Геосаяси жағдайларға байланысты теңге теңселіп, біраз құлдыраған болатын. Соңғы күндері қайта аяғына тұрып келе жатқаны байқалса да, бұған нық сенім білдіруге болмайды.
Қазірдің өзінде валюта бағамы тұрақты емес. Дейтұрғанмен кейінгі кездерде Қазақстан ұлттық валютасының құны артып келе жатқаны байқалады. Мұны сарапшылар Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайының біршама бәсеңдеуімен немесе форс-мажор жағдайға әлем экономикасы бой үйрене бастауынан дейді.
Теңге құнының артуына сыртқы факторлармен қатар ішкі факторлар да оң әсер етіп отыр. Геосаяси жағдайлардың нашарлауы себепті Қазақстан Ұлттық банкі мен Үкімет бірқатар шараларды қолға алды. Жұмыс барысы әлі жалғасып жатыр. Осылайша, биыл 24 ақпанында Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 10,25 %-дан 13,5 %-ға дейін көтерді. 10 наурызда мөлшерлеме бұрынғы деңгейде сақталды. Базалық мөлшерлеме бойынша жедел шешім теңге бағамына келген қысымды, атап айтқанда, алыпсатарлық қысымды төмендетуге көмектесті деуге болады. Мамандардың пікірінше, бұл инфляция мен девальвациялық құлдырудың алдын алу дейді.
24 ақпанда елімізде Ұлттық бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың салымдары бойынша өтемақы (сыйақы) есептеуді қарастыратын теңгелік депозиттерді қорғау бағдарламасы іске қосылды. 2022 жылғы 23 ақпанда қалдық шегінде көрсетілген салымдар бойынша жалпы сомада әрбір банкте 1 адамға 10 % мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) есептелді, бірақ бұл 20 млн теңгеден аспайды. Ал 12 наурызда Қазақстан Ұлттық банкі қолма-қол шетел валютасын сатып алу мен сату арасындағы айырмашылықты оңтайландыру жобасын әзірледі. (Шешім бір күн бұрын күшіне енді). Жоба бойынша айырбастау пункттері арқылы жүзеге асырылатын операцияларды, яғни шетел валютасын қолма-қол сатып алу және сату бағамының жұмысын бақыламақ.
Аталған жобаның мәтінінде, «баға ұлғаюының шегі – АҚШ доллары – 6 теңгеден 15 теңгеге дейін, еуро – 7 теңгеден 20 теңгеге дейін, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жарамды» делінген. Яғни бұл валюта нарығындағы алыпсатарлар мен қаржы нарығына қатысушылардың әрекеттерін бақылауға арналмақ. Алайда бұл қаншалықты жүзеге асатыны белгісіз.
14 наурызда валюта тұрақсыздығының алдын алу және алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендету мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қолма-қол шетел валютасын және ақша құралдарын Қазақстаннан шетелге шығаруға белгілі шектеулер енгізді. 10 000 АҚШ долларынан асатын сомада шетел валютасын, сұрыпталған алтынның құймаларын (салмағы 100 грамнан асатын) және Қазақстан Ұлттық банкі шығарған алтын мен күмістен жасалған инвестициялық монеталарды шығаруға шектеу қойылды.
Сонымен қатар ел экономикасына сыртқы қысымды болдырмау және ішкі валюта нарығындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында наурыз айынан бастап Қазақстан Ұлттық банкі валюталық интервенциялауды белсенді қадағаламақ. Айдың қорытындысы бойынша олардың көлемі 990,5 млн. АҚШ долларына жетті, бірақ бұл 2017 жылдан бергі көрсеткіш екенін де ескерте кетейік. Нәтижесінде мемлекет тарапынан қабылданған шаралар және қазіргі сыртқы факторлар теңге бағамын тұрақтандыруға әсер ететіні сөзсіз.
Наурыз айының басында S&P халықаралық рейтинг агенттігі құбылмалы айырбас бағамы режимі экономикаға сыртқы қысымға бейімделуге көмектескенін растағанын айта кеткен жөн. S&P мәліметінше, теңге 2022 жылдың екінші жартысында құны арта түседі деп болжайды.
12 сәуір күнгі үкіметтің отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов «Қазақстанның валюта нарығындағы жағдай тұрақталды» деп мәлімдеді. Пірматовтың айтуынша, бюджетке берілетін төлемдер үшін Ұлттық қордан 891 млн. долларды сату және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 233,4 млн. доллар мөлшерінде валюталық түсімдерін сату – теңгеге қолдау дейді. Алайда Пірматов айтқан «тұрақтылық» қаншаға созылатыны белгісіз.