Талас ауданы: Ілкімді жобаның игілігін көргендер

Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер

«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты,  «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Жамбыл облысында

 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызының жұмыс сапары талай тектіні түлеткен Талас ауданында жалғасты. Ел аманатын арқалаған ел анасы алдымен Бостандық ауылдық округіне ат басын бұрды.

 

Әлеуметтік төлем алушылары жоқ ауыл

 

Келушілерді аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибекова қарсы алып, ауылдық округ әкімі Мұратхан Рысдәулетов жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жай- жапсарымен таныстырды. 

– Былтырдан бері «Amanat» жобасы бойынша ауылдық округтен 135 өтінім дайындаған болатынбыз. Бүгінде соның бәрі дерлік несие алды. Ауданның басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, осы бағытқа мейлінше мән бердік. Осы ретте ауыл тұрғындары арасында мүлікті кепілге қою мәселесі туындайтыны белгілі. Бұл да әкімдіктің араласуымен оңтайлы шешімін тапты. Қазір тұрғындарға тұрғылықты мекенжайынан бөлек өзге мүлікті кепілге қою мүмкіндігі қарастырылды. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындарының мүлкі 70 пайыздық көрсеткішпен бағаланып, тұрғындар жобаның игілігін көрді. Ауыл бойынша 135 адам 725 миллион қаражат алды. Оның ішінде экочикен, мал басын бордақылау, мүйізді ірі қара бағыттары бар. Қазір өздеріңізге белгілі жобаның бесінші бағытына басымдық берілуде. Сол бойынша наубайхана, шағын маркет, сүт қабылдаушы танкер ашылады деп күтілуде, – дейді Бостандық ауылдық округінің әкімі Мұратхан Рысдәулетов.

Аталған ауылдық округте барлық инфрақұрылымдық игіліктер қарастырылып, кәсіп ашушыларға қажетті жағдай жасалған.  Оған елді мекендегі шаруа қожалықтардың санының көптігі дәлел бола алады. 2100 халқы бар округте  75 шаруа қожалығы болса, соның 55-і мал, өзгесі егін шаруашылық бағытында. Елді мекенде тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші де жоғары деңгейде. Жалпы мұнда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны тіркелмеген. 

Жобаның жемісін көріп өз кәсібін бастағандардың бірі – Бүркітбек Құлекеев. Ол «Ауыл аманаты» аясында 7 миллион 600 мың теңге қаражат алып экочикен өндіруді қолға алған.

– Өткен жылы мемлекеттен қаржы алып тауық өсіруді қолға алдық. Алғашында арнайы қоражайда 5000-ға жуық тауық ұстадық. Қазір қыс мезгілі болғандықтан, тауық басын кемітіп отырмыз. Кәсібімізге әкімдік тарапынан толықтай қолдау көрсетілуде. Сойыс мезгілінде қоғамдық жұмысшылар көмектесіп те тұрады. Тауықтар 60 күнде дайын болып, сойылады да базарға жөнелтіледі. Қазір әр тауықты 3000 теңгеден өткізіп отырмыз, – дейді кәсіп иесі. 

 

Аяулы ана  – үлгілі  ұстаз, табысты кәсіпкер

 

Бұдан бөлек, Сәуле Мешітбайқызы Бостандық, Ақкөл ауылдарындағы мал бордақылау орындарымен танысты. Әсіресе, ақкөлдік мұғалім Гүлмира Ратованың қызмет пен кәсіпті тоғыстыра білген еңбеккерлігі көпті сүйсінтті. Ол бүгінде жұбайының көмегімен 28 бас мүйізді ірі қараны бордақылаумен айналысып отыр.

– Жоба аясында 7 миллион 700 мың теңге қаражат алып, мүйізді ірі қараны бордақылауды қолға алдық. Бұл ретте маған жолдасым көмектесіп отыр. Жобаның жақсылығын көріп отырмыз. Жыл басынан алған мал басының біразын сатып, орнын жаңа мүйізді ірі қарамен толықтырып та үлгердік. Соның арқасында  алғашқы төлемімізді жасауға қамданып отырмыз. Өнімдеріміз ауыл арасы-ақ сатылып кетеді, арнайы жәрмеңкелерге де барып тұрамыз. Алдағы уақытта кәсібімізді дамытып, ет өнімдерін сататын орын ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Гүлмира Аманғалиқызы.

Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы екі баланың анасы, үлгілі ұстаз әрі кәсіпкерге табыс тілеп, қоғамға осындай азаматтардың үлгі болу керектігін атап өтті.

 

Көкейкесті  мәселелер ортаға салынды

 

Ауданға жұмыс сапарының соңы Қаратау қаласындағы келесі кездесуге ұласты. Мектеп директорлары мен мұғалімдер, ардагерлер мен ауыл әкімдері қатысқан жиында әуелі «Ауыл аманаты» жобасының атқарылуы тыңдалып, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықты дәріптеу, қоғамдық сананы қалыптастыру секілді тағылымды ойлармен өрбіді. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибекова ашып беріп, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярхан жоба бойынша жасалған жұмыстарға тоқталды.

– Өңірімізде 2019 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы былтыр Ойық ауылдық округінде іске асырылып, барлық бес бағыт бойынша 113 жобаға 643,09 миллион теңге қаражат алынды. Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бойынша бүгінгі күнге барлығы 112 ауыл тұрғынына несие келісімі беріліп, жалпы сомасы 554 миллион 140 мың теңге қаржы беріліп, 4 685 бас мал сатып алынды. Оның ішінде, 2592 мал ауылы аралас, қойы қоралас көршілес Алматы, Түркістан облыстарынан сатып алынғандықтан, жерсініп кетеріне сенім мол. Осылайша, аталған округте мал басы 114 пайызға өскен, – деді Жандос Құдиярхан.

Ауыл әлеуетін арттыруға арналған жобаның қазіргі таңда алты ауылдық округте іске асырылып отырғандығын алға тартқан бөлім басшысы алдағы уақытта ауданның барлық 13 елді мекенін қамту жоспарда бар екендігін атап өтті. Айта кетейік, бүгінде Талас ауданында жоба Бостандық, Берікқара, Аққұм, Ақкөл және С.Шәкіров ауылдық округтерінде іске асырылуда.

Сәуле Мешітбайқызы сапар аясында елдегі тұралаған салалардың жандануына атсалысып, биліктің назарын аудару басты назарға алынып отырғандығын айтып, жастар тәрбиесі, отбасы құндылығы, білім алудың маңыздылығы туралы ой қозғады.

– Бүгінде елде ерте жүктілік жағынан көш бастап тұрған өңірлердің саны артып тұр. Сондай-ақ, суицид бойынша да алдыңғы қатардағы орында тұрған аймақтардың көптігі бәрімізді алаңдатады. Кешегі «ұят болады, жаман болады, обал болады және сауап болады» деген сөздермен тәрбиеленген ересек буынның бүгінгі ұрпағы осы қасиеттерден ажырап кетті. Бұрын күйеуден қайтып келу өліммен тең болатын. Еліміз ажырасу бойынша әлем бойынша алдыңғы бестікте тұрғандығы қынжылтады. Ал, әке-шешесін «қарттар үйіне» тапсырып жатқан безбүйрек балалардың ісіне тіптен қарның ашады. Мінекей, бұл біздің намысымызға тиеді. Бұл кеудесінде инедей иманы бар адамды ойлантуы керек. «Отан отбасынан басталады» деген ғой. Біздің ертеңгі болашағымыз мықты болу үшін біз мықты болуымыз керек, – деді Сәуле Мешітбайқызы.

Кездесуде бірқатар тұшымды ұсыныс-пікірлер де ортаға салынды. Мәселен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов ардагерлерді сауықтыру шараларына жіберудің мұң болып тұрғанын алға тартты. Қарияның айтуынша, сауықтыру шараларына бару үшін ардагерлердің күнкөріс деңгейі талапқа сай бекітілген нормадан көбіне асып кететін көрінеді. Тиісінше, бөлінген квотаны игеру үшін ауданнан ардагерлер табылмай жатады. Сонымен бірге ақсақал жастарды жұмыспен қамту, мектеп оқушыларын еңбекке ерте араластыру мәселелерін де көтерді. Бұдан бөлек, жиында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Данагүл Молдабекова, Талас ауданы білім бөлімі мектеп лицейінің директоры Зәпира Алпысбаева ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойларын ортаға салды.

Жиын соңында аталған білім ошағының 1-сынып оқушысы «Мөлдір бұлақ» журналының жас оқырманы Қуаныш Дарханұлы ауданға арнайылап ат басын бұрған Сәуле Мешітбайқызына алғысын білдіріп, гүл шоқтарын табыс етті.

Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы
20.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 61
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 116
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 28
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 63
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 62
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 116
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 149
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 152
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 140
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 148
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 154
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 147

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11275
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10211
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13457
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12411
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17419