ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІ ҰЙЫСТЫРАТЫН АЛЫП КҮШ

ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІ ҰЙЫСТЫРАТЫН АЛЫП КҮШ

Қай ұлт, қандай мемлекет болсын, оны ұйыстыратын, тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірден-бір күш – сол елдің мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тілі шұбар елдің тәуелсіздігі баянды болуы күмәнді. Осы тұрғыдан Кеңес Одағы өзіне қарасты бодан елдерді бір тілге көшіреміз деген, шовинистік идеяның жүзеге асуының алдыңғы легінде болған Қазақстан үшін мемлекеттік тілдің жағдайы тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, бүгінгі күні күрделі де мүшкіл қалпында. Сол үшін мемлекеттік тілді тыңғылықты үйрету, ынталандыру, талап қою арқылы жаппай қолдану аясын кеңейту, ел тұтастығы, ынтымақ-берекені нығайтуда көп ұлыс, этностардан тұратын Қазақстан үшін ұлыс өкілдеріне қазақ тілін еркін меңгертудің қажеттілігі зор. Осылардың қатарында ана тілін ұмытып, өзге тілге ауып кеткен шала қазақтарымыз да жетерлік. Осы мақсатта мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілін білмейтіндерге мемлекеттік тілді еркін меңгерту үшін Ақмола облысында біршама игі істер атқарылып жатыр. Солардың бірі қазақ тілін меңгерген облыс аумағында тұратын этнос өкілдерінің арасында байқау жариялап, оны жуырда қорытындылады. Байқау қараша айының басында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атауымен медицина саласында қызмет атқаратын этнос өкілдері арасында өтті. Шараға облыстың аудан, қалаларынан медицина саласында білім алып және қызмет істеп жүрген 13 үміткер қатысты. Үміткерлер төрт тақырып аясында кезең-кезеңмен сайысты. Олар бірінші кезеңде өз өнерлерін ортаға салса, екінші кезеңде қазақтың мақал-мәтелдерін жатқа білу, мағынасын түсіну бойынша білімдерін сынады. Келесі үшінші кезеңде экрандағы ұяшықтарда жасырылған тақырыптың мән-мағынасын түсіне білу төңірегінде ой-өрістерінің деңгейін шыңдады. Ақырғы сайыс бір минутта жиырма сұраққа жедел жауап беріп, қазақ тілін кең ауқымда бай меңгергендерін көрсетті. Қатысушылардың мемлекеттік тілді меңгеру аясы, сұрақты қатесіз түсініп, жауапты дұрыс, кең көлемде қайтару, қазақ тілін ырғақсыз таза анық сөйлеу сияқты көрсеткіштерді қазылар алқасы саралай отырып, сайысты қорытындылады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Фания Гиниятуллина ІІІ, «Viamedis Stepnogorsk» емханасының маманы Наргиз Адахамова ІІ, Көкшетау жоғары медициналық колледжінің 1-курс студенті Наргиз Махсуталиева жүлделі І орын иеленді.

Байқаудың жеңімпазы Н.Махсуталиева: – Байқау өте қызықты өтті. Мемлекеттік тіл – барлық этносты топтастыратын байланыс құралы. Сондықтан еліміздің әрбір азаматының мемлекеттік тілді білуі, қазақ тілінде сөйлегені дұрыс деп ойлаймын. Бүгінгі байқауға қатысып, жүлдегер болғаныма қуаныштымын. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, қазақша сөйлейтіндер саны артады, – деп өз ойымен бөлісті.

 Байқауды қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Қасиет Молгаждаров:

– Қазақ тілінің жаһандану кезіндегі рөлін күшейтудің негізгі шарттарының бірі – этнос арасында мемлекеттік тілдің қолданыс рөлін кеңейту. Үміткерлердің осындай байқауға қатысып, бақ сынауы – мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату ісіне, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеуге қосқан үлесі деуге болады. Денсаулық саласы халық жиі баратын сала болғандықтан, этнос өкілдерін әрі қолдап, әрі ынталандыратын осындай шараларды жиі өткізіп отыру керек, – деді. Байқау нәтижесі бойынша барлық қатысушылар дипломдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды

Мемлекеттік қызметті үйрену мемлекеттік тілден басталсын!

Жуырда Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті жанындағы «Talapker» жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің жаңа оқу маусымының ашылу салтанаты болды. Салтанатты шараға Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департамент басшысы Думан Әбілев, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының басшысы Белла Газдиева, жоғары оқу орнының ұстаздары және тыңдаушылар қатысты. Мектепке негізінен Шоқан Уәлиханов, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Гуманитарлық-техникалық академияның соңғы курс студенттерінен таңдалған 25 студент ілесіпті. Шараны ашып, құттықтау сөз сөйлеген департамент басшысы Думан Әбілев:

– Бұл мектептің миссиясы – мемлекеттік қызметке талантты, сауатты, білімді, көшбасшылық қасиеттері бар жастарды тарту, оларға мемлекеттік органдарда жұмыс істеу дағдыларын игеруге мүмкіндік беру. Сондықтан болашақта түлектер осы мектепте алған білімдерін еліміздің игілігі үшін атқаратын адал еңбек жолында қолданатынына сенеміз!» – деп, талапкер студенттерге сенім білдірді.

Оқыту курстары тәжірибесі мол мемлекеттік қызметшілердің, кәсіби оқытушылардың, сарапшылардың, жастар ұйымдары басшыларының қатысуымен өткізіліп, әр саланың мемлекеттік мекемелерінде тәжірибеден өтеді екен.

Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі құрылған 2018 жылдан бері 299 тыңдаушы бітіріп, әр саланың мемлекеттік органдарына қызметке орналасыпты. Бұл игі іс мектепті ойдағыдай бітірген түлектер үшін мемлекеттік мекеме ұйымдарына қызметке тұруына жақсы қадам. Әкімшілік және құқық қорғау саласындағы органдарға, осы мектепті бітірушілерден басшылық лауазымдарға тағайындалған жастар да баршылық. Мысалы, мектепті 2020 жылы бітірген Андрей Олегович Шевченко бүгінгі күні Ақмола облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінде бөлім басшысы болып қызмет атқарады екен. А.Шевченко алғашқы қызметін осы мемлекеттік мекемеде бас маман лауазымынан бастапты. Осылай өзге ұлт өкілдерінің туған елінің мемлекеттік қызметіне белсенді араласып, жетістікке жетуін қуана қолдаймыз. Бірақ мемлекеттік тіл мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз ететін, бір мүдде – бір мақсат үшін, бір тілде сөйлеу арқылы түсінікті нығайтатын өте маңызды құрал дегенді көкейінде нық ұстап, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері көбейсе, ел патриоты болуды түсінсе игі дейміз. Мемлекеттік тіл – тұтастық кепілі. Тұтас ел көркейеді, өркендейді, берекеміз артып, ынтымағымыз нығаяды. Мектептің оқу бағдарламасы екі тілде жүргізіледі екен. Бұл мемлекеттік қызметші болатын түлектер үшін білім, біліктілігін шыңдаудың басты көрсеткіші емес. Бүгінгі күні қазақ мемлекеті үшін қазақ тілін еркін меңгеріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін өз орнына қою бүгінгі ел азаматтары, ертеңгі күні елдің егесі, мемлекетті қозғаушы күші, оны басқаратын тұлға болатын жастардың басты мақсаты, бұлжытпай орындайтын көкейкесті мүддесі, заманның талабы деп білген жөн. Сондықтан мектепке қабылданатын талапкерлерге мемлекеттік тілді білу талабын басты көрсеткіш ретінде таңдап, мектептің оқу бағдарламасын біртіндеп мемлекеттік тілде оқытуды басым бағытқа ала отырып, түбегейлі қазақ тіліне көшкен жөн. Бұл тек Ақмола облысы ғана емес, ел аумағындағы мектептерде бұлжытпай атқарылатын игі іс. Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекетіміздің тұтастығы бекем болсын десек, мемлекеттік тілді мәртебесіне көтеру жолында солқылдақтық танытпау керек.

ТҮЙІН: Ана тіліміздің қолданыс аясын тарылтып алып, өркен жайдыра алмай отырған жер бетінде Қазақстаннан басқа мемлекет бар ма жоқ па, білмеймін. Білетінім ана тілін ұмытып, анасын құрмет тұтпайтын қазақтар, жеген наны, жұтқан ауасы, ішкен суының қадіріне жетіп, туып-өсіп, өнген елдің мемлекеттік тілін ескермейтін этнос өкілдері бізде ғана бар шығар. Мемлекеттік тілді үйрету үшін мемлекеттен қыруар қаржы шашып жатырмыз. Аләлеуметтік жағдайымыз нашар деп шулаймыз. Сол тілге жұмсаған миллион емес, бірнеше миллиардтаған қаржыны жетіспей көсегесі көгермей жатқан әлеуметтік салаға бөлсе, титтей болса да себі тиер еді. Қазақстан Республикасының Премьр-Министрі Ә.Смайылов «қазақ тілін білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді» депті. Дұрыс-ақ! Оған Қазақстанда туып-өсіп, кәмелет жасына (16 жасқа) толған әр азамат мемлекеттік тілден сынақ тапсырады, қазақ тілін білмесе, Қазақстан азаматтығының төлқұжаты, жеке куәлігі берілмейді деп қосқан жөн. Мемлекеттік тілді меңгерген соң ғана алар құжатты. Мемлекеттік қызметке орналасатын әрбір азамат мемлекеттік тілде емтихан тапсыратын болсын. Көпшіліктің қалауы осы. 

Дахан ШӨКШИР
17.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 327
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6431
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8043
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6510
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6647