Токиода үмітіміз ақталмады

Токиода үмітіміз ақталмады

Қазақстандық спортшылар Токио Олимпиадасын сегіз қола медальмен аяқтады. Құрама қоржынына ең соңғы сегізінші қоланы каратэші қызымыз Софья Берульцева салды. 61 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен 20 жасар шымкенттік каратэші жартылай финалда мысырлық Ферьял Абделазизге 4:5 есебімен есе жіберіп, қола медальды місе тұтты. Бұған дейін ол топтық кезеңде әзірбайжандық Ирина Зарецкаяны, италиялық Сильвия Семерароны жеңген болатын. Сондай-ақ, жапониялық Аюми Уэкуседен жеңіліп, түркиялық Мельтем Ходжаоглумен тең түскен еді. Жалпы алғанда, биылғы Олимпиада Қазақстан үшін ең сәтсіз байрақты бәсеке болды десек, артық айтқандық емес. Бұл жайлы отандық мамандар мен білікті сарапшылар да өз пікірлерін айтып жатыр. Солардың бір апарасы төмендегідей.

Қазақта: «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен»,– деген нақыл сөз бар. Соған қарасақ, Токиода біз алтын мен күміске қол жеткізе алмадық, бірақ, қола медальдың біразын қанжығаға байладық. Десе де, спортшыларымыздың алдыңғы Олимпиадалардан бағасы қымбат медальдар алып келуіне үйреніп қалғандықтан болар, Токиода алған жүлделерімізді қомсынғанымыз рас. Шындықтың бетіне тура қарап отырып айтсақ, күллі жаһанның назарын өзіне аударған Токио Олимпидасы қазақ елі үшін сәтсіз өткенін мойындауға тиіспіз. Жалпы командалық есепте Рио олимпиадасында 22 орын алған еліміз бұл жолы 8 қоламен 83-і орынды місе тұтты. Бұған кім кінәлі? Әрине, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі. Бұған дейінгі олимпиадаларда алтынсыз келмейтін боксшыларымыз бұл жолы 2 қоламен шектелді. Ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосыновтың ең биік шыңы «үшінші» орын болды. Белгілі бапкер Тұрсынғали Еділов: «Обалы не керек, боксшыларға Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған. Спорттық базадан бастап, ақшаға дейінгі мәселе оң шешілген. Бокс державасы болу жолында қаншама жұмыс істелді. Бірақ Токио олимпиадасында алтын тұрмақ күміске зар боп қалдық. Сондықтан да бокс саласындағы олқылықтарды түзеп, көп нәрсені өзгерту керек. Мырзағали Айтжанов бас бапкерлігін пайдаланып, Біржан Жақыпов пен Қайрат Ерғалиевты сүйремеуі керек еді. Бас бапкер өзінің шәкірттеріне қарай ма, жоқ әлде бүкіл құрамаға мән бере ме? Кезінде Олимпиадаға өз шәкіртім болған Марат Мәзімбаевты емес, Бекзат Саттархановты апардым. Негізі елдегі жекпе-жекте Бекзатты Марат ұтқан болатын. Бірақ біз, бапкерлер алқасы, Саттархановтың көзіндегі отты көріп, құрамаға соны алғанбыз. Таңдауымыздың дұрыс екенін Сидней олимпиадасы көрсетті ғой. Яғни Бекзат біздің үмітімізді ақтап шықты.

Сосын, өз басым олимпиадада жүлде алды екен деп спортшыны депутат иә басшы ету дұрыс емес деп санаймын. Оның себебі де жоқ емес. Мәселен, қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрін отставкаға кетсін деген әңгіме жиі айтылуда. Меніңше, аталған министрмен қатар Спорт және дене шынықтыру комитетінің басшысы Серік Сәпиев те қызметінен кетуі керек секілді. Себебі Серік Жұманғалиұлы тамаша боксшы болғанымен жақсы басшы бола алмады. Жалпы Серік Сәпиевтің комитет басқаратындай потенциалы бар ма? Бұған дөп басып жауап беру қиын. Бірақ басшылыққа қоймас бұрын оны пісіріп, үйрету керек еді. Комитетті Серік емес, басқа біреулер басқарып жатыр. Меніңше, олимпиада жүлдегерлерін басшылыққа әкелу бізге көрші Ресейден жұқты. Біздің биліктің Ресейге қарап бой түзейтіні белгілі ғой. Көрші елдің мықты спортшылары депутаттан бастап әртүрлі басшылыққа тағайындалып жатады. Негізі депутат деген өз ойын еркін жеткізіп, заң қабылдауға қабілетті адам болуы керек. Олимпиадада жүлде алды екен деп кез келген спортшыны басшылық қызметке апара берген дұрыс емес. Серік Сәпиев Токиодан кейін жаттықтырушыларды жазалайтынын БАҚ беттерінде айтып қалды. Ал оның өзін кім жазалайды? Енді спорт мамандары: «Серік Сәпиевте тұрған ештеңе жоқ. Барлық тізгін Тимур Құлыбаев басқаратын Ұлттық Олимпиада комитетінде» деп спорт шенеуігіне шаң жуытпай жатыр»,– деген ойын ортаға салды.

Ал, белгілі қаламгер, спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбек: «Токиодағы жеңілістің тамыры тым тереңде. Мәселен, спортшының қазақ дәстүріне сай тамақтану жүйесі қалыптасқан жоқ. Мәдениет және спорт министрілігінің жанынан ғылыми зерттеу институты құрылу керек еді. Ұзын сөздің қысқасы, қазақ спорты ғылыммен қаруланбаған. Ал қазір дүниежүзінің спорты сараптама, биохимия, физиология, биология сынды ғылымға айрықша назар аударып жатыр. Токио олимпиадасында жапондар дзюдодан қырып алтын алды. Себебі оларда дзюдодан ғылыми зертеу институттары мен академиялар жұмыс істейді. Біз бұған дейін «Қазақтың спорт ғылымын дамыту керек» деп талай рет жаздық. Өкінішке қарай біздің ұсынысымызға құлақ асқан жан болмады. Біз спортшыларымыздың нашарлығынан емес, қазақта спорт ғылымы болмағандықтан ұтылып жатырмыз. Грек-рим мен дзюдоға жігіттер салбырап шығады. Егер олар ғылыми негізде дайындалып шықса, жұлқынып тұрған болар еді. Расында, спорт саласында ғылыми зерттеу институтының маңызы зор. Бұл маңызды салаға Мәдениет және спорт министрілігінің назар аудармай жүргені өкінішті»,– деген пікірде.

«Қазақстан барысы» жобасының авторы Арман Шораев болса: «Біздің спорт сол спортты үстінен қадағалайтын мекемелер жойылғанда ғана дамиды. Серік Сәпиев болсын, Геннадий Головкин болсын, тіпті одан да мықты адам комитетті басқарса да ешқандай пайда болмайды. Бізге спортты қадағалайтын мемлекеттік мекеме түкке керек емес. Спортқа бөлініп жатқан миллиардтарды бұқаралық спортты дамытуға жұмсау керек. Әр облыстан балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арналған үйірмелер ашып, ақша соған бөлінуі керек. Егер біз бұқаралық спортты дамытатын болсақ, бокс және өзге де спорт түрлеріне қызығушылық артар еді. Мәселен, қазір он отбасының екеуінің ғана баласын бассейнге апаруға жағдайы жетеді. Ал біз спортқа қызыққан әр балаға жағдай жасауымыз керек. Осы кезде спорт саласында бәсеке болып, дарынды азаматтар қалыптасады. Біздің дарынды балаларымыз Серік Сәпиев, Геннадий Головкин сияқты боксшы болар еді. Спорт саласына бөлініп жатқан ақшаның 90 пайызы балаларға жұмсалса ғана жақсы нәтиже шығады, мен бұған имандай сенемін. Жалпы қазақ спортында мәселе шаш етектен. Тәжірибесі аз адамды басшылық қызметке қоюдан бастап, спорт ғылымына ден қоюға дейін мың сан мәселе бар. Сондықтан, Токио олимпиадасындағы жағдай білікті мамандар мен кәсіпқой сарапшыларға спорт саласында жіберген қателіктерді түзеуге мүмкіндік береді деп сенеміз»,– дейді. Спортсүйер қауымның бір мүшесі ретінде, біз де дәл осы сенімге үміт артамыз.

Ал, өзімнің жеке пікірімді айтсам, білікті мамандар сөзіне толықтай қосылам: олар айтқандай, қазақстандық спортқа реформа ауадай қажет. Мысалы, бізде көптеген спорт федерациясының президенті қызметін лауазымды шенеуніктер атқарады. Ал, олардың көпшілігі бұл спорт түрінен мүлде хабары жоқ, не болмаса оны телеарнадан көруші көрермен ғана. Өзі атқарып отырған саланың иісі мұрнына бармайтын дилетант болғандықтан, бұлар әлгі федерациясының өміріне араласпайды, оған құлықты да болмайды. Меніңше, ондай жауапты қызметке осы спорт түрін бес саусағындай жақсы білетін, сонымен айналысқан білікті маман иә кәсіпқой спортшыларды тағайындаған дұрыс болар еді. Тек солар ғана федерацияны лайықты деңгейге көтереріне сенімім зор. Ал, біз болсақ, базбір спорт федерациясына басшылыққа ойдан ойып, қырдан қырып қаражат тауып берер ме екен есекдәмемен лауазымды шенеунікті қоюды бұлжымас дәстүрге айналдырып алғанбыз. Бұл спортты биікке көтеретін емес, оқпанға құлататын зиянды тәжірибе. Сосын, спортта жақсы нәтижеге қол жеткізуде спортшыларды шеберлікке баулитын білікті бапкерлерге берілетін жалақы мөлшері де үлкен рөл атқарады. Жақсы спортшы дайындап шығара алатын бапкерлерге дұрыс жалақы берілсе, олар үлкен спорттан коммерциялық ұйымдарға кетіп қалмас еді. Біздегі мұндай тәжірибе әрі қарай жалғаса берсе, ертеңдері чемпиондарды тәрбилейтін адам қалмай, білікті мамандардаың орнын сипап қаламыз ба деп қорқам. Біздің спорт саласына қатысты іс-әрекетіміздегі бір кем дүние, міне, осы. Қазақ: «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» – деген сауалды бекер қоймаған. «Өтпейтін пышақ болмайды, оның қайрауын білген жөн», –дегенді айтқан да дана қазақ. Ендеше, ойланайық, ағайын. «Жатқан тастың астынан су ақпайды»,– демекші, сөзден шынайы іске көшкеніміз дұрыс болмақ. Патша көңілді оқырман, бұған сіздер не дер едіңіздер?

Енді статистикаға назар аударсақ: дүбірлі додаға Қазақстан атынан 97 спортшы спорттың 28 түрінен бақ сынады. Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті айтулы аламанға баратын тізімді нақтылау мақсатында іріктеу және рейтинг жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар барлығы сегіз қола медаль алды. Бұл – ел спортшыларының қатысуымен өткен Жазғы Олимпиада ойындарындағы ең төменгі көрсеткіш. Сондай-ақ, өзінің тарихында тұңғыш рет алтын және күміс медальсыз қайтып отыр. Бұрын мұндай жағдай болған емес. Ал 2004 жылы Африна Олимпиадасында небәрі жеті медаль олжалап қайтқан еді. Алайда олардың 1-і – алтын, 4-і – күміс, 3-і – қола болатын. Қазақстан құрамасының бұған дейінгі Олимпиадалардағы көрсеткіші төмендегіше: Атланта-1996 жыл – 3-4-4 (11); Сидней -2000 – 3-4-0 (7); Афины-2004 – 1-4-3 (8); Пекин – 2008 – 2-3-4 (9); Лондон-2012 – 3-1-7 (11); Рио-де-Жанейро-2016 – 3-5-10 (18) .

Ермек Сахариев
12.08.2021

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 866
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6935
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10772
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7006
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7146