Шындықты айту ел келешегі үшін қажет немесе люстрация не үшін керек?

Шындықты айту ел келешегі үшін қажет немесе люстрация не үшін керек?

Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттан бері қоғамның дамуындағы өзгерістер, халықтың күткен үмітін ақтамай, экономикалық дамудың деңгейі, әлеуметтік мәселелердің шешілуі көпшіліктің көңілінен шықпай отырғаны белгілі. Осы жағдайға байланысты халық арасында тараған пікір бойынша, шешу тілейтін мәселе Кеңес дәуірінен қалған ел басқару жүйесіндегі кадрлердің экономикалық дамуды ұйымдастыруға дәрменсіздігі мен жемқорлықтың етек алуын атайды. Биліктің кадр таңдауға, оны үйретіп жетілдірудегі кемшіліктерге көңіл аудармайтыны орын алған. Кадр мәселесі жершілдік, рушылдық және тамыр, жекжат, таныстар мен туысқандықты қолдаудың кең тарағанын көрсетеді. Осыған байланысты билікте люстрация жасап, жаңалық әкелетін ары таза, халыққа адал қызмет ететін білімі, тәжірибесі бар мамандар қажет екендігі айтылып жүрсе де, қоғамда оны еститін құлақ, көретін көз жоқ қалыптасқан.

Біздің қоғамда люстрация не үшін қажет деген мәселенің жиі көтеріліп жүргеніне биліктің көңіл бөлмеуі билік жүйесіндегі іскерліктің сапа деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар осы мәселенің қоғамда туындауына басқа да себептер бар ма деген ой да туатыны белгілі. Ал билік жүйесі болса, бұл ойдан шығарып, жұрттың көңілін түкке тұрмайтын, негізі жоқ мәселеге аударып жүрген сияқты дегендей, оған көңіл бөлмей келе жатқанына отыз бес жылдан асты. Бірақ әлі күнге дейін біздің қоғамда экономикалық, әлеуметтік жағдайдың дамуы жылдан-жылға жақсарудың орнына, қаржылық жетіспеушілікті алға тартып, шетелден есепсіз қарыз алу орын алып отыр. Оның аяғы жақсылыққа апармайды. Жер қойнауының байлығында, халықтың еңбегі арқылы келетін байлықты да сатып жатса да, елімізде аз ғана топтан басқаға баю жоқ, тек кедейлену жалғасып жатыр. Шетелден инвестиция тартудағы және олармен бірігіп жасаған кәсіптегі экономикалық сауатсыздық пен жемқорлықтың ықпалынан туып отырған тиімсіздіктен зиян шегудің салдарынан халықтың жағдайында өзгеріс жоқ. Қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін қоғамдағы ішкі қарым-қатынастың өзгеріп жетілуіне тиімді ықпал ететін механизмнің жоқтығы елдің келешегіне, экономикалық және саяси тәуелсіздікті сақтауға зиян әкелетін қауіптерге жол ашуы аян. Осы аталып отырған кемшіліктердің ықпалы қоғамның өзгеріп жетілуіне, ғылымның, мәдениеттің, халықтың ынтымағы деңгейінің дамып өсуіне және мемлекетшілдік сананың қалыптасуына кері әсер етіп, тежегіш болып отырғанын ұғу қажет. Бірақ та осы қоғамдағы қалыптасқан жағдайды қалай шешуге болады деген сұраққа жауап іздеп, оны шешу жолын ұсынған не биліктің өкілі, не ғалым-қоғамтанушы, болмаса экономика саласының профессорлары мен академиктерінің үні естілмейді. Оларды ұғуға да болады. Билік өз кемшілігін айтқанды ұнатпайтындықтан сақтанып, өздерінің отырған орнын сақтау керек шығар. Біздің қоғамда бұл шындықты айтқанды қудалау орын алғаны белгілі. Бірақ та шындықты айту ел келешегі үшін керек. Бұл келешек ұрпақ үшін қажет. Ұлттың тағдырын ойлайтын уақыт жеткенін ұғайық. Елдегі осы жағдайға халықтың да енжар, жігерсіз, бірлігінің жоқтығы ықпал еткені аян. Ел мен жердің келешегін ойлайық.

Қоғамның дамуына кері әсер ететін мәселелердің пайда болуына алып келетін негізгі қателерді анықтап алмай, оны түзету мүмкін емес. Сондықтан біздің қоғамда билік жүйесінде люстрация жасау қажеттілігінің қайдан пайда болғанына көңіл аударайық. Бұл мәселе өзінен-өзі пайда болған жоқ. Ол кешегі социализм жүйесінен нарықтық капитализм жүйесіне көшу кезеңінде жіберілген қателіктен туындап отырғаны белгілі. Ол ел билігін өз қолында ұстап, жауапкершілікті мойнына алған Назарбаевтің ел басқарудағы тәжірибесі, білімі мен мінезіндегі кемшіліктерінен туындаған мәселе. Өмір ақиқаты – ешбір адам, әсіресе қоғамды басқаратын пенде әмбебап, қателеспейтін, білімді, білікті болып тумайды. Эрудиция деңгейі жоғары болғанымен, терең философиялық талдау жасап, халықты тыңдай білетін, мінезі бар, зерек, келешекті болжай алатындар сирек болады. Нұрсұлтанның өмірде өзімшіл, тәкаппарлығы басым болғаны аян. Бұл жала жабу емес, оны өзінің барша жұртқа белгілі өмірдегі ісі көрсетіп отыр. Өз пікірін қолдағандарды жинап, тәжірибесі, пікірі барларды маңайына жолатпай, ондайлардың пікірімен санаспауы қоғамның дамуына, елдің келешегіне кедергі болғаны аян. Оның ең үлкен бірінші қатесі – нарықтық капитализмге көшуде (капитализм мен социализм формациясының даму айырмашылығын ұқпай) демократияны жалау етіп ұрандап, өзі үйренген кеңестік партократияға тән билік жүйесімен басқаруы болды. Дүниежүзілік қоғам даму тәжірибесі мемлекет басқаруды ғылыми негізде жүргізген елдің ғана даму деңгейі жоғары болатыны, экономикалық даму заңдылығы екенін дәлелдейді. Екінші қатесі – ресейлік даму бағытын ойсыз көшіріп, агро-өндірісі, тау-кен және энергетика салалары бар экономикалық дамуы орныққан республиканы «приватизацияға» ұшыратып, ұлттық байлықты талан-таражға салуы, мемлекетті ғылыми басқару қажеттілігінен хабары жоқтығының салдарынан ұрлық пен жемқорлықтың жайылуы орын алды. Үшінші қатесі – кадр таңдауда жіберген кемшіліктері. Ол тек өзі не айтса, соны орындайтын, халық пен жергілікті орындармен жұмыс істеу үрдісі талдау арқылы, ақылға салу, тәжірибеге сүйену емес, тек бұйрық орындауды үйренген жағдайды қалыптастырды. Халықты естуге ынтасы болмады. Хрущевтің кадр іріктеу әдісін пайдаланып, тәжірибесі жоқ, тек теориядан хабары бар жастарды таңдап, өзіне табынып, қарсы пікір айтпайтын кадрлерді жинады. Осы қателіктердің салдарынан еліміздің келешегіне экономикалық тәуелділік өсіп, саяси тәуелділіктің аяғы қайта бодандықтың бұғауына түсу қаупіне жол ашты. Адамзат өркениетінің даму тәжірибесінде қоғам өмірінде өзгеріс болып, билік басындағы тұлғалар ауысып, өткінші мерзім кезеңінде (транзитный период) терең өзгерістердің болатыны қалыптасқан заңдылық құбылыс. Елімізде президент өз еркімен демалысқа кетіп, орнына жаңа президент сайланғаннан кейін халық өзгерістерді күткені еді. Жаңа президентке халық көп үміт артқан болатын. Оның соңынан сөз ермеген, халықаралық өмірінен хабары бар, басқа мемлекеттердің тәжірибесімен таныс болғандықтан, оған халықтың сенім артатын көзқарасы қалыптаса бастаған болатын. Оның «Жаңа Қазақстан» бастамасы және Қаңтар оқиғасынан соң жұртты үміттендірген сөздері халықтың ризашылығын тудырып, оған деген сенімдері артқан еді. Бірақ қоғамда нақтылы өзгерістер сөз ғана болып, нақтылы істердің ауылы алыстай бергені халықтың үмітін солғындандырды. Халықтың үмітінің азаюы биліктің қоғамның ішкі өмірінен тәжірибесі жоқтығы, кадр таңдауда жігерсіз, ұлт намысын ойламайтын кадрлердің қоршауында қалып, дұрыс кеңесшілер мен тәжірибелі, ел арасында беделі бар, халқына адал адамдардан команда құра алмауы болып отыр. Соның салдарынан «Жаңа Қазақстандық» өзгерістің орнына қоғамда халық пен билік арасына сызат түсіріп, қоғамның даму үдерісінің бағыты өзгергені белгілі. Билік өз еркімен, демократиялық бағытты тежейтін назарбаевшылдардың ықпалымен «жаңа» суперпрезиденттік партократиялық бағыт ұстанатын жол таңдау – артқа шегініс. Бір адам ғана елді билеп, халықтың сайлау құқынан шектелуі, Кеңес дәуіріндегі еркін ойлау мен сөз бостандығына тежеу әкелетін әкімшілік, полицейлік тәртіп орнату жолын таңдауы енді люстрация дегеннің ауылын алыстатып тастады. Қоғамның іші екіге бөлініп, бірі ұлт келешегін, жаңа қоғамдық сана қалыптастырып, әділетті, теңдікті қолдайтын мемлекет болуды қаласа, бірі ондаған жылдар ұрлық, жемқорлық арқылы тапқан байлығын сақтаудың жолын ұластыруды ойлап, ұлтының тағдырынан гөрі өздерінің мүддесін қорғаумен қоғамның дамуына тежеу әкелуді қолдап отыр. Біздің ел неге осы жағдайға тап болды? Ұққан адамға бұл сұрақтың жауабы бар. «Ештен кеш жақсы» дегендей, алдағы уақытта айтылған кемшіліктерден билік нәтиже шығарса, әлі де болса үміт жоқ емес. Үміт сенімге айналып жатса, құба-құп. Қазіргі қоғамда пайда болған осы келеңсіз жағдайдың пайда болуы дер кезінде ғылыми сараптамалар жасап, билікте люстрацияның жасалмағанының салдары екені күмән тудырмайды. Қазақтың дана сөзі: «Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап» дегені келіп отыр.

Болат ДҮЙСЕМБІ, 

 экономист-саясаткер, публицист

 

17.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24694
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24359
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41801
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37678
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42094