ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрліктерінің басшылығымен Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу мәселелері бойынша кеңес өткізді. 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы аясында Ұлттық экономика министрлігі ұсынатын шаралар халықтың табысын арттыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа инвестициялық саясатты қалыптастыруға, мемлекеттің ел экономикасына қатысу үлесін қысқартуға, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және тарифтік саясатты жетілдіруге бағытталған. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған шаралар жаңа алма бақтарын отырғызу, ет өнімдерін қайта өңдеу, құс етін өндіру, балық өсіру, картоп пен көкөністерді сақтау жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жеңілдетілген несие берумен, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету, АӨК субъектілерін субсидиялау жүйесін жетілдіру, ветеринариялық жүйені реформалау жоспарлап отыр. Өндіріске қазіргі заманғы ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу, тұқым шаруашылығын және жемшөп өндірісін дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоршаған ортаға ластауыш заттар шығарындыларын азайту, бүлінген жерлерді қалпына келтіру, «тарихи» ластануларды жою, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, көлдерді қалпына келтіру, су инфрақұрылымын цифрландыру, балық саласын дамыту бойынша шараларды ұсынды. Оған қоса, кәдеге жарату алымының ставкалары қайта қаралатын болады. Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің ұйымдық-штаттық құрылымын реформалау, азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық және әлеуметтік қамтамасыз етілуін нығайту жөнінде шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. Қорғаныс Министрлігі Қарулы Күштерді реформалау жөніндегі бірінші кезектегі міндеттерді іске асыру жөнінде шаралар қабылдайды. Әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін арттыру мақсатында жеке құрамның санын ұлғайту, әскерлерді қазіргі заманғы қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, қажетті әскери инфрақұрылыммен жайластыру жөніндегі шаралар көзделген. Бас уәзір әкім-қараларға мұның бәрі дер кезінде іске асырылуы керек екенін, бұған олар тікелей жауап беретіндігін қадап айтты.