Жазылған жайдың жалғасы
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз, Қайран саланың жатқан аңғары-ай, Ақ шалмалы пірлердің Мешітке жаққан шамдары-ай! («Қазтуған» толғауынан) Қасиетті Ойыл аймағында небір жайсаңдардың «Елім» деп көкіректері қайғыдан қарыс айырыла, көздерінің жастарын көлдей қылып өткендерін кәрі тарихтың сан алуан қатпарларынан там-тұмдап болса да оқып жүрміз. Биыл, яғни 2024 жылдың наурыз айының соңында, Қайран саланың аңғарлары тасқын сулардың астында қалып, сол өңірдегі ауылдарға айтарлықтай дүние мен мал шығындарын әкелген еді. Үстіміздегі жылдың 12 тамызында су астында қалған атақты тары өсіруші Шығанақ Берсиев ауылына барған едім. Жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтаждарын жазып, «Жұмадағы жүздесу» және «Жүздесу» газеттерінің 31 тамыздағы нөмірлеріне шыққан болатын! Осы материалдардан кейін 13 қыркүйекте «Барыс медия» студиясы да ақпарат таратты. Қыркүйектің 26-сы күні іссапармен екінші рет Берсиев ауылына тағы да бардық. Бұл жолы жалғыз емес, Ақтөбеден геолог-инженер Жансерік деген ініміз видеоға түсіріп алу үшін бірге барды. Өткендегідей емес, үйлері бітуге жақындағандықтан болар, халық та біраз тынышталып қалғандай екен. Аудан әкімінің екі орынбасары сол ауылда құрылыс басында жүр екен. Күз келіп қалғаннан болар, жұмыс қызу жүріп жатыр. Ендігі кезекте ауыл тұрғындарын тыңдап көріңіздер: – ...Аудан әкімі Саян Сапарұлына шығып, қайта-қайта айттық. Сол кісі енді туған жеріне жаны ашып, қолында істейтін құралы болмаса да келіп, жігіттерге айтып, Ойылдан жігіттер әкеліп әйтеуір істетіп жатыр. Әркім бір келіп істеп жатыр. Трубалары жоқ. Ескі пешімнің трубаларын бердім... «ҚАЙСАҚ» компаниясының жалпы 19 үйі бар осында салынып жатқан... Әлі бітпей тұр. Менің үйім-ау деймін бітуге жақын тұрған... – дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Әділов. Үйлеріне кіріп алғандардың көңіл күйлері көтеріңкі. Ауыл тұрғыны Салихат Бейсенғалиеваның да үйіне бас сұққан едік. – ...Шүкір, шүкір енді. Салып беріп жатқасын риза болмай қайтеміз! Аудан әкімінің орынбасары Саян Сапарұлы Сүлейменов: – Қаратал ауылы бойынша қазіргі таңда 126 үй салынып жатыр....110 үйге кіріп алды. Қалған үйлер соңғы саты да, әжетхана, жуынатын қондырғыларын құрып жатыр... Сыртқы жұмыстары бар. Жалпы 126 үйді салуға Ақтөбе облысынан бар, басқа облыстардан бар, 12 құрылыс компаниялары жұмыс істеді. 12 компанияның ең үлкенінде 28 үй азғантайында 5 үй болды. Осы 12 компания өздерінің жұмыстарын атқарып шықты. Жұмыстың барысында қиындық болды. Себебі үйлердің бәрі суға кеткендіктен құлап тұрды. Орындарын тазарту керек болды. Оның үстіне судың астында көп тұрғандықтан ылғал болды. Сондықтанда іргетастарын кептіру керек болды. Соның салдарынан бірталай уақыт тұрып қалды. Жұмыс барысында бірталай қиыншылықтарда болды. Мердігерлер тараптан да. Соның бәрін өз дәрежесінде шешіп, жұмыстарды жүргіздік. ...Үйдің ішкі сызбасын тұрғындардың талап-тілектеріне сай жасадық...13 мың ұлу тастарды қол күші жоқ отбасыларға қора-қопсыларын салып алуға бөліп бердік. Үйге керекті техникаларда келген еді. Оларды да халыққа бөліп беріп отырмыз... Жексенбі, яғни 29 қыркүйекте барлық үйге кіргіземіз деп отырмыз, – деді. Лайым, солай болғай, біз де халықтың үйлеріне тезірек кіріп алуларына тілектеспіз! Жаңадан салынып жатқан спорт кешеніне де кіріп көрдік. Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев қарсы алды. «...13 желтоқсанда беріледі. Сметалық бағасы 126 миллион... Көше сыпырып жинауға жазғы уақыттарда ер адамдарды таба алмаймыз. Өйткені олардың көбісі құрылыс жұмыстарына кетеді. Егерде жұмыстары болмаса біздерге тыным бермейді жұмыс тауып бер деп...» Аудан әкімінің орынбасары Тұрмағамбетов Нұржауды да сөзге тарттық: – 29 наурызда төтенше жағдай жарияланды. Тұрғын үйлерге байланысты екі ұсыныс болды. Бірі – дайын үйді сатып әперу. Екіншісі – үй салып беру. Соған сәйкес 328 үйдің біздер 21-не тұруға жарамды деп жөндеу жұмыстарына 64,5 миллион теңге бөлінді. Қалған 307 үй күрделі жөндеуге келмейтін болды. Осындай қорытынды шығарды. Техникалық зерттеу жасағандар! 72 үй салынып, аяқталып болды. 136 үй сатып алынды. 126 үй Қараталда, яғни Берсиевте, 21 үй Ойыл ауылында, 5 үй Ақжар ауылында, 2 үй Кемерде, Ақ Кемер ауылында 16 үй, Бестамақ ауылында 2 үй. ... Барлығы уақытында аяқталды. Тұрып жатыр. Бір үйдің жалпы құны 28,5 миллионды құрады. Мал шығындары да бар. Миллиардтан астам өтем төледік. Барлық малдардың саны – 8 мың. Берілген өтемақының көлеміне келер болсақ, малдардың бәрі жасына қарай бағаланды. Ірі қара малы үш жастан жоғары мысалы сиыр 450 мыңнан жоғары теңгеге бағаланды. 2 жастағылар 300 мың, 1 жастағы бұзау, баспақтар 70 мың. 3 жастан асқан қойлар 65 000 теңгеге бағаланды. 2 жастағы қойлардың бағасы 40-45 000 теңге. Марқалар 17-20 мыңның айналасы. Жылқының жоғарғысы 600 000 теңге болды. 2 жастағы жылқының бағасы 450-500 мыңның айналасы. 1 жастағылары 200-250 мың жобасында. ... Жолдарға, көпірге 6 миллиард қаржы бөлінді. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр.
ТҮЙІН: Әрине, әр нәрсені барып көзбен көргенге не жетсін! Әу баста абдырап қалған халық өздері ұйымдасып, еті тірі жігіттердің арқасында соқпақсыз жерден соқпақ сала білді. Жергілікті тұрғындардың айтуларынша, таудай қызметтер атқарған екен. Ел арасындағы ауызбірлікті нығайту үшін белді бекем буып жарғақ құлақтары жастыққа тимей еліне риясыз еңбек жасағандарды да мемлекеттік наградалармен марапаттау керек еді. Ештен кеш жақсы деген. Биліктегілерге құлаққағыс ретінде айтып отырмыз. Әрине, Қаратал ауылының қалпына келуі зор еңбекті талап етеді. Биылғы негізгі шаруа тұрғын үйлерге тоңып, жаураған халықты аман-есен кіргізіп, кірбің тартқан қабақтарын жазып, балалардың шат-шадыман сыңғырлаған күлкілерін есту! Қазан айында газ құбырлары да жөнделіп, ауылда көгілдір отын болады деп сендірді. Аудан басшылары барлығы да Ойылда туып-өскен жергілікті жердің азаматтары екен. Осындай қиын күндерде 18 ғасырдағы Әжібай би аталары сияқты қиыннан жол тауып, қамкөңіл, момын тумаластарының көңілдерінен шығар деген үмітіміз басым екенін жасырмаймыз. Ауызбіршіліктері болса, бұл сыннан да сүрінбей өтеді деп сенеміз. Не де болса, қара суыққа ұрынбай, шаршап-шалдыққан тұрғындардың үйлеріне кіріп алғандарын қалаймыз .