СЫМБАТ ІСІНІҢ ШЫНДЫҒЫ

СЫМБАТ ІСІНІҢ ШЫНДЫҒЫ

Сымбат ісінің шындығы үшін үздіксіз күрескен «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызының еңбегі ерекше. Бір жылдан астам уақыт бұрын елді елең еткізіп, алып-қашпа әңгіменің «тұздығына» айналған Сымбат ісіне нүкте қойылды. Сотқа дейінгі тергеу-тексеруді тоқтату туралы қаулы шықты. Шындық салтанат құрды. 

Кезінде өтірік-өсек пен қазақы отбасы құндылықтарына қарсы топтың «қолжаулығына» айналып кетуіне шақ қалған оқиғаға тосқауыл болып, істің мән-жайын білгендіктен, қазіргі жағдайды да оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Атап айтар болсақ, былтыр 10 желтоқсанда 29 жастағы Сымбат Құлжағарованың Нұр-Сұлтан қаласында биіктен құлап мерт болғаны туралы ақпарат тез тарап, қоғамда үлкен дау тудырды. Есіл аудандық соты осы қайғылы оқиға бойынша «марқұмның өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болды» деген сұрақ төңірегінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысын бастаған-ды. Әкімшілік протокол толтыру барысында Сымбат Құлжағарова бұған дейін де бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені және күйеуі Абай Әбдіғаниевтен ажыраспақ болғаны анықталған. С.Құлжағарованың екінші баласын туғаннан кейін мінез-құлқы өзгере бастаған. Оның күйзеліске түсіп, өз-өзімен арпалысып жүргенін пайдаланып, мәселенің мән-жайына терең бойламай, блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушылары жағдайдың ушығуына себеп болған. Ақыры Сымбат қайтыс болып, соған сәйкес қылмыстық іс жүргізіліп, әкімшілік сот Абай Әбдіғаниевті тергеуге кіріскен еді.

Сымбат Құлжағарова туралы әңгіме марқұмның көзі тірі кезінде-ақ блогерлердің араласуымен әлеуметтік желіде желдей ескенін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы «Сымбат Құлжағарованың өліміне кім кінәлі» (04.02.2021) деген мақаласында егжей-тегжейлі зерттеп, сараптап, жан-жақты жазған болатын. https://www.elana.kz/symbat-qulzhagharovanyng-olimine-kim-kinali/ 

Әсіресе «НеМолчи» секілді қоғамдық қор мен әлеуметтік желіде есесін жібергісі келмеген блогерлер (Перизат, Қайрат т.б.) Сымбаттың анасы Базаркүл Құлжағарова мен Абай Әбдіғаниевті (Сымбаттың күйеуі) марқұмның өліміне кінәлі етіп шығаруға бел шеше кірісті. Арандатушы топтың мақсаты – қоғамдағы әйелге қатысты зорлық-зомбылықты әшкерелеп, әйел теңдігі деген желеумен қазақ отбасындағы бабадан жалғасып келе жатқан дәстүр-салтты, әдет-ғұрыпты мансұқтау еді. Екі оттың ортасында неге сенерін білмей, Сымбаттың әкесі Боранғали істің толық, жан-жақты, әділ және объективті зерттелуін қамтамасыз етуді сұрап, Президентке видеоүндеу де жариялады. Жағдайдың ушыққаны сондай ненің шын, ненің жалған екенін ажырату мүмкін еместей көрінген кездер еді. Ақ пен қара тартысы, шырғалаңға толы алып-қашпа өсек-аяң гулеп тұрды. 

«Qazaqstan dauiri» газеті мен elana.kz сайтының ұжымы Сымбат Құлжағарованың ісін үнемі назарда ұстап, оқиғаның ақ-қарасына араша, ақиқаттың айтылуына себепкер болды. «Өкініштісі Сымбаттың қазасына араша бола алмадық, бірақ тергеу барысында әділдіктің айтылуына қозғау салдық» деп Сәуле Мешітбайқызы жазғандай, газет ұжымы дер кезінде нақты оқиғаның қалай басталып, қалай өрбігені жөнінде зерттеу мақала жазып, даулы істің мән-жайына үңілді. Жоғарыда айтқанымыздай кезінде Сымбаттың қазасы жөнінде қоғам пікірі екіге жарылды. Әсіресе «НеМолчи» қоғамдық қоры мен блогерлер (Перизат, Қайрат т.б.) Базаркүл мен Абайдың кінәлі болып шығуына соншалықты мүдделі болғаны қатты ойландырды. «НеМолчи» қоғамдық қоры Сымбат ісін қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың қолшоқпарына айналдырып, зорайтып көрсетуді мақсат етті. Сымбаттан күйеуінен зәбір көруші, күйеуі Абайдан «тиран» жасағылары келді. Айрандай ұйыған отбасының басына түскен сынақтан өздеріне ұпай жинауды көздеді. Тіпті тағдыры қыл үстінде тұрған отбасының ойранынан өз мүдделерін жүзеге асыруды көздегендердің әрекеті қорқынышты еді. Емші, балгерлер мен блогерлер араласып, «НеМолчи» қоғамдық қоры ушықтырған Сымбат ісі дәл сол кезде мәжілісте бірінші оқылымнан өтіп, қабылдануға шақ қалған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына жақсы сылтау болғаны да белгілі. Батысқа еліктеп, қазақы отбасылық дәстүрді мансұқ еткен топтың дәурені жүріп тұрған шақ еді. Тіпті орыс тілді блогерлердің «айы оңынан туа бастады». Әйел теңдігін желеу етіп, отқа май құйды.   https://www.ktk.kz/kz/news/video/2020/12/14/166887/ 

 

Ақыл айтар ақсақал, сөзге тоқтар ағайын жоқ па!?

Қайғылы оқиғадан кейін де көпшілік арасында, әсіресе Сымбаттың ағайын-туыстары ортасында, шындықты айтып шырқыраған, күйеу баласы Абайға араша түскен, қызы Сымбаттың ауытқушылық мінезінен хабары бар анасы Базаркүлді (ақшаға сатылды, екіжүзді, мейірімсіз, қызының өліміне кінәлі, өзі психикалық ауру болуы мүмкін) айыптап, кінәлаушылар қатары азаймады. Байғұс ана қайғыдан белі қайысып, өзі куә болған көп жайтты ашып айтамын деп «қарабет» атанды. Болған іске болаттай беріктік танытып, шешеден айырылған екі ботақанның әкеден тірідей айырылуына қасқайып қарсы тұра білді. 

Айлакер, арандатушылардың отбасы қайғысын өсек-аяң, дәлелсіз дауға айналдырып, Базаркүлге психикалық ауытқушылығы бар деп кінә тағуға дейін барды. (Бұл туралы газетімізде егжей-тегжейлі жазылған). Қазаққа жат, ұлттық құндылықтарымызға қайшы сыпсың сөз Сымбаттың әкесі Боранғалиды ұзақ жыл отасқан жары Базаркүлге қарсы қойды. Отбасының шырқын бұзды, шырғалаңға салды, адастырды. Бірақ Сәуле Мешітбайқызы өзі барып, ЖОО-да дәріс беретін Базаркүлдің әріптестерімен, студенттермен пікірлесіп, оның ұлағатты ұстаз, қамқор ана, аяулы жар екеніне көз жеткізіп, Базаркүл жайлы тек жақсы пікірлерге қаныққан соң Боранғалимен де сөйлесті. Шырқыраған шындықты жеткізді. Бірақ Боранғали иілмеді. Базаркүл де шындық үшін шыбын жаны шырқырап, ақиқаттың айтылуына себепкер болды. Қандай жағдай болмасын отбасының ұйтқысы, ақиқаттың жаршысы болу Базаркүлдей қазақтың қайсар қызына жарасады. Оның еңсесін көтеріп, бойын тіктеуіне қиын-қыстау кезде қол ұшын беріп, демеу болған, қолдау көрсеткен ұжымына, әріптестеріне, сыныптастары мен дос-құрбыларына, студенттеріне алғыс айтамыз. Адалдығына сенген айналасының қолдауы Базаркүлдің өзіне деген сенімін оятып, жігерін қайрады. 

Ағайын-туыстың күдігі тіпті жан жары, балаларының екіұдай күйдегі көзқарасы да Базаркүлдің шындық үшін талмай күресуін талап етті. Бірақ қара жамылып, зар еңіреп қалған Базаркүлдің жан жарасы жазылар ма? Ана жүрегі бәріне шыдайды. Қазір Сымбаттан қалған екі ботақанның амандығын тілеумен отыр. Күйеу баласы мен құда-құдағи арасындағы сыйластық жібін үзбей, әділдіктің салтанат құратынына сенді.  

Ұзаққа созылған тергеу-тексеру марқұмның өлімнен кейінгі сот психологиялық-психиатриялық сараптамасының қорытындылары нәтижесінде Сымбат ісінде ешқандай қылмыстың, қылмысқа итеру ниеттің болмағаны анықталды. Сымбат екінші баласын босанғаннан кейін емделемін деп Талғат деген емшіге қаралып жүргені, ол емшінің гипнозбен емдедім деп үнемі ақша алып, Сымбатты адастырғаны белгілі болды. Базаркүлдің сіңілісі Тамараның да «отқа май құйып», ажырас деп Сымбаттың басын қатырғаны, Перизат деген блогердің Сымбаттың басында болған әртүрлі психикалық ауытқушылықты пайдаланып, әлеуметтік желіде жағдайды ушықтырғаны дәлелденді. Тіпті Сымбатқа жаны ашығансып, балаларын алып қашып, шаңырақтың шайқалуына мүдделі болған Тамараның да пиғылы белгілі болды. Сымбат қайтыс болғанда Тамара топырақ салуға да жарамады. Білуімізше, әлі күнге дейін балалардың халін де сұрамаған, хабарласпаған. Сымбаттың анасы Базаркүл қазір өткен іске өкінгенмен, «Ит мені қапты деп, оны қапсам, адамдық аузымда не қасиет қалады» деп сабырмен отыр. Дегенмен мәселенің анық қанығын білмей, отбасындағы «түймедейді түйедей еткендер» жазаланғанын да қалайды. Сымбаттың ауыр күйін пайдаланып, әсіресе Талғат, Перизат секілді арын сатқандар сот алдында, ар алдында жауап берсе дейді.

Сымбаттың психикасында ауытқушылық болғаны рас, оған психологиялық-психиатриялық сараптамасының қорытындылары айғақ бола алады.  Осы жағдайды өздерінің пайдасы үшін саудаға салғандар жазасыз қалмауы тиіс. Жаны ашығансып, жан-жақтан қаумалап, «күле қарап, күңірене әрекет» еткен блогері, емшісі бар қаныпезерлер бір емес екі әулеттің шырқын бұзып қана қоймай, қол ұстасып, бақытқа қадам басқан жас жұбайлардың шаңырағын ойрандап, оқығаны мен тоқығаны мол, ибалы-инабатты Сымбаттың аңдаусызда өз-өзіне қол жұмсауына себепкер болды. Қазақы отбасының қасиетті құндылықтарынан аттап, отағасын отанасына қарсы қойды. Әлеуметтік желінің әлегі бір шаңырақтың шайқалғанына, анасыз қалған балалардың тағдырына алаңдауды емес, нақты зерттеліп, зерделенбеген дүниенің бетін ғана сылып алып, шулауға желеу болды. Толық зерттелмей, сот шешім шығармай жатып арандатушылар «Неткен оңбаған, неткен басбұзар, отбасын ойрандап, әйелін ұрып-соғып, ақырында 11-қабаттан құлауға себеп болған, бала-шағасын тоз-тоз қылған жігітке» қара күйе жағып, өздерінше үкім шығарып жатты. Ақпаратты да өздеріне қолайлы мазмұнда таратты, Осыдан-ақ әлеуметтік желіні тиімді пайдаланса пайдасы, тиімсіз қолданса зияны шаш етектен екеніне отбасының шырқын бұзып, ақырында жап-жас келіншектің өліміне себепкер болуы дәлел болуға жарап жатыр.

 https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=2080190488782342&id=100003742330411

Сымбат пен Абайдың арасына от салып, өз пайдасын көздеген арандатушылардың «арманы» (ажалға алып келгені) орындалғанымен, шындық шырқырап, ақыры ақиқат айтылды. Күдік сейіліп, әділдік орнады. «Qazaqstan dauiri» газеті мен elana. kz сайтының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызының әу баста алаң болып,  журналистік зерттеу жасағанынан кейін Базаркүл (Сымбаттың анасы) мен Абайдың (Сымбаттың күйеуі) ауру меңдеген Сымбатты бақылаусыз жіберіп алғандығы бірінші үлкен қателік деп жазғаны ұмытыла қойған жоқ. Шындығында психикасында ауытқушылығы бар адамның кім көрінгеннің жетегінде кететіні жасырын емес. Жындыханадан  алып шығарда да ағайын-туыспен ақылдасып, ештеңені жасырмай айтып, ағайынды дәрігерлермен кездестірген кезінде орын алған сенімсіздік болмаған болар еді. Кішкентай ғана қос бүлдіршінді шырқыратып, көкпарға салғандай әрекеттің орын алуы екі жақтың түсінісе алмаған, кикілжіңнің кесірі еді. Амал жоқ болары болды, өмір жалғаса береді. 

 

Арандатушылар жазалануы тиіс!

«Қазір Сымбаттан қалған қос құлыншақ қайда, қалдары қалай, құда-құдандалы болған екі әулет түсінісе алды ма екен?» деген алаңдаулы көңілмен, марқұмның анасы Базаркүлге хабарласқан едік. ««Құдай салды, құл көнді» демей ме қазақ, балалар аман, өзінің ата-әжесі мен әкесінің қасында, өзім үнемі хабарласып, видеомен де сөйлесіп тұрамын. Мен әу бастан Абайға да, құда-құдағиға да кінә артқан емеспін. Қызым ауырып жүрді. Емшіге қараламын деп арандап қалды. Бірақ екі әулет түсінісе қоймады... Ағайынның да қабағы қатулы. Қызымның әкесінің де жабырқау көңілі жадырар емес» деп ауыр күрсінді, Базаркүл. Хакім Абай: «...Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, Қаза көрген жүрегі жаралы – ол» демей ме!? Жүрегі жаралы, көңілі қаралы болса да ана жүрегі ақиқатқа көнді. Базаркүл өз ісіне өкінген емес. Өкінетіндей де ештеңе істемеді.  Иә, «...Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» деген де Абай. Ақиқат айтылғанымен, сөзге тоқтап, ақылға келуге енжарлық бар, ағайын арасында.

Сондықтан қаралы үйдің мұң-наласын өз мүддесіне, пайдасына асырғысы келген Тамара (Базаркүлдің сіңілісі), емші Талғат, блогер Перизат, Қайрат секілді арандатушылар жазасын алуы керек. Балаға анадан жақын кім бар? Баласы Сымбат үшін шыбын жаны шырқырап, ащы болса да шындықтың айтылғанын қалап, жазықсыз жандар жапа шекпесе екен деп жанұшырған Базаркүлге «жығылғанға жұдырық» болғандар ар алдында да, Құдай алдында да жауап беруі керек. Арандатқандар адам сотынан аман қалса, ар сотынан құтылмас. Екі әулеттің шырқын бұзып, шаңырағын шайқалтқандар заң алдында жауап беруі тиіс. Сол Тамара, Сымбат пен Абайдың ажырасуына соншалық мүдделі болған Тамара бүгінге дейін Сымбаттан қалған екі ботақанның басынан сыйпап, маңдайынан иіскеуге жарамайды. Аңырап қалған апасы Базаркүлге хабарласуға дәті жетпейді. 

Кімнің кім екенін көріп-біліп отырып, әулетке ақиқатын ашып айтар, сөз ұғар, сөзді ұқтырар аузы дуалы бір ақсақал болмағаны қалай? Марқұмның басына суретімен құлпытас қою дінге қайшы шығар, бірақ ақыры құлпытас қойғаннан кейін анасының атын тас қойғандар қатарынан сызып тастау қай әдет-ғұрыпта бар еді. Бабадан қалған ұлттық ұғымымызда анадан ардақты, анадан асыл бар ма еді?! Оқиғаның шындығы мен шырғалаңына куә болып, бір Сымбаттың жанын сақтап қалсам деп шырылдағанымен, бүгінгі күні Сымбатынан да айырылған Базаркүлдің, аңырап қалған жанын, қайғы-мұңын неге ұққылары келмейді? Екі ортада жаутаңдап, ана алақанына зар болып қалған қос ботақанның халін кім сұрапты? Мұсылманда «үш күннен артық кек сақтаған кәпір» деген тәмсіл бар. Ендеше Сымбаттың басынан өткен жағдайдың, анасы Базаркүл тартқан азаптың шындығы мен шырғалаңы айтылып, мыңдаған адамның көзі жеткен ақиқатқа Боранғалидың (Сымбаттың әкесі) жүрегі неге жібімейді? Әлі де анасы Базаркүлге наразы (Сымбаттың туған сіңілісі) Гүлбану шындыққа неге иланбайды? «Өлгеннің артынан өлмек жоқ». «Бармаса, келмесе жат болатынын» білген қазақта ағайын арасын жақындастырып, араласып кетуіне тілекші қариялар болған. Қай қазақ қаралы шаңырақтың қайғысын тереңдетіп, болған істің бояуын қалыңдатқанын естіп едік?

Неге екі әулеттің қасірет бұлтын сейілтер ақсақал табылмайды? Шырқы бұзылған отбасының бірлігіне, қос құлыншақтың екі ортаға дәнекер болып, ойнап-күлуіне, еркелеп өсуіне, құда-құдандалы жұрттың татулығына, мыңжылдық қақысына, ара ағайын болар ақсақал қайда? Қара жамылған отбасының қайғысын жеңілдетер көңіл айту қазақтың қақысы емес пе еді?!  

Түйін: Сымбаттан қалған екі құлыншақ қазір ата-әжесінің қасында, әкесінің құшағында. Егер дер кезінде «Qazaqstan dauiri» газеті мен elana.kz сайтының ұжымы араласпаса, жағдайдың қалай ушығып кететінін ойлаудың өзі қорқынышты. Әсіресе уақытының тығыздығына қарамай мақалалар жазып, терең зерттеген, аяғына дейін күрескен  Сәуле  Мешітбайқызының еңбегі ересен зор. «НеМолчи» қоғамдық қоры мен Перизат, Қайрат секілді блогерлер, бала құқын сылтау қылып, екі бүлдіршіннің тағдырын талқыға айналдырып жіберуге шімірікпес еді. Тамара секілді жандайшаптар, қаны қарайған ашкөздер екі баланы анасынан айырғанымен қоймай, әкесінің, атасы мен әжесінің бір көруіне зар қылудан тайынбас еді. Сымбаттың қырқынан кейін әкесі қорғаушылардың күшімен екі баланы зорға алғанын да жазғанбыз. Әкесімен еңіреп көріскен екі ботақанның жағдайы дәрігерлер мен психологтардың көмегімен оңалғанын көзіміз көрді. «Аққа Құдай жақ» деген. Адвокаттар Әлия Ахметжанова мен Риза Нұрбаеваның біліктілігі мен табандылығының арқасында даулы іске нүкте қойылып, әділдік орнады. Шырғалаңы көп даулы істе екі ботақанның жағдайын, Сымбаттың халін, Базаркүлдей ана мен Абайдай ұлдың жанайқайын жан жүрегімен сезінген қорғаушылардың еңбегіне де бас иеміз. 

 

Әлеуметтік желілер мен блогерлер қол ұстасып, бақытты болсақ деген екі жастың армандарының күлін көкке ұшырып, жаc жұбайлардың басына түскен сынақты сылтау етіп, дәл сол кезде Парламентте талқыланып жатқан «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына қолжаулық еткісі келген арам пиғылын әшкере ете алдық. Оқиға ушығып тұрған уақыттарда мән-жайды ашық айтып, анығын зерттеп-зерделеп, саралап, талдап оқырманға жеткіздік. Сайттарымыз бен газетімізде жарияланған мақалаларға оқырмандарымыз қолдау білдіріп, мыңдаған ой-пікірлерімен бөлісіп жатты. Дер кезінде сараптама мақалалар ұсынып, шынайы ақпарат жариялауға мүмкіндік берген басшылыққа да алғыс айтамыз. «Көп түкірсе, көл» деген, оқырман қауым, күшіміз әділдік пен бірлікте! Әрқашан ақиқаттың жаршысы болу – басты мақсатымыз...  Бір болайық! Құқымыздың шектелмей, әділдік орнауына бірге атсалысайық!

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
24.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541