Бұл – көпшіліктің көкейіндегі сауал. Президент Тоқаев өткізілген саммиттің нәтижелі болғанын айтты. «Құжаттарға қол қою рәсімі аяқталды. Осылайша, біздің отырысымыз нәтижелі болды деп айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар құжаттарды қабылдаудан бөлек делегация басшылары, менің ойымша, ТМД шеңберіндегі көпжоспарлы өзара іс-әрекеттің кең ауқымы және халықаралық күн тәртібі жөнінде өте пайдалы пікірталас өткізді. Осы ретте айтылған маңызды ұсыныстар мен қаралған құжаттар ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және жетілдіруге бағытталады. Бұл ортақ мақсатымызға сай келеді. Сөз соңында ТМД Атқару комитетінің қызметкерлеріне, біздің сарапшыларға, мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын дайындауға және өткізуге тікелей атсалысқан Достастықтың барлық органына ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қандай құжаттар қабылданды? Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, саммитте қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық бағдарламасын мақұлдаған. Сұрақтардың басым бөлігі мәдени-гуманитарлық салаға арналған. ТМД-да қабылданған «бір жыл – бір тақырып» формуласына байланысты мемлекет басшылары жылдары тақырыбын айқындады.
Олар:
2024 жыл – еріктілер қозғалысы жылы;
2025 жыл – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бейбітшілік пен бірлік жылы.
2026 жыл – денсаулық сақтау жылы.
Саммиттің тағы бір құжаты мемлекет басшыларының климат саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі болды. Онда климат мәселесінде ТМД елдерінің бірлескен іс-қимылдары маңызды екені атап айтылды. ҚР Президентінің бастамасы бойынша ТМД-дағы байқаушылар мен серіктестердің мәртебесін белгілеу туралы құжаттарды дайындау жұмысы басталады. Бұл достастықтың жұмысына басқа елдер мен халықаралық ұйымдарды тартуға мүмкіндік береді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ТМД адам құқықтары жөніндегі комиссия туралы жаңа ереже қабылданды, – деді министр.
Сондай-ақ Саммитте Ресей басшысы Владимир Путин Орталық Азия елдеріне бірлескен энергия жүйесін құруды ұсынды. Ол атағандай, Ресей Орталық Азияның тұтас болған энергия жүйесін қалпына келтіруге көмек көрсетуге дайын. Бұл аймақтағы бүкіл мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін арттырары анық. «Ресей мен Орталық Азия елдері арасында энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық нығайып келе жатыр. Біздің ел – Орталық Азия елдерінің экономикасына жетекші инвестор. Батыс компаниялары мен операторларының қажетсіз қатысуын болдырмайтын қаржылық есеп айырысу тетіктерін қайта құру және қайта реттеу тетігі іске қосылды», – деді Владимир Путин «Орталық Азия – Ресей» саммитінде.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Болат Әуелбаев: «Азия елдерінің жиынтық экономикалық өсімі орасан зор. Өндірістің интернационализациясы, цифрлық технологиялар және белсенді әлеуметтік-экономикалық өзара байланыстар жаңа мүмкіндіктер туғызып, Азияның жаңа келбетін қалыптастырады. Бұл Астанада өткен саммит ХХІ ғасырдың келбетін айқындай бастады. Экономикалық, қаржылық, өнеркәсіптік, көліктік, логистикалық және ақпараттық жүйелерді интернационалдандыру процесінде конструктивті халықаралық қатынастарды құруға сұраныс артып келеді. Іс-шараның барлық қатысушылары ортақ сенім шараларын ілгерілету ниетін растады. Бұл тұрғыда Қазақстан тұрақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесу саясатына адал болып қала береді», – дейді.