Елордадағы «Дәулет» спорт комбинатында теннистен ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жеңімпаздар жуырда өтетін Astana Open турниріне жолдама алды. Әйелдер арасында финалда Гөзал Айнитдинова мен Жібек Құламбаева бас жүлдені сарапқа салды. 3 сағат 24 минуттық матчта Ж.Құламбаева 5:7, 7:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Гөзал осы доданың іріктеу сайысында бақ сынайды. Өскемендік Татьяна Николенко Софья Чурсинаны 6:2, 7:6 есебімен тізе бүктіріп, қола жүлдеге ие болды. Ерлер арасында соңғы бәсекеде алматылық Денис Евсеев пен қызылжарлық Тимофей Скатов кортқа шықты. Т.Скатовтың мерейі үстем болды – 7:5, 7:6. Тимофей Astana Open ATP 250 турнирінде, Д.Евсеев соның іріктеу сайыстарында өнер көрсететін болады.