Olympic.kz: «Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында триатлон спринттен өткен Азия чемпионатында Қазақстан командасы сәтті өнер көрсетті. 60 спортшы қатысқан бәсекеде әйелдер арасындағы сында қазақстандық Екатерина Шабалина күміс жүлдегер атанды. Ол олимиадалық қашықтық бойынша Азия чемпионатындағы үздік алтылыққа енді. Біріншіліктің алтын және қола жүлдесін жапониялық Сарика Накаяма мен Чисато Накаджима иеленді. Команданың өзге де мүшелері Надежда Бекмағанбетова 4-і, Юлия Озерова 8-і орыннан көрінді. Ерлер арасындағы бәсекеде Дарын Қонысбаев Азия чемпионы атанса, Аян Бейсенбаев қоланы қанағат тұтты. Жапондық Киотаро Йошикава күміс жүлдегер қатарында. Мейірлан Ысқақов 7-і, Темірлан Теміров 8-і сатыға табан тіреді. 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында жеңісті қазақстандық спортшылар өзара бөлісті. Никита Дубинский алтын, Станислав Глок күміс, Тимур Бәкіров қола жүлде жеңіп алды. Қыздар арасындағы сында қазақстандық Диана Ержанова топ жарды. Тағы бір қазақстандық спортшы Ангелина Редченко үздік үштікті түйіндеді.