Балам Шыңғыс Айтматовтың мұражайына апарамын дегеннен ұлы жазушының мұрасын көзбен көргенше тағатсыздандым. Мұражайдың иесі Айтматовтың кіші баласы Элдармен уақытының тығыздығына қарамай бізді шақырды. Мұражайға кіреберісте жүз метрдей жерде күзет бар екен. Бізді әрі қарай жібермеді. Элдармен телефон арқылы сөйлескеннен кейін барып, бізге ізеттілік білдірді. Мұражайдың кіре берісінде есікті ашып өзі күтіп алды. Ұлы адамның жүрген, тұрған жері. Іштей дұғамызды айтып, қарапайым ғана бір қабатты үйдің табалдырығын аттадық. Кірген бетте қабырғада Шыңғыс ағамыздың қолдан салған үлкен суреті ілулі тұр екен. Соған бір, бізді қарсы алған баласы Элдарға бір қарап, бірден «Әкеңізден айнымайды екенсіз» дедік. Оң жақта Шыңғыс Айтматовтың әке-шешесінің суреттері ілулі тұр. Шыңғыс ағамыздың еңбектері әлемнің 174 тіліне аударылған екен, сол кітаптар келесі бөлмеде бір қабырғаны алып қаздай тізіліп тұр. Ішінде Өтеген Оралбаевтың және менің жұбайым, марқұм Рахымбай Ханалының түсірген суреттері де бар. Жазушының кітаптарының жалпы таралымы 80 миллионды құрайды. Екінші қабатта «суреттер сөйлейді». Шыңғыс ағамыздың барған елдері, кездесулер, әлемнің түпкір-түпкіріндегі достары. Бір бөлме жеке өміріне арналған суреттерге толы. Қарасаң көзің тоймайды. Қазақстан жазушылар одағымен, оның ішінде Әнуар Әлімжановпен бірге талай жұмыстар атқарған екен. Сол бөлмеде СССР кезінде 1990-1994 жылдары Люксембургте елшілікте болған екен. 2008 жылдың наурыз айына дейін Германияда болыпты. Суреттерінен Францияда, Бенилюкс, Бельгияда, Люксембург, Нидерланды елдерінде елшілік қызмет атқарғаны көрініп тұр. Шыңғыс Айтматов Социалистік Еңбек Ері, Қырғызстан Республикасының батыры, Қырғыз ССР-ның халық жазушысы, Қырғызстан академиясының академигі, Ленин атындағы сыйлықтың лауреаты, үш рет СССР мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, көптеген әдебиет сыйлықтарының иегері. Осындай үлкен дәрежеге жетуіне себеп болған, тәрбиеленген ортасы қандай болды екен деген сұраққа келесі бөлме жауап береді.
Жазушы 1928 жылы 12 желтоқсанда Шекер деген ауылда, Қара Бүүррі ауданы, қазіргі Талас облысында туылған. Айтматовтар отбасы орысша және қырғыз тілінде сөйлесетін болған. Осыдан болу керек, Шыңғыс ағамыз екі тілді де жақсы меңгерген. Анасы – Нағима Хамзиевна Абдуалиева, әкесі – Төреқұл Айтматов. Әкесі Төреқұл балаларының терең білім алуына көп көңіл бөлген. Шыңғыс 2-класқа дейін Мәскеуде білім алған. Мәскеуде тұрғанда әкесі баласын ертіп алып, Жазушылар одағының жанында, жақын арадағы демалыс саяжайларында демалады екен. 1936 жылы жазушы Максим Горький қайтыс болғанда, ол кісінің денесін Сталиннің өзі көтеріп шығыпты, әкесі мен баласы осы сәттің куәгері болған. Кино үйінде болатын кездесулерге жиі қатынасқан. Шыңғыс ағамыздың есінде қалғаны, әкесі екеуінің көрген киносы – «Соловей Соловушко». Осы киноны көргеннен кейін бала көзіне жас алып, аяушылық білдірген. Осыдан-ақ әкесі баласының көңілінің бос, әр нәрсеге аяушылықпен қарайтын қасиетін байқапты. Он төрт жастағы Шыңғыс Ұлы Отан соғысы кезінде ауылдық советті басқарған. Ең алғашқы шығармасы – «Газетчик Дзюйдо», сол кездегі «Комсомолец Киргизии» газетіне шыққан. Содан бастап ол шығармашылыққа бет бұрады. Әкесі Төреқұл Айтматов Қырғыз ССР, коммунистік партиясының екінші хатшысы болып қызмет жасаған екен. Қырғыз ауылшаруашылығында жұмыс жасап жүргенде Мәскеу қаласында халық жауы болып ұсталып, Бішкекке алып келеді. 1938 жылы бір топ азаматтармен қосып ату жазасына бұйырады. Қазір олар «Ата бейітінде» жатыр.
Шешесі Нагима Абдуалиева – татар көпесінің қызы. Қырғыз әйелдерінің қозғалысын басқарады. 1937 жылы «халық жауының әйелі» деп ұстап әкетеді. Бір жағынан, Шыңғыс Айтматовтың қазақ халқымен жақын достығының себебі. 1948 жылы Жамбылдағы зоотехникумды бітіріп, диплом алады. Қырғыздың зерттеу институтында аға зоотехник қызметін атқара жүріп, өзінің шығармаларын екі тілде жазып, Қырғызстаннан шығатын басылымдарға беріп отырады. 1953 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы ауылшаруашылық институтын бітіріп, диплом алады. 1958 жылы Мәскеудегі жоғарғы әдебиет институтының курсында оқып, әдебиетке қарай бет бұрады. Ең бірінші повесті «Лицом к лицу» деген атпен жергілікті «Ала Тоо» журналынан басылып шыққан. Іле-шала атақты «Жамиласы» әлем халықтарының аудармасында оқылып, киносы шығады. Шығармашылдық өмірбаяны туралы тыңдап, жұмыс бөлмесіне де келдік. Қол машинкасы, сия сауыты, отырған орындығы Шыңғыс ағамыздың түр-тұлғасын көз алдыңа елестетеді. Жазуын жазады да машинкаға басып, ұнамаса умаждап қоқыс жәшікке тастайды екен. Оның бұл қылығын білетін әйелі Мәрия Айтматова оны жинап алып, ертесіне өзіне береді екен. Бөлме тола сөредегі кітаптар. Ойға ой түрткі болатын сол кітаптардың ішкі мазмұны екені сөзсіз. Екі рет үйленген. Екінші әйелі Элдардың анасы Мәрия Айтматова ВГИК-тың түлегі. Кинорежиссер. Өле-өлгенше қасында болған. Ең соңғы шығармасын 2006 жылы жазған, «Когда падают горы». 2008 жылы Қазан қаласында кино түсіріп жүргенде екі өкпесіне суық тиіп, Люксембург қаласына алып келеді. 10 маусымда 2008 жылы Германияның Нюргберг қаласында ауруханада қайтыс болады. Өзінің тілегі бойынша «Ата бейітіне» әкесінің қасына апарып жерлейді.
«Әкеңнің артында қалған қазынасын жинайық, мұражай жасайық» деп анам бастама көтерді деп еске алды Элдар. Элдардың мамандығы да өнерге жақын екен. Әр тақырыпта салған суреттері бір бөлмеде ілулі тұр. Шығармашылық табыс тіледік. Шыңғыс Айтматовтың артында 4 бала – Санжар, Асқар, Элдар, қызы Шырын қалды. Элдар – Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық қордың президенті. Асқар 2002-2005 жылдары Қырғызстанда шетел Ішкі істер министрі қызметін атқарды. Қызы Шырын Қырғызстан парламентінде депутат болған. Азғантай болса да Шыңғыс ағамыздың өмірі туралы осындай мағлұмат алдық.
«Мамам 2021 жылы пандемия кезінде қайтыс болды. Әкем туралы жинайтын мағлұматтар әлі көп, егер сіздерде әкем туралы суреттер, басқа да материалдар болса, беріңіздер, қуана қабылдаймын», – деп, Элдар бізді ризашылықпен шығарып салды. Шыңғыс ағамыздың Қазақстанға Эльдар, әйелі Мәриямен келген кездері, сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің редакторы, марқұм Сейдахмет Бердіқұлов пен осы газеттің тілшісі, ақын Өтеген Оралбаевпен түскен суреттеріне қарап, бір тамшы болса да ұлы адам туралы естелік тастағанымызға қуанып қайттық. Жазушы мұражайынан әсерленген болу керек, немерелерім де үйге жеткенше ой үстінде үнсіз келді. Жақсының аты өлмейді.
Априза АЙТБАЕВА,
Қырғыз Республикасы
Бішкек қаласы