Тұрсын қария әулеті

Тұрсын қария әулеті

Ерепбайұлы Тұрсын қариямен ортақ танысымыздың үйінде дастарқандас боп қалдық. Жасының үлкендігін сыйлаған шығар, үй иесі қарияны төрге шығарды. Тұрсын ақсақал өткен-кеткенді қозғап әңгімені бастап жібергенде отырғандар сілтідей тынды. Биыл 90 жасқа толыпты. Әйтсе де жүзін шимайлаған әжім іздері көрінбейді. Шебер әңгімеші екен. Тілі бай, ойы құнарлы. Жас кезіндегі оқиғаларды дәл бүгін басынан өткендей айтып отыр. Есте сақтау қабілеті, яғни жады өте мықты. Бірдеңені ұмытып, қақалып-шашалып отырмайды. Тіпті адамдардың да есімдерін орыс жұрты өкілдерінің аты-жөнін тура айтып отыр. Дастарқанға бата бергенде бұрын естімеген тілектерді естіп таңданасың әрі сүйсінесің. Бұндай адамның өмірі жастарға үлгі емес пе? Келесі күні-ақ өзімен ауызба-ауыз сөйлесе отырып, өмір жолын қағазға түсірдім. 

 

Жапон тыңшысы, халық жауы болған қайран әкем

Қойшы болғанына да төрт-бес жыл. Жасы 26-27-лерде. Таңертең отарды шалғайдағы тау бөктеріне қарай өргізіп келеді. Діттеген жеріне тезірек жетуге асыққанымен, қой өре жайылып бастарын жерден тезірек көтере қоймайды. Жүрістері баяу. Тау аңғарына да жетті. Отар жан-жаққа шашырай жайылды. Шөбі шүйгін. Осы арадан олай-бұлай ұзай қоймасын біледі. Биіктеу төбе басына шығып, атының ауыздығын алып, тұсап қоя берді. Айнала алақандағыдай. Отырып етігінің қонышындағы кітапты алды. Б. Момышұлының кітабы. Ел басына түскен ауыртпалық туралы. Сол-ақ екен балалық шағы, әкесі Ерепбайдың еміс-еміс есінде қалған тұрпатты жүзі көз алдына келе қалғаны. Әкесі туралы анасы Қалижаннан естіген. Әкесі Ерепбай Қырғызстандағы Қызылқия заставында комендатурада 8 жылдай істепті. Кейін Нарынқолға ауысады. Орысша таза білген. Отызыншы жылдары Жапон тыңшысы, халық жауы деп қамауға алады. Қамауда Қырғызсайда бес ай жатады. Бес айдан соң Қырғызсайдан Алматыға атуға жібереді. Алты адамды арбамен екі солдат алып келе жатады. Аласаға жеткенде алтауы солдаттарды байлап тастап қашады. Әкесі Нарынқолдың комендатурасына барады. 

«Мен қашып келдім. Атыңдар!» – деп көкірегін ашады. 

«Қытайға разведчик етіп жібереміз», – дейді комендатурадағылар. 

Қытайға барып келіп жүреді.1936 жылы мен туыппын. 1938 жылы Нарынқолға келе жатқанда Қытай солдаттарының қоршауында қалып қояды. Қоршаудан құтылу үшін суға түсіп кетеді. Солдаттар өлді деп ойлап, кетіп қалады. Таңға жуық судан шығып, комендатураға келеді. Он бес күндей Нарынқолда емделіп жатады. Екі аяғы үсіп кетіпті. Әбіт деген бірге туған інісі ағасымен бірге кетеді. 1939 жылы Қытайда сол аяқтан қайтыс болады. Тұрсын әкесінен 6-7 жасында қалады. 

Әке – асқар тау, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелейтін қорғаның, жебеп желеп, демейтін алып күш иесі іспетті. Әке деген бір ауыз сөзден бойыңа жылылық тарайтындай. Әжесі мен анасы Қалижанның қамқорлығында өсіп жатса да, әкесінің жоқтығы көңіліне қаяу түсіріп, жүрегін жаралайтын. Жүрекке түскен жара өмір бойы жазылмайтынын Тұрсын жақсы біледі. Әкесі бар өзі құралпас балаларды шексіз бақыт иесіндей көретін. Өкіне жүріп, армандай жүріп Тұрсын да ержетті. Оқып бухгалтер-экономист мамандығына ие болды. Жұмысқа тұрды. Әжесі Қытайда қайтыс болды. 1953 жылы Шатаева Күләнда Жанғабылқызымен тұрмыс құрды. Бастан кешкендерін Тұрсын ары қарай былайша әңгімеледі. 

Көктемде орыс жұртынан үш адам Қытайға келді. Олар Әбіт ағайымды іздеді. Бұл кезде ол қайтыс боп кеткен. Әбіт ағайым екі тілді де жетік меңгерген. Тілмаш болатын. Олар Әбіт ағайымның келмеске кеткеніне қатты қайғырды. Тіпті бір жер тепкілеп жылады. 1951 жылы Қытайда Советтің консулы орнапты. Бірде Қашаған Елгезеков деген консулдың бастығы мені шақырды. Әкемді таниды екен. 

– Штаттан тыс барлаушы боласың, – деді. 

– Сонда мен не істеймін? – деп сұрадым. 

– Күндіз өз жұмысыңды істейсің. Түнде Советтен келген жұртты елге қайтуға үгіттейсің. Қытайлар бұны білмеуі керек. Білсе басың кетеді, – деді. 

Бұл іске құлшына кірістім. Халықты астыртын үгіттедім. Халық лек-легімен советке көшіп жатты. 1959 жылы отбасымды шекарадан өткіздім. Қыркүйек айында. Бірақ мені өткізбеді. Үстіңнен арыз түсті, – деді. Қытай милициясымен сол жерде соғысып қалдым. Консулға бардым. Консул мені самолетпен өткізіп, парашютпен түсірді де қайта ұшып кетті. Отбасыммен қауыштым. Сүмбеден Партсъезге (қазіргі Жамбыл ауылы) келдім. Бердібек Соқпақбаевпен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Сені редакцияға орналастырамын. Содан соң оқуға жіберемін, – деді. Редакцияға да орналаспадым. Сірә, жергілікті билік менің редакцияға орналасқанымды құп көрмеген сияқты. Бір жылдай сиыр бақтым. Бір жылдан кейін қой бағуға шығарды. 

 

44 немересі, 23 шөбересі бар...

1969 жылы ғой деймін ұмытпасам, Шонжыдағы отрядтан Терещенко деген капитан шекараны белгілеп, суретке түсіру үшін келді. Басшылар шекараны білесің деп мені жұмсады. Ала айғырдың асуына алып бардым. Қар жауып, боран ұйытқып соғып тұр. Боранның екпіні сондай тегеуірінді. Әлгі Терещенконы Қытай шекарасынан ұшырып ары өткізіп тастады. Атымыз бір жақта, өзіміз бір жақта қалдық. Мен оны іздеп барып, көтеріп алып қайттым. Келе жатқанда тік еңіс бар екен. 

– Домалайсың ба? – деп едім. 

– Домалаймын, – деді. 

Домалап кетті. Артынан іздеп келсем, бір жерде басы қылтияды. Шығарып алдым. Белінен жарақат алып, жүре алмай қалыпты. Оны көтеріп келіп, бір жерге қойдым да екінші сайда қалған аттарды алып келдім. Оны атқа отырғызып таңып байлап, атты жетектеп үйге алып келдім. Автоматы жолда түсіп қалыпты. «Автоматым жоқ, сотталамын», – деп жылап жіберді. Енді автоматты іздеуге шықтым. Жол-жөнекей бір ағашқа ілініп қалыпты. Алып келгенімде қуанышы қойнына сыймады. «Рақмет, рақмет!» – деді қазақша. Терещенконы он екі күн бақтым. Жүруге халі келгенде заставаның адамдары келіп алып кетті. Арада бір айдай уақыт өткенде заставадан үш әскери адам келді. Маған мақтау грамотасын берді. Арқамнан қағып қояды. Тағы бірде екі әскери адам келіп, тағы мақтау қағазын табыс етті. Сөйтсем, әлгі капитан Терещенкоға көмектескенімді ескергендері екен ғой. 1988 жылы Қазақстан Тілеужан Сақалов деген мұғалім екеумізді Қытайға жіберді. Қытайға туысқаншылап барып қайт, – деді. Сақалов кетіп қалды. Ол бұрын Қытайда оқыған. Мұғалім болған. Мені 10-15 күндей кідіртті. Бектұр деген баламды ертіп Мәскеуге бардым. Елшіге өзім кірдім, баламды кіргізбеді. Мәскеудегі Қытай елшілігінің бастығы кәрі қытай екен. «Вызов ескі деген адамның әкесінің аузы», – дегені ғой таза қазақша. Сонымен Қытайға бардым. Көптеген тапсырмаларды арқалап кеттім. Тапсырмалар қиын болатын, әйтсе де орындадым. Қандай тапсырмалар екенін айтпай-ақ қояйын, – деді Тұрсын қария. 

Cапақов Тұрсын Ерепбайұлы еңбексүйгіштігінің, бейнетқорлығының арқасында үнемі алғы шептен көрінді. Аудан түгілі облыс көлемінде озат шопан атанып аты дүркіреп тұрды. Озат шопанның суреті Алматыда тиісті орнында қыстырылып тұратын. Бір салада табаны күректей 34 жыл еңбек ету, осы жылдарды жәй жүріп өту емес, жангешті еңбекпен ел игілігіне өлшеусіз үлес қосып, еліне елеулі, халқына қалаулы болған Сапақов Тұрсын Ерепбайұлы Даңқ орденінің, Октябрь революциясы орденінің, Еңбектегі ерлігі үшін, Ерен еңбегі үшін медальдарының лауреаты. Ерепбайұлы Тұрсын еңбек озаты аты көпке мәлім азамат адам болса, отбасында да ұл-қыздарына қамқор әке, сүйікті жар бола білді. Өмірлік қосағы Жанғабылқызы Күләнда екеуі төрт ұл, үш қызды өмірге келтіріп, тәрбиелеп өсірді, оқытты. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға, қондырды. Жұбайы Күләнда алтын алқалы ана. Ел жұртына сыйлы, көпшілік-қоғамдық орындарда беделді. Тұрсын отағасы сол сый-құрметтен әлі де кенде емес. Отбасының тұңғышы Секен жары Дина екеуі де кәсіпкер. Бектұр Ұланда 27 жыл еңбек етті. Өмірлік қосағы Жанар ұстаз. Қуандық бір мекемеде завгар боп істейді. Әскери міндетін Германияда өтеген. Отан соғысына қатысқандармен теңестірілген деген значогы бар. Келіншегі – Майра. Нұрбақыт Украинаның Харков қаласында оқыған. Мамандығы – инженер-механик. Жары Әсел – кәсіпкер. Бесінші келіні Айша – жеке кәсіпкер.  Гүлбақыт есімді үлкен қызы байланыс техникумын бітірген. Кейін кәсіп ашты. Жары Бақберген – майор. Зейнетке ерте шыққан. Қазір кәсіпкер. Алмагүл – инженер-технолог. Өмірлік қосағы Шәмші – кәсіпкер. Бағдагүл – экономист. Жары Бауыржан – инженер-механик. Тұрсын қарияның 44 немересі, 23 шөбересі бар. Тұрсын қария – қажы. Мына төмендегі құжат қажы екенінің дәлелі іспетті. 

«Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясы. Бұл куәлік Сапақов Тұрсын қажыға берілді. Ол 2011 жылы қасиетті Мекке Мәдинаға барып қажылық парызын орындап қайтты. Алла қажылығын қабыл етсін! «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының председателі: А. Еренғайыпұлы» 

Тұрсын қария ораза ұстап, намаз оқиды. Алладан елінің амандығын, жұртының тыныштығын тілейді. 

 

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ, 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

12.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24167
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23838
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41307
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37222
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41517