Таңы ерте ататын Шығыста береке бар

Таңы ерте ататын Шығыста береке бар

«Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясы мен ҚP  Ауылшаруашылығы министрлігі және «ЕлАна»  қоғамдық сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі»  экспедициясы  Шығыс Қазақстан облысында

Семей бізді жаяу борасынымен, себелеген ақша қарымен қарсы алды. Семей қалалық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасының міндетін атқарушы Майра Куржикованың «Жылы киініңіздер. Бізде аяз!» деген қамқор сөзінен кейін киінбей көр! Экспедицияның жоспары ауқымды. Семейден басталып Бесқарағай, Жарма, Тарбағатай аудандарын аралап, Өскеменге барып маңдай тірейміз. Уақыт тығыз, жол ұзақ. Айналайын Майра қарындасымыз ұлы Нұрсұлтанмен бірге қарсы алып, ертеңгі жоспармен де таныстырып үлгерді. Таңертеңгі жиналысқа мәслихат депутаттары, жаңа сайланған ауыл әкімдері, жастар және қоғам қайраткерлері қатысады екен. Экспедиция құрамында облыстағы ауылшаруашылығы бөлімінен «Nur Otan» партиясының жергілікті филиалдарынан өкілдер қатысады. 


 

Семей қаласындағы ауылдар

Қойшыға мемлекеттік тұрғыда мәртебе берілсе...

Аталмыш жиналыс кім не айтарын білмегендей тосырқай басталып, содан соң Майра Мұрсағанқызының демеуімен қаладағы ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы Нұрлан Шақабаевтың белсенділігінен кейін көкейтесті мәселелер «қабының» аузы шешіліп, ортаға түйдек-түйдегімен түсе бастады. Нұрлан Шақабаев: «Субсидиясы бар барлығы жүздей ұсыныс жаздық тиісті жерлерге. Соның бірі де бірегейі жергілікті кадрлар жетіспейді. Мәселен механизатор, шопандар. Неге? Бұл сұрақтың түйінді жауабы қиын. Әрине жалақысы мәз емес. Иә, жұмыс бар. Бірақ неге екені белгісіз жастарымыз осы жұмыстарға немқұрайлы қарайды. Мемлекеттің «Қолдау» бағдарламасы жақсы жұмыс ісеп тұр. Бірақ осы бағдарламаның да өзіндік кемшіліктері бар. Субсидияны асыл тұқымды малға аламыз. Аналықты сақтап қалу үшін. Сапасын көтеру үшін он жылдай уақыт керек. Бұқаларды дер кезінде ауыстырмаса және болмайды. Ең жаман нәрсе кәсіпкерлеріміз «Қолдау» бағдарламасына қолы жетпейді. Несие алу үшін комиссия сүзгісінен өтуі тиіс. Талабы өте қатаң. Мәселен 4 ауыл кіре алмай қалды. Тағы бір мәселе күн сәулесінің батареясын орнату жөніндегі мемлекеттің бағдарламасымен кәсіпкерлер қуана-қуана қауышты. Кейін бұл бағдарлама тоқтап, неге екені белгісіз  тексеру көбейді. Негізінен осы бағдарлама ауыл-ауылға өте қажет. Әсіресе алыс орналасқан шағын ауылдарда. 2016 жыл кооперативтер жер-жерде ашыла бастады. Оның жұмысы қалай болу керек, құрылымы қалай жасалады бәрі де ескеріліп, халыққа түсіндірме жасалынуы тиіс еді. Жалпы біз бұған толық дайын емес болып шықтық», – деді.

Нұркен Жарлыкенов, Достық ауылдық округінің әкімі: Жаңа қойшы, малшы жөнінде мәселе көтерілді. Өте дұрыс. Біз бұған немқұрайлы қарамауымыз тиіс. Осындай кең-байтақ даламызда бұрын мыңғырған төрт түлік мал болды. Кеңес үкіметі кезінде қойдың саны 30 млн-ға жетті. Ол кездері қойшыға, малшыға барлық жағдай жасалынды. Бүкіл елді ет, жүн, тері өнімдерімен қамтамасыз еттік. Қазір бұл жұмыстар ескерусіз қалды. Мал бағуға кез келген адамды ала береміз. Малдың қыры-сырын үйрететін оқу орындары ашылып, қойшыға мемелекеттік тұрғыдан мәртебе берілсе деймін. Онда ол адам жақсы зейнетақыға қол жеткізер еді. Ол адамның санаторийге демалуға мүмкіндігі ашылмақ. Зияндылығы үшін гранттар иеленетіні сөзсіз. Иә, механизатор мамандары жетіспейді. Айналайындар-ау, айтыңдаршы, мына шарықтап өсіп бара жатқан бағаны қалай тоқтатамыз?»

Майра Куржикова: Жақында ерлі-зайыптылар келді. Әйелімен екеуі де өмір бақи мал баққан. Әйелінің ресми түрдегі стажы бір-ақ жыл. Күйеуінде 3-ақ жыл. Зейнетақылары аз мөлшерде ғана шықпақшы. Міне, осындай кісілер өте көп. Келісімшартсыз жұмыс істеген. Еңбек кітапшасына ештеңе енгізбеген. Ал мәртебе алса, бұл мәселе жолға қойылар еді. 

Гүлжан Сыздыханова, Жиенали ауылдық округінің әкімі: Ғаламтор мәселесі ауылдарда өте қиын. Субсидияны алу үшін ғаламторға кіруіңіз керек. Бәрі де онлайн түрде жүзеге асады. Міне, осындай сын кезеңде ғаламтордың әлсіздігінен алыстағы ауылдар ұтылып жатады. 

Журналист сауалы: «Жүн, тері өткізетін орындар бар ма?»

Гүлжан: «Роза» (ЖШС) атты зауыт жұмыс істейді. Қала сыртындағы ауылдардың тұрғындарына бұл зауыт жарап тұр. 

Бесқарағай ауданы:

Мектептің жабылғаны –  ауылдың жойылғаны


Бесқарағайға он шақты жыл бұрын жолымыз түскен. Орман, егін, мал шаруашылығымен айналысатын өңірде салыстырмалы түрде біршама елеулі өзгерістер бар екен. Әрине Бесқарағайдың табиғаты ерекше сұлу. Бұрын еліміздің байырғы тұрғындары мұнда өте аз көрінген. Қазір кәдімгідей қазақыланған. Сайлаудағы өзгеріс бұл ауданды да қалыс қалдырмаған. Сайлауға 3 саяси партия қатысқан. Үш партия біріккен соң, депутаттар құрамы 70 пайызға шарықтап кетіпті. Халық қалаулылары өз сайлаушыларының өтініштерін, оларды шешу үшін бар мүмкіндіктерін сарп етеді екен. Мәслихат депутаттарына 110-нан астам ауызша, 15 жазбаша ұсыныс түскен. Тұрғындарды көбінесе байланыс және интернет сапасы, таза ауызсумен қамтамасыз ету және су құбырларын жөндеу, тұрғын үй беру, еңбек заңнамасы және басқа да көптеген мәселелер толғандырады екен. Аудандық мәслихаттың хатшысы Мейрамгүл Абылғазинова осы мәселелерді сөз етті. 

Дөңгелек үстелге әдеттегідей мәслихат депутаттары, жаңа сайланған әкімдер қатысты. Сондай-ақ ауа райына байланысты келе алмаған әкімдер тікелей «Zoom» конференциясына қатысып, ойларын ортаға салды. Біз алдымен сол «Zoom» конференциясына қатысып отырған әкімдерді сөйлеттік. Беген ауыл округінің әкімі Нұрлан Асылғожин ауылының негізгі кәсібі егін, мал шаруашылығы екенін айтып, мемлекеттік бағдарламаларға кәсіпкерлердің белсенді қатысатынын жеткізді. Глухов ауыл округінің әкімі Алмас Тастанбеков ауылдың жетістіктерін айта келіп, көкейтесті мәселелерге де тоқталды. Округте 6 ауыл бар екен. Сайлауалды бағдарламамен мешіт салу қолға алыныпты. Бірақ ғаламтор желісіне елдің көңілі толмайды. 

Талғат Сұлтанов, аудандық мәслихат депутаты: «Дәрігер жетіспейді. Әйелдердің зейнет демалысын 60 жасқа қайта төмендету керек. Кадрлер жетіспеушілігі бар. Мысалға математика, физика пәнінің мұғалімдері квотаның ақшасын жоғарылатпаса болмайды. Жас мамандарға жағдайларын жақсартуға 10 жылға несие берілсе. Әрине пайызын төмендетіп», – деді.

Маржан Мырзахметова, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы: «Несие алуға ауылда кепілге қоятын нысандар жоқтың қасы. Ауылға бұл жөнінде арнаулы бағдарлама қажет. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ауданда бір-ақ адам қалды. Сол кісінің үй мәселесін шеше алмай жүрміз. Мүгедектік арба алудың проблемасы өте қиын». 

Мейрамгүл Абылғазинова: «Шағын ауылдардың проблемалары шешілмей отыр. Соның ең бастысы мектептің жабылуы. Мектеп жабылды дегенше ауыл тарады дей беріңіз. Заңға өзгеріс керек. Мектеп өмір сүру үшін 81 бала қажет екен. Осы санды төмендетсе. 

Айнаш Әменова, облыстық мәслихат депутаты: Ауызсу мәселесі қай ауылда болсын қиын. Бөдене ауылындағы мектеп 1981 жылдан жөндеу көрмеген. Жылуы жоқ. 

Мейрамгүл Абылғазинова: Орман шаруашылығы біздің ауданда үлкен де көлемді жерді алып жатыр. Осындай алып орманды алқапты күн-түн демей балаша мәпелеп жүрген орманшылар. Бірақ сол орманшылардың жалақысы бар болғаны 60-70 мың теңге. Жүргізушілердің айлықтары одан да төмен. 

Жан Әлжанов, аудандық мәслихаттың депутаты, Жастар орталығы директорының қызметін атқарушы: «Мейрамгүл тәтеміздің айтқаны бізге де қатысты. Айлығымыз 60-80 мың теңгенің арасы. Сосын бір жобамыз бар. Қаржы қарастырылған. Балабақша салайық десек жер жоқ. Мемлекеттік «Бизнеспен бастау» бағдарламасы бар. Мұнда бар болғаны тиісті жобаға 580 мың теңге қарастырылған. Аз. Көбейтсе деген өтінішіміз бар. 

 

Жарма және Тарбағатай аудандары:

Ауылда әуежай салынады

Қалбатаудан Ақсуатқа жолға шыққанда күре жолдың бетін көк мұз жауып, машиналар әзер ілбіп кетіп бара жатты. Оның үстіне аспанды қара бұлт қаптап, қар жапалақтап жауа бастады. Тарбағатайлықтар жиналыстарын 15:00-ге белгілеп, бізді күтіп отыр. Мына ілбіген жүріспен қалай жетеміз деп уайымдап, жармалықтармен бар болғаны жарты сағаттан кездесу жасап, тез аттандық. Әрине олар да осы жол проблемасын баса айтты. Қалбатаудан 10-15 шақырым ұзаған соң асфальт түгесіліп, адыр-бұдыр тасжолға айналды. Көк мұз қаупінен құтылғанымызбен тасбақа жүріске тап болдық. Ал алда 400-дей шақырым бар. Бес сағатта жете аламыз ба, әлде... Жо-жоқ, Ақсуатқа түс ауа сағат 14:00-де көлігіміз бұрылды. «Уф-ф» деп бір дем алдық. Бізді қарсы алған аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев жиналысты да жүргізіп отырды. Бақыт Қәдырқызы, «Nur Otan» партиясы Тарбағатай ауданы филиалы  сектор меңгерушісі аудан жерінен газдың үлкен кеніші табылғанын сүйіншіледі. Мемлекеттік бағдарламалардың пайдасы ұшан-теңіз екендігі жөнінде бірнеше мысалдар келтірді. Ең бастысы аудан халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып дегендей ынтымақ- бірлікте қоян-қолтық еңбек етіп жатыр екен. Түсіпбаев Рауан ет комбинатын ашып, жүн, тері өткізетін зауыт қажеттігін жеткізді. Ержан Сабырбаев ауданда су қоймасын салу жөнінде үлкен жоба жүзеге аса ма деген үміті барын, оны Парламент депутаты Ерлан Сайров қолдап, қайта-қайта көтеріп жатыр екен. Тағы бір ғажап жаңалық бізді таң қалдырды. Ауылда әуежай салынбақшы! Егер салынса, орталықтан алыс жатқан ақсауаттықтарға зор жеңілдік болар еді-ау.

 

Көкжырада берекелі  кооператив бар

Көкжыра ауылдық округіне келдік. Бұл ауылдың әкімі Мақсат Сүйесінов. Мұнда 2010 жылы көктемде тасқын болып, ауылды бір шайып кеткені есімізде. «Мұның да артында қайыры бар» дегендей, тасқыннан кейін салынған жасыл шатырлы көптеген жаңа үйлер көздің жауын алады. Жылы, кең үйлер екен. Көкжыраға жақын Елекесазы жайлауынан «Алтын адам» табылды. Соған сәйкес мұражай салыныпты. Елбасымыз Көкжыраға арнайы атбасын бұрып келіп, тұрғындармен кездесу өткізген. Тікұшағы қонған жерді қоршап, әспеттеп, ағаш, гүл егіп тастапты.

Ауылдың бас мал дәрігері Ерлан Искаков бізді арнайы іздеп келіп жолығып, біраз көкейтесті ойларын ортаға салды. Ауылда 40 мыңдай қой, 11 мың ірі қара, 4 мың жылқы бар екен. Міне осыншама көп малға қарайтын 4 қана мал дәрігері бар болып шықты. Алатын айлықтары 80 мың теңгеден. Осы малдың бәріне екпе салып, ауырғанын емдеу төрт дәрігерге ғана жүктелген. Арнаулы киім де қарастырылмаған. Осыдан оншақты жыл бұрын берілген машина әбден ескірген. Компьютер өздерінікі. Дәрі-дәрмек бар. Бірақ сақтайтын қойма жоқ. 

Осы ауылды сақтап қалуға зор үлес қосқан, әлі де қамқоршы болып жүрген азаматпен, ақсақалмен кездесіп, біршама уақыт пікірлестік. «Көкжыра» өндірістік кооперативінің төрағасы Бағдат Сағынаев жетпісті алқымдаса да әлі тың көрінді. Шыншыл азаматтың, кооперативтің табысы да көл-көсір. Кооператив құрамында 371 адам жұмыс істейді. 21 мың қойы, 650 жылқысы, 380 ірі қарасы бар.  Кооператив 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 

– Жетістіктермен қатар көкейтесті мәселелер де жетерлік,  – деді Бағдат Әшімұлы әңгімесін жалғастырып. – Ең жаман нәрсе ауыл өнімдері оңайлықпен өтпейді. Етті алыпсатарлар арқылы жібереміз. Жүн, тері жайын өздеріңіз жақсы білесіздер. «Абай» ет комбинаты жабылған. Жылына 3,5 млн теңгенің дәрісін аламыз. 18 ет комбинаты бар екен елімізде. Солардың ішінде «Ұлан» ет консерві зауыты бар. Бірақ біздің қажетімізді толық өтей алмайды. Жылына 60-70 тонна жүн, 2 тонна қозы жүнін өткіземіз. Келісі 125 теңгеден. Оған қырықтықшы да сатып ала алмаймыз. Әйтеуір беретін пималарына көңіл жұбатамыз. Теміржол да қып-қызыл шығынға батырып тұр. Әрине осындай қиындықтарға қарамастан ең бастысы ауылдастарымызды қуантамыз. Айлықтарын алады. Дүкеніміз жұмыс істейді. Наубайханамыздан  120 теңгеден бөлке сатамыз. Газ балоны да жеңілдікпен беріледі. Айтпақшы, Ақтөбеде қой қырқатын агрегат жасайтын зауыт бар еді. Қазір ол жұмысын тоқтатты. Ал ондай агрегат ауадай қажет. 

– Проблемасыз өмір жоқ қой, Бәке. Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз? 

– Жарымның есімі – Бақыт Түсіпова. 2 ұл, 2 қызым бар. 14 жасымнан жұмыс істедім. Механизатор, инженер, бас инженер болдым. Содан кешегі тоқсаныншы жылдардағы қиындықтарды бастан кешірдік. Ауыл тұрғындарының ынтымақ -бірлігінің арқасында кооператив кұрдық. Қазір игілігін көріп отырмыз. Еліме рахмет! Аман-есен болайық! 

Біз де Бәкеңе, Шығыстағы еңбекқор жандарға береке, тыныштық тіледік. Оларды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймыз. 

     

Аяужан САЛИХОВА, Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
09.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 204
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 42
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 219
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 219
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 236
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 219
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 207
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 202
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 226
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 215
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 223

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10500
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9481
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12716
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11686
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16699