Талай чемпионды баптаған майталман бапкер

Талай чемпионды баптаған майталман бапкер

Бүркіт баласын құзар шыңнан төмен қарай лақтырып жіберіп, қасында ұшып жүреді екен. Егер балапаны  қанатын тіктеп жайып алып ұшып кетсе,  қыран бүркіттің көңілі тоқ болады, ал егер қанатын жая алмай, қаға алмай  сасқалақтап  төмен кетсе,  қыран оны қағып алып, қайта  шыңға апарып, қанаты қатайғанша бағады екен. Міне, құс екеш құстың төресі бүркіт пен адам арасындағы айырмашылық онша алыс емес сияқты. Адам да баласын  жақсы жолда тәрбиелеп өсіріп, өмір атты асау арнаға жібереді емес пе? «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»  демекші, бала жаняұсында әке-шешеден қандай тәлім-тәрбие алса, өскенде қиналмай өмірдің ауыр кезеңдеріне қарсы тұра білетін шыңдалған, шымыр болып шығады. Ауыл өтінде қыран құстай шыңдалып өсіп, төл күресімізден  бір шоғыр таланттарды тәрбиелеп шығарған,  қазақ күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР құрметті спорт қызметкері төсбелгісінің иегері, Іле ауданының құрметті азаматы,  Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері Рауанов Қапар Тоқтарбайұлының өмір жолы көпке үлге десек болады.

 

Рауанов Қапар Тоқтарбайұлы 1963 жылы 28 қазан күні Алматы облысы Нарынқол ауданы Сарыбастау ауылында дүниеге келеді. 1971-1981 жылдары Сарыбастау ауылында В.И.Ленин атындағы орта мектепті оқып бітіргеннен кейін, 1981-1985 жылы Алматы қаласындағы Дене шынықтыру институтына  оқуға түседі. Қатарластарымен қатар, Отан алдындағы әскери борышын 1985-1987 жылдар аралығында өтеп қайтады. Туған жерге оралған соң, 1987 жылдан бастап Сарыбастау ауылындағы Ленин атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінен мұғалім және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен жаттықтырушы болып жұмыс жасап, көптеген ауыл балаларының талантын ашады. Негізі, таланты бойына сыймай, қалыпқа келмейтін жандар болады. Сондай бір дарын иесі Қапар Тоқтарбайұлы ауылдан қалаға аттанып, алдына биік мақсат қойып, қаладағы жастарды қазақ күресіне үйретуді арман етіп Алматыға  аттанып кетеді.  Қыр баласы құйтырқысы көп қала өміріне үйрене жүріп, Өтеген батыр кентінде орналасқан №13 М.Мақатаев атындағы қазақ  орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің  мұғалімі болып орналасады. Өтеген батыр кентінде жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар екені мәлім. 1998 жылдан бастап Іле ауданына қарасты айтулы  спорт мектебінде оқытушы жаттықтырушы болып жұмыс жасап, көптеген жастарды қазақ күресіне тәрбиелейді. Жаттықтырушылық қабілеті жоғары азамат спорт мектебіне қызмет ете жүріп,  1 еңбегі  сіңген спорт шебері, 1 халықаралық спорт шебері, 17 спорт шебері және 150-ге жуық спорт шеберіне үміткер дайындап шығарады. Қапар Тоқтарбайұлының үздік шәкірттері  бүгінде ҚР  құрама команда мүшелері болып, Азия, дүниежүзілік  чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. 

Қазақтың сахара кең даласы қаншама тарихты қойнына жасырып жатыр десеңші. Осынау байтақ жерімізді сыртқы жаудан қорғап қалу үшін қаншама жаужүрек батырларымыз қан майданда жандарын құрбан етті. Сонау тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ақтарғанда елімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап аман сақтап қалған ержүрек батырлардың ішінде  Ханкелдіұлы Райымбек бабамызды ерекше айтатынымыз белгілі. Райымбек  батырдың рухына арналып елімізде қазақ күресінен дәстүрлі жарыс өткізіліп тұратынын жақсы  білеміз. Ал осы байрақты бәсекенің негізгі ұйымдастырушысы Қапар Тоқтарбайұлы екендігін баса айтқанымыз жөн болар.

Қазақ күресі десе ішкен асын жерге қоятын майталман бапкердің ұлттық спортты дамытудағы ең биік жемісі – қазақтың әйгілі батыр қолбасшысы Райымбек Ханкелдіұлы атындағы дәстүрлі  жарысты ашуға ұйтқы болуы. Бұл жарысты алғаш 2000-2002 жылдары облыс деңгейінде өткізеді. Кейін келе жарыстың беделі артып, қатысушылардың саны көбеюіне қарай 2002 жылдан бастап жасөпірімдер арасында республикалық деңгейге шығарады. Міне, содан бері күні бүгінге дейін Райымбек бабамыздың атындағы қазақ күресінен өтетін байрақты жарыс жоғары нәтижеде үзіліссіз ұйымдастырылып келеді. Осыншама жылдардан бері жарыстың басты ұйымдастырушысы Қапар Рауановтың мұрындық болуымен, батыр рухына арналған жекпе-жектің абыройы жыл санап арта түсіп, таланттар қатары көбейе түсуде.  Қапардың шәкірттері екі дүркін әлем чемпионы Тәліп Бауыржан, екі дүркін Азия чемпионы және әлем кубогінің иегері  Жұмажан Нұржан, әлем чемпионатының күміс жүлдегері  Қажымұқан Қайнар, Азия чемпионы Зәкен Шыңғыс, Қазақстан және спартакиада жүлдегерлері мен чемпиондары Есенбердиев Жанат, Жұмаханов Дәурен, Терлікбаев Мақсат, Ғани Қуаныш, Шәріпханов Медет, Тоқтарбай Алмат, Дәулет Теміржан, Тұрсынжан Нұрсұлтан, Сұлтанов Бейбіт, Зейналиев Текей, Зейналиев Құдайназар, Цой Таня, Қожабеков Ерлан, Совет Ақбала, Әшірбекова Мөлдір, Дүйсенбаева Айгерім. Сарыбастаулықтар: Жалбағаев Ерлік, Әлімжанов Саян, Мекебаев Аман сынды батыр балуандардың барлығы дерлік осы Райымбек батырдың турнирінде күресіп, өсіп, шыңдалып,  жетілген десе болады. Райымбек батыр атындағы бұл  жарысты, бүгінгі қазақ күресінің таңда дамуына зор үлесін қосып келе жатқан, жасөпірімдер арасындағы бірегей жекпе-жек деп толық сеніммен айта аламыз. 

Қапар Тоқтарбайұлы  2008-2023 жж. Іле ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жұмыс атқарып келсе, 2023 жылдың 29 наурыз айынан бастап Іле ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне директор лауазымына тағайындалды.  Елдегі ұлттық күресімізді дамытуда 34 жыл бойы айтарлықтай еңбек сіңірген жан көптеген жоғары марапатқа ие.  Ол 2011 жылы қазақ күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 2013 жылы ҚР Құрметті спорт қызметкері төсбелгісімен, 2017 жылы Іле ауданының Құрметті азаматы, 2018 жылы Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері атағымен марапатталды. ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің Алғыс хаты да бар.

Қазақ күресінің дамуымен қатар, Райымбек Хангелдіұлы, Өтеген батыр, Әлмерек баба атындағы дәстүрлі жарыс арқылы көптеген саңлақтардың тұсауын кесіп, ұлы дүбірге қосқан ардақты жанды бақытты бапкердің қатарына жатқызамыз. Сәбит Дөнентаев «Қызмет қылсаң халқыңа,  Игі ат қалар артыңда»  деген екен. Артында тек жақсы сөз қалдыра білген қазақ күресінің қайраткері  Қапар Тоқтарбайұлының қаншама жастарды тәрбиелеп, ел үшін еткен еселі еңбегі ешқашан  ескерусіз қалмас. Себебі жоғарыда айтқан ұлан-асыр еңбегін билік ескеріп, жоғары марапаттар берілуі тиіс деп ойлаймыз.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

 

28.03.2025

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕМҚОРларМЕН КҮРЕС – ОТАНҒА ҮЛЕС
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 290
ЖАС САРБАЗДАР САҚАДАЙ САЙ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 286
ШЫҒЫСТАҒЫ  ШЫРАЙЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 28.05.2025 300

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13363
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13339
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28454
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27136
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 30640