Сыртқы саясатқа беріктік ел ертеңіне сенім ұялатады

Сыртқы саясатқа беріктік ел ертеңіне сенім ұялатады

Мемлекет басшысы халықаралық және сыртқы саясатқа ерекше назар аударып отыр. Оған соңғы уақыттағы кездесулері айқын дәлел. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесуде (11 сәуір күні) қонақжайлықпен қарсы алып, бүгінгі бейресми кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.

– Шын мәнінде, қазіргі геосаяси құбылмалы жағдайды ескерсек, бұл сапарымды өте маңызды деп айтсақ, қате болмас. Өзбек елі – Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес. Біз осы сапар барысында өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасамыз. Күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынасымыз бойынша бірқатар аса маңызды мәселе бар. Алайда біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік я болмаса кедергі жоқ. Қол қойылған жобалар, жоспарлар бірте-бірте орындалуда. Біздің Үкімет барлық келісімдерді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр. Менің бақылауыммен тиісті жұмысты атқарып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның халықаралық және сыртқы саясаты көпжақтылық, теңгерімділік және прагматизм принциптеріне негізделген. Ол ұлттық мүдделерді қорғауға, аймақтық қауіпсіздікті (әсіресе Орталық Азияда) қамтамасыз етуге және шетелдік инвестиция тартуға бағытталған. Сыртқы саясатты Сыртқы істер министрлігі (СІМ) үйлестіреді, оның басты басымдықтары — Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО және түркі әлемімен стратегиялық серіктестік. Бұл серіктестік қазір жанданып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаты — теңгерімді, көпвекторлы және прагматикалық бағытқа негізделген. Ол ұлттық мүддені қорғай отырып, Ресей, Қытай, АҚШ, Еуроодақ және Орталық Азия елдерімен сындарлы қарым-қатынасты нығайтуға, халықаралық беделді арттыруға және дербес саясат жүргізуге бағытталған. 

14 сәуір күні Мемлекет басшысы Беларусь сыртқы істер министрі Максим Рыженковты қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-белорус стратегиялық серіктестігінің қарқыны жоғары екенін атап өтті.

– Біз Сіздермен барлық салада ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударамыз. Беларусь мемлекеттілігіне, оның төл мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Ықпалдастығымыз, әсіресе, экономикалық салада дәйекті түрде дамып келеді деп айтуға толық негіз бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Беларусь мемлекетінің басшысы Александр Григорьевич Лукашенкоға ыстық ықыласымды жолдаймын. Биыл мамыр айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысын өткіземіз. Сол кезде көпжақты күн тәртібінен бөлек, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуға байланысты басқа да мәселелерді міндетті түрде талқылаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді әрі өзара сенімге құрылған диалогты жалғастыру, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру қажеттілігіне тоқталды.

Беларусь сыртқы істер министрі арнайы қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Президент Александр Лукашенконың ізгі сәлемін жеткізді

– Ең әуелі Президентіміз Александр Григорьевич Лукашенконың атынан Сіздерге мемлекетті өркендету, Қазақстанның заманауи келбетін қалыптастыру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісінде толайым табыс тілеймін. Қазақстанның бүгінгі саясатының түп негізінде қарапайым адамның, халықтың және мемлекеттің мүддесі жатқанын атап өткім келеді. Мұндай әлеуметтік саясат елдерімізді жақындастырып, барлық бағыттағы байланыстарымызды бекемдей түседі. Ал мемлекеттер басшылары арасындағы жеке қарым-қатынас бәрімізге үлгі. Өзара ықпалдастықтың барлық деңгейінде Сіздердің қолдауларыңызды сезініп отырамыз, – деді Максим Рыженков.

Әңгімелесу барысында өнеркәсіп кооперациясы, көлік, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетудің маңызы атап өтілді.

Қазақстан өнімдерінің экспортын ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 30 пайызға артып, 1,2 миллиард долларды құраған.

Қазақстан Президенті Алматы қаласында Беларусь Республикасының Бас консулдығын ашу жоспарын құптап, бұл мемлекеттеріміздің аймақтары арасындағы байланысты кеңейте түсетініне сенім білдірді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Максим Рыженков өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

 

Нағашыбай Қабылбек
15.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24445
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24107
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41559
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37466
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41823