Елді елеңдеткен қосылған құн салығы төңірегінде талқылаулар жалғасып жатыр. 2025 жылы 10 ақпанда ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев пен Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бизнес өкілдерімен кездесіп, салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкімет ұсыныстарын талқылады. Бұл туралы Үкіметтің және ҰЭМ-ның баспасөз қызметтері хабарлады.
Кездесу «Атамекен» ҰКП қолдауымен ұйымдастырылған. Оған бизнестің, қауымдастықтардың, қоғамдық және салалық бірлестіктердің 150-ден астам өкілі қатысты. Олардың қатарында қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының, өзін-өзі реттейтін қоғамдық тамақтандыру ұйымының өкілдері, Астана кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңестерінің және өңдеу және фармацевтика, медицина өнеркәсібі комитеттерінің, «Атамекен» ҰКП, «Alageum Electric» компаниялар тобының, «Petro mining» қауымдастығының мүшелері және басқалар жиналған. Жиналыста сөз сөйлеген Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын жеткізді.
– Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату», – деп түсіндірді Азамат Әмрин. ҚР Үкіметінің ресми сайтында жарияланған ақпаратта тағы мынадай деректер жазылған.
Қазіргі уақытта аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтіні, ал заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын төлейтіні атап өтілді. Жаңа тетіктер бойынша олардың ешқайсысы ҚҚС төлемейтін болады. Бұл қазақстандық ауылшаруашылығы өнімдерін (картоп, қызанақ, пияз және басқалары) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. 10% мөлшерлеме қолданылатын салалардың түрлері бизнеспен әлі де талқылануда.
Сондай-ақ кездесуде жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимін, оның мәні – кіріс шегін жылына 600 мың АЕК (2 млрд 359 млн теңге) мөлшерінде сақтай отырып, қайта қарау бойынша ұсыныстар айтылды. Негізгі өзгеріс – бұл режимді тек B2C сегментінде (бөлшек саудада) жүзеге асыру. Жұмысшылар саны бойынша шектеуді алып тастау ұсынылды. Кәсіпкердің сатудан түскен табысы жылына 100 млн теңгеден асатын болса, салық салынатын табысты еңбекақы қоры (еңбекақы төлеу қоры) сомасына азайту мүмкіндігі көзделген. Осылайша, 100 млн теңге шегі жалақыны ақтауға ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте бөлшек салықтың 4% мөлшерлемесі (мәслихаттардың 50%-ға төмендету мүмкіндігімен) сақталады.
Салық реформасын іске асыру кезінде ел бюджетіне түсетін салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады деп күтіледі. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға; мемлекеттік қарыз деңгейін төмендету және инвестициялық жобаларды несиелеуге, даму институттарын нығайтуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, жылу- энергетика жүйесін жаңғыртуға қосымша ресурстарды бағыттауға көмектеседі. Үкіметтің бұл ұсынысы соңғы шешім емес екендігі белгілі. Дегенмен бір жаңалықтың құлағы қылтиып тұрғандай...
Былтырдан бері Премьер-министрдің бюджеттік-салықтық саясатты реформалаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес, экономика, қаржы, салық және кәсіпкерлік саласының өкілдері бірнеше мәрте бас қосып, салық жүйесін реформалауды талқылап келген болатын. Талқыға түскен тақырып қосылатын құн салығы мөлшерін қолданыстағы 12%-дан көтеру арқылы қазынаны толтыру мақсат етілген еді.
Бизнес өкілдерін қойып, қарапайым азаматтардың да басын қатырған басты жаңалық 2025 жылы 28 қаңтар күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жалпыға жария болды. Премьер-министр Олжас Бектенов пен оның орынбасары әрі ҰЭМ Серік Жұманғариндер Президент алдында баяндама жасап, ҚҚС-ын 20 %-ға дейін жоғарылатуды ортаға қойды.
Министрдің баяндамасына қарата пікір білдірген Мемлекет басшысы: «Бұл мәселеде күмән жоқ. Қоғам мен халыққа түсіндіру қажет. Әлеуметтік салық делік: әкімшілендіруді қалай жүзеге асырамыз. Мұның бәрін талқылап, осы реформаларды қалай жүзеге асыру керектігін ойластыру керек. Жалпы, реформа қажет, мен бұл реформаны мақұлдаймын, бірақ талқылау, зерттеу қажет. Сондықтан қазіргі уақытта Мәжілісте жаңа салық кодексінің жобасы қаралуда. Бұл жақсы нәтиже, бірақ 2025 жылы ең алдымен салық және бюджет кодексіне назар аудару керек. Сондықтан жұмыс істейік, реформа қажет екенін растаймын, бірақ қазір Ұлттық қордан түсетін трансферттерді азайтып, оның жинақ функциясын күшейтуіміз керек. Қорда жинақталған қаражатты ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға болады. Осылайша біз дамуды күшейтеміз. Бірақ мен бұл мәселені, атап айтқанда, әлеуметтік салықты мұқият ойластыру керек деп ойлаймын», – деген болатын.
Салық жүйесін реформалау туралы мәселені Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы бірнеше жылда сан рет айтып өткен еді. 2025 жылы 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы ҚҚС-ын 20%-ға дейін жоғарылату ұсынысына бірден тойтарыс берген жоқ. Дегенмен былайғы жұрт «Тоқаев 20%-ға көтеруді қолдайтындай рай танытты» деп түсінгені жасырын емес. Міне, осыдан кейін барып ел ішінде пікірталас ду ете түсті. Жұрттың көбі 2024 жылы 7 ақпанда Қ. Тоқаевтің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзін еске түсірді. Бұл отырыстың басты жаңалығы Олжас Бектеновтың Премьер-министр болып тағайындалуы болатын. Жиналыста баяндама жасаған Президент: «Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек. Алайда, бизнес қауымдастығында бұл құжат, ең алдымен, салық мөлшерлемесін өсіруді көздейді деген пікір қалыптасып отыр.
Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін. Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды» деген еді.
Міне, бір жылдың алдында қазынаның кем-кетігін толтыру үшін салықты көтеру дейтін «дәстүрлі тәсілді» құптамаған Тоқаев, биыл салық жүйесін реформалауды жеделдетуге тапсырма берді. Дегенмен осы жаңалықтан кейін басталған талқылауларға, халықтың наразылығына қарата Мемлекет басшысы өз ойын жылдам жеткізді.
Мемлекет басшысы 2025 жылы 7 ақпанда отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізген еді. Жиналыста сөз сөйлеген Президент ҚҚС тақырыбын әлі де пысақтау керектігін басып айтты.
– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан, бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
PS: Үкіметтің кезекті жиналыста ортаға қойған 16% деген мөлшерлемесі соңғы шешім емес екені анық. Дегенмен осы мәселеде Президент халық пікірімен санасып, барынша тиімді шешім қабылдауға тапсырмалар беріп отырғаны адамдарға сенім ұялатып отырғандай. Себебі салық мөлшері сәл көтерілсе болды, елдегі баға шарықтап кететіні белгілі.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ