Айлық барысында Талас ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері қала аумағында орналасқан жеке тұрғын үй секторларында, көп қабатты тұрғын үйлерде, сонымен қатар жем-шөп сақтау орындарында өрттің алдын алу ережелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы бұл жұмыс әр уақытта назардан тыс қалған емес, өйткені жыл мезгілінің қай кезеңі болмасын өрт оқиғалары орын алып жатады. Ол оқиғалар түрлі себептерден шығып жататыны бәріміз білеміз. Басым көпшілігі қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан болуда. Бұл-әркімнің мұқият ескерер мәселесі. Сонымен қатар, ата-аналар балаларының қай жерде ойнап, қандай іспен шұғылданып жүргендерін үнемі бақылап отырса, артық етпес еді, өйткені балалардың сіріңкемен, ашық отпен, өрт оқиғасын тудыратын басқа да заттармен ойнаулары қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Төтенше жағдайлар бөлімі қала тұрғындарына айлық кезінде және күз айларындағы өрт қаупі кезеңдерінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатаң назар аударулары қажеттілігін ескертеді.