Ағайын, бүгін көптен бері көкейімде жүрген бір мәселені көтергім келеді.
1989 жылы Жангелдин ауданында 29 мыңға жуық халық тұрған. Бүгінде 10 мыңға да жетпейді. 37 жылда халқымыздың үштен екісінен айырылдық. Бір кезде түтіні түзу ұшқан ауылдарымыз сиреп, қара шаңырақтар қаңырап, жастарымыз жан-жаққа тарап жатыр.
Ал енді ойланып көрейікші. Торғай топырағынан қаншама атақты, дәулетті, ықпалды азаматтар шықты! Арамызда менен әлдеқайда бай, мүмкіндігі мол азаматтар жетерлік. Бірақ сол азаматтардың қаншасы туған жеріне инвестиция құйып, кәсіпорын ашып, жұмыс орнын құрды?
Қазақ «Туған жерге туыңды тік» дейді. Туды сөзбен емес, іспен тіккен дұрыс емес пе?! Мен өз басым туған жеріме жылдар бойы қаржы салып келемін. Аңшылық шаруашылықтарын дамытып, демалыс базаларын салып, туризмді өркендетуге күш жұмсап жүрмін. Бірақ айтайын дегенім басқа.
Мен Жангелдин ауданында екі үлкен жобаны жүзеге асырғым келді.
Біріншісі – Қаратұз көлі.
Осы көлдің маңынан жерді заңды түрде жалға алып, заманауи туристік-сауықтыру орталығын салуды жоспарладым. Ел демалатын, денсаулығын нығайтатын, жергілікті халық жұмыс істейтін орын болсын дедім.
Екіншісі – Жангелдин елді мекенінің маңындағы ыстық су көзі.
Кеңес заманында бұл жерге адамдар жан-жақтан келіп, шипа іздейтін. Әсіресе, тері ауруларына пайдалы деп есептелген суы ел арасында белгілі болған. Сол жерден жақсы шипажай салып, Торғайды сауықтыру туризмінің орталығына айналдырғым келді. ірақ екі жобама да Жангелдин ауданының жергілікті билігі рұқсат бермеді! Сонда менің түсінбейтінім не?
Инвестор келмесе, «Инвестор жоқ!» деп зар жылаймыз. Инвестор өз ақшасымен келсе, есікті жабамыз! Бұл қандай саясат, ағайын?! Мен мемлекеттен ақша сұраған жоқпын. Тегін жер сұраған жоқпын. Өз қаражатыма нысан салып, елге қызмет еткім келді. Егер заңды кедергі болса, ашық айтыңдар. Шешетін жолын бірге іздейік. Әлде Торғайдың дамуы біреулерге керек емес пе?!
Мен Амангелді ауданының дамып жатқанына қуанамын. Арқалықтың өркендегенін қалаймын. Бірақ Жангелдин ауданы неге көш соңында қалуы керек? Бәріміздің түбіміз бір, жеріміз бір, тарихымыз бір!
Енді туған жерден түлеп ұшқан дәулетті азаматтарға айтарым бар.
Ағайын, байлық жинау бір басқа, сол байлықтың шарапатын туған еліңе тигізу бір басқа! «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген сөз бекер айтылмаған. Ата-бабамыздың сүйегі жатқан, кіндік қанымыз тамған Торғайға кім көмектеседі, егер өзіміз көмектеспесек?!
Бүгін бір ауылға кәсіпорын ашсаң, ертең сол ауылда он отбасының түтіні түзу ұшады. Бір шипажай салсаң, ондаған адам жұмыспен қамтылады. Бір туристік орталық ашсаң, бүкіл өңірге пайдасы тиеді.
Мен ешкімді кінәлаудан бұрын, әр азаматты өз арының алдында ойлануға шақырамын.
Ал билікке айтарым: инвестор іздегенше, келген инвесторға кедергі жасамаңдар!
Торғайды көтеру үшін құр ұран емес, нақты іс керек!
Байлығыңмен мақтанба, еліңе жасаған жақсылығыңмен мақтан! Торғай – біздің алтын бесігіміз! Ата-бабамыз аманат еткен жерді қаңыратып қоюға біздің қақымыз жоқ!
Торғайды өзгелер келіп көтермейді. Торғайды торғайлықтардың өзі көтеруі керек!
Батыр СЕЙКЕНОВ
















