одақ көлеміне даңқы жайылған дала дауылпазының мәртебесіне көз алартушылардың қатарында өз қандастары түгілі, тіпті өзге ұлт өкілдерінің де табылып отырғаны рас.
Мәскеудегі зиялы қауым бас қосқан бір алқалы жиында қазақ жазушысы Мұхтар Мағауинге орыс халқының мүйізі қарағайдай бір атақты жазушысы: «Сіздер Жамбылды әлі де құрметтейсіздер ме?», деп тұтқиылдан сұрақ қойған екен. М.Мағауин ойланбастан: «Құрметтеп жеткізе алмай жатырмыз, бағасын біле алмай жатырмыз», дейді. Мұндай шалт жауапты күтпеген әлгі кісі: «Қалайша, ол Сталинді мақтаған ғой?», деп таңданады. Сонда сөз мергені М.Мағауин: «Сталинді ХХ ғасырдың ұлы ақыны Анна Ахматова мақтаған. ХХ ғасырдың ұлы жазушысы Пастернак мақтаған. Бүкіл дүние таныған Мандельштам мақтаған. Басқаларын айтпай-ақ қояйын. Бірақ, солардың бәрінен Жамбылдың мақтауы артық болды. Өйткені, Жамбылдың ақындық таланты артық еді» деп, қарсыласының аузына құм құйған жағдай жазушы қаламынан туған дүниелерінің бірінде баяндалған.
Осының өзі өрелі ой мен өрнекті сөздің үйлесімі арна табатын сөз өнерінде мадақталып отырған жанның өмірде кім болғандығы емес, соған байланысты туған шығармадағы ақындық шеберлік сырларының құнды болып табылатындығын әйгілейді. Жамбылдың арнау өлеңдерінің мадақ, сыншылдық, бата-тілек, дидактикалық, идеологиялық, эмоционалдық, философиялық қырларын ұлттық таным көзқарас тұрғысынан зерделеп, қорытып шығу оңай шаруа емес.
Осылардың байыбына жетіп, ара салмағын ажырата білу мақсатында оқушылардың, әсіресе сол арнау өлеңдердің туындауына түрткі болған факторларды тарихи принциппен ұштастықта, ұлттық сипаттағы таным көзқарас тұрғысынан елеп-екшей білуге дағдылануы келешек озық ойлы тұлға тәрбиелеудің бір негізі деп білеміз.

Рахат САЛАМАТОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
27.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 14
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 22
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 28

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1001
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7050
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10896
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7119
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7261