Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлованың Қырғызстанға жасаған жұмыс сапары аясында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университеті жанындағы Түркі мәдениеті және мұрасы орталығына заманауи мультимедиялық жабдықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
Жалпы құны 2 миллион қырғыз сомын құрайтын жабдықтар Түркі мемлекеттерінде Мәдени мұра орталықтарын құруға бағытталған Қордың арнайы бағдарламасы аясында тапсырылды.
Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Ақтоты Райымқұлова Түркі мәдениеті мен мұрасы орталығының түркі дүниесінің бай тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен насихаттауға арналған маңызды алаң екенін атап өтті:
«Қорымыз түркі халықтарының рухани бірлігін нығайтуға ықпал ететін мекемелерді жүйелі түрде қолдап келеді. Бұл жабдықтар Орталықтың ауқымды ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыруда тиімді құрал болады деп сенеміз», – деді ол.
Университет Ректоры көрсетілген қолдау үшін шын жүректен алғыс білдіріп, жаңа техниканың зерттеулерді цифрландыру, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттыру және халықаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік ашатынын айтты.
Мұндай Түркі мәдениеті және мұрасы орталықтары бұған дейін Қазақстанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ашылғаны мәлім. Жақын уақытта мұндай орталықтардың Әзербайжан, Түркия және Польша мемлекеттерінде ашылуы жоспарлануда.