Ақмола облысының туристік әлеуетін арттыратын өңірдің ең маңыздысы – Бурабай курорттық аймағы. Осы маңызды аймақтың ерекшелігіне байланысты туризмді өркендетуге бағытталған құрылыс нысандары көптеп салынды және салынып жатыр. Сондай нысандардың бірі және бірегейі – көпфункционалды конгресс-орталықтың құрылысының қадасы қағылып, іргетасын қалау салтанатты іс-шарасы Бурабай кентінде болды. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі М.Ахметжанов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, құрылыстың іргетасын қалауды бастап берді.
Жаңа кешеннің құрылысы жоғары деңгейде халықаралық форумдар, іскерлік кездесулер, көрмелер мен мәдени іс-шараларды өткізуге арналған заманауи көркем ғимарат болады. Нысан – Бурабайдың жыл бойы туристерді қабылдайтын орталық болып қалыптасуына жол ашатын маңызды қадам болатыны жобада анықталған. Бұл жоба Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Нысанның маңыздылығын жоғары бағалаған өңір басшысы, құттықтау сөзінде құрылыстың ерекшелігіне тоқталды.
Облыс басшысы Марат Мұратұлы арнау сөзінде:
«Бұл – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бой көтеретін алғашқы нысандардың бірі. Бурабай Қазақстандағы туризмді дамытудың үш басым орталығының қатарына кіреді және бірегей табиғи әлеуетке ие. Бүгінде оның демалыс орны ретіндегі тартымдылығын сақтап қана қоймай, жыл он екі ай бойы қонақ қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа инфрақұрылым қалыптастыру маңызды. Конгресс-орталық іскерлік және оқиғалық туризмді дамытуға жол ашып, курорттың туристік бағыт ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деп атап өтті.
Жаңа кешен MICE-туризмді дамытуға ықпалы зор болады. Мұнда іскерлік кездесулер, конференциялар, көрмелер мен корпоративтік іс-шараларды ұйымдастыруды қамтиды. Осындай ауқымды алаңның пайда болуы өңірге халықаралық ұйымдарды, іскерлік қауымдастықтар мен кәсіби бірлестіктерді тартуға жол ашады. Сонымен қатар туристер ағынын маусымаралық кезеңде де арттырып, қонақүйлердің, шипажайлар мен өзге де туристік нысандардың жыл бойы тұрақты жұмыс істеуіне ықпалы мол.
Әлеуеттік маңызына облыс әкім қысқаша тоқталды.
«Жобаның туристік маңызымен қатар, экономикалық әсері де зор. Оның іске асырылуы шағын және орта бизнестің, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану және көлік салаларының дамуына серпін береді. Бұл – жаңа жұмыс орындары, қосымша инвестициялар және жергілікті кәсіпкерлер үшін тың мүмкіндіктер», – деді облыс әкімі.
Кешеннің жалпы ауданы 12,8 мың шаршы метр. Кешенде 1000 орындық көрермен залы, 160 адамға арналған конференц-зал, көрме алаңдары, мультимедиялық зал, кафе, сондай-ақ қолданбалы өнер шеберханалары мен креативті индустрияларды дамытуға арналған студиялар жобаланған.
Орталықтың ең маңызды – 10 мың экспонатқа арналған «Қазақстан панорамасы: өңірлер музейлері» экспозициясы. Ол заманауи цифрлық форматта еліміздің әр өңірінің тарихи-мәдени мұрасын келушілерге таныстырады.
Конгресс орталықтың ашылуы курортты аймақтың туристік мүмкіндіктерін арттырып, халықаралық іс-шаралар мен іскерлік форумдарға қатысушыларға жоғары көңіл күй сыйлап, тартымды және жайлы көңіл күй сыйлайтын болады.
















