Тұрғын үй мәселесі – қазіргі заманның ең өткір әлеуметтік мәселелерінің бірі. Өз заманында тіпті Ф.Энгельстің де «ештеңе шығармас бұрын, адамдарда тамақ, киім және тұрғын үй болуы керек» деп атап өтуі бекер болмаса керек.
Өткен жылы қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдаудың тиімді тетіктерін енгізу арқылы олардың өмір сүру сапасын арттыруды мақсат еткен құжатта «Отбасы банкі» базасында азаматтарды тіркеу және тұрғын үй бөлу мәселелерімен айналысатын орталықтандырылған Даму және қолдау институты құрылатыны айтылған-ды. Бұл өзгерістерге сай, жеңілдетілген ипотека, тұрғын үй кезегіне тұру, баспанаға мұқтаж жандарға қосымша кепілдіктер беру секілді мәселелер қаралды. Заңда «Отбасы банкіндегі» бұл инновациялар алты ай өткеннен кейін толық жұмыс істей бастайтыны да жазылған.
Қазақстанның тұрғын үй саясаты – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігі. Халықтың баспанаға қол жеткізу мәселесі мемлекет үшін әрдайым өзекті болды, өйткені тұрғын үй жағдайы азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Тұрғын үй саясаты арқылы мемлекет халықтың әл-ауқатын жақсартып, урбанизация процестерін реттеп, әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге тырысады. Қазақстанда тұрғын үй саясаты бірнеше бағытта жүзеге асырылады, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар, ипотекалық несиелер, әлеуметтік баспана салу және жеке сектордың қатысуы ерекше рөл атқарады.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардан бастап тұрғын үй саясаты Қазақстан үкіметінің негізгі міндеттерінің бірі болды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде тұрғын үй қорының сапасы нашарлап, инфрақұрылым тозды. Осыған байланысты жаңа құрылыс жобалары мен тұрғын үй саясатын жетілдіру қажеттілігі туындады. Елдің экономикалық өсуімен қатар тұрғын үй нарығы да дамыды, бірақ бұл процестерде бірқатар қиындықтар болды.
Айта кетейік, 2018-2019 жылдары тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны айтарлықтай жоғары болды. Бұл 25 мың отбасының, оның ішінде 5,5 мың көпбалалы аз қамтылған отбасы мен 3 мың жұмыс істейтін жастардың тұрғын үй мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Бұрынғы Президенттің «Бақытты отбасы» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша 20 мыңға жуық қазақстандық отбасы қарыз алды.
Кезекте тұрғандардың мәселесін шешу үшін Президент «5-10-20» несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жаңа жобаны іске қосуды тапсырды. Бұл мақсатқа дағдарысқа қарсы қаражат аясында 390 млрд теңге бағытталады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы институционалдық құрылымды жаңғырту қажеттігін атап өтті. Осылайша, жыл соңына дейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ негізінде толыққанды даму және қолдау институты – «Отбасы банк» құрылуы тиіс, ол тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын болады.
Eстeріңізгe сала кeтeйік, Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін ипотекалық кредиттер бойынша бастапқы жарнаны алып тастағысы келеді. Мұндай ұсынысты Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеушілер енгізді. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.