Ұлт болашағы үшін президенттік тақты да тәрк етуге болады

Ұлт болашағы үшін президенттік тақты да тәрк етуге болады

Қазақстан олигархтардың отаны болғандықтан, қара тобыр билік сызатын жоба жолдарымен  жүруі  тиіс  деген  қағида қалыптасқан. Халықты  өз дегенімен жүргізу  үшін  халыққа  қарсы  тұтқиылдан  шабуыл  жасау  сияқты әрекетке  бару  өз халқына  жасалған  опасыздық деп бағаланбайды. Мысалы, Қ.Тоқаевтың президенттік мерзімі аяқталуға  жақын. Ал биліктің  Президент  лауазымына  ұсына  қоятын,  аты-жөнін  ұялмай, халыққа  дауыстап айта алатын адамы жоқ. Сондықтан дәл қазір билік тұтқиылдан кезексіз  Президент  сайлауын  өткізеді де,   Тоқаевты  қайтадан  Президент лауазымына  ұсынады. Бізде  Сайлау Заңдары  билікке  қолайлы режимде жасалған. Балама адам  ұсынылмайды. Халықты бюллетеньдерді санайтын  жағдайға  жеткізбейді. Өздерін  азулы оппозиция  деп  есептейтін,  бастары бірікпейтін тұлғаларды билік ебін тауып одан әрмен бір-біріне  жауықтырады. Сонымен  оппозиция  ұсынатын жеті-сегіз  адамның  әрқайсысынан  билік  ұсынатын  бір адамның бәсі  жоғары тұрады. Сталиннің  «сайлаушылар дауыс бере  берсін, ал дауысты  санайтын біз  ғой»  деген сөзі бар. Дауыс санайтындардың  ойынша, қазіргі билік  мызғымай  тұра беруі  керек. Себебі олигархтар немесе  олардың ұрпақтары  еліміздің барлық игілігін пайдаланып, қара халық тек  солардың бақытты өмір сүруіне  жағдай  жасауы керек  деген жазылмаған  ереже  бар. Ол ереженің арқасында  қазақ   деген  халық  2040 жылға аман-есен жетпеуі  мүмкін.  Себебі  мемлекет басшылығына, билікке байлыққа  таласатын  халық керек емес, ал  екі алып  көршіге Қазақстанның жерінде қазақ деген халықтың жоқ болғаны тиімді ме деп ойлайсың. Осылай кете берсе, біз ресми  тәуелсіз болып саналатын соңғы ұрпақ  болуымыз  әбден мүмкін. 

 

Біз жаңа Қазақстанды құруға талпынып жатырмыз. Бұл – тамаша бастама. Біріншіден,  халқымыздың аман-есен қалуы үшін қазіргі қоғам түбегейлі 180 градус кері бағытта  өзгеруі керек. Екіншіден, қоғам, мемлекет өзгеруі үшін желдің бағытын  аңдитын  адамдар емес, қорықпай, үрікпей бір-біріне «неге солай?» деп айта алатын, билікке жайсыз адамдардың тізімін ұсынып отырмын. Бұлар ешкімнің нұсқауымен жүрмейді, Парламентте ұйықтап отырмайды. Қазақ дегенде ұйықтамайтын белсенді жандар. Мысалы, Шерхан Мұртаза дарынды адамдардың шоғырын жинады, ал тұңғышқа  жантықтар, жағымпаздар керек болды. Ол  сондай  адамдарды  билікке шоғырландырды (Каждый подбирает себе подобных). Оппозиция бір-бірімен қырғи-қабақ болмас үшін және ұлтымыз өз жанашырларын тізімге қосып  толықтыру  үшін төмендегі тізімді  ұсынамын. Олигархтарға  да айтатын сөзім бар. Неге біз біраз  адамның  игілігі  үшін  жер  бетінен  жоғалып  кетуіміз керек, неге біз  норвегтер  сияқты, шведтер сияқты немесе  әмірліктердегі  арабтар сияқты  өмір сүре алмаймыз? Олигархтар, ояныңыздар, өз халқын  осындай  аянышты  халге  жеткізгендер бай болғанымен, бақытты бола  алмайды. Тоқаевтың  сіздерді  қуғындайтын  ойы жоқ сияқты, бірақ сіздер өз  байлықтарыңызды  бірігіп  қорғау  нұсқасынан  ауытқып,  қолда бар байлықтарыңызды еліміздің  халық  шаруашылығын дамытуға  жұмылсаңыздар жақсы болар еді.  Ауылшаруашылығына  қажетті  техниканың  түрлерін, тыңайтқыштар шығаратын  зауыттар  салыңыздар, игілігін ел көрсін, салығын  төлеңіздер. Ертісті Аралға  бұрыңыздар. Ауылшаруашылығын дамытып, қызығын көріңіздер. Неге сіздер  халқымыздың ризық-несібесінен білгендеріңізше кертіп алып  жей беру үшін ел басқарып, билеп-төстей берулеріңіз керек? Сіздердің  қылмыстарыңызды  Ресей де, Қытай да  біліп  отыр.  Сол үшін сіздер  оларға  тәуелдісіздер. Сондықтан билік  басына  мүлдем  басқа  тәуелсіз  адамдар келуі керек.  Айталық, Президент пен  Премьер-министр  лауазымына  бір кісіден алып қалып, тізімдегі басқаларын сызып, шашып жіберу емес, басқаларын  басқа, соларға жақын, араласа алатын, ақылдаса алатын лауазымдарға бекітуді  ойлансаңыздар деген өтініш бар. Мысалы: вице-Президент, Президент кеңесшісі   немесе  Ауыл шаруашылығы  министрі. Қысқасы, биліктің осындай шоғыры билік  басына  келгенде  қазақ халқы жер шарында аман қалуы  мүмкін. Ұсынылған  тізімде  кезінде  сотты  болған  адамдар да бар. Бірақ олар ішімдік ішіп, көше тәртібін  бұзғандар немесе көршінің  тауығын көрсетпей алып  кеткендер емес. Олигархтардың 30 жыл  елді  ойрандағанына, тайраңдағанына, сайрандағанына  қарсылық  білдіргендер,  сол  үшін  жазалы  болғандар. Ал Әкежан  Қажыгелдин сияқты азаматтың  білімі  ұшан-теңіз және  Еуропаны  қолмен   ұстап, көзбен көрген адам. Құрметті  Қ.Тоқаев  мырза! Осы адамның  елімізге қайтып  келіп,  адал қызмет етуіне  мүмкіндік  беріңіз. Қазақ  халқының обалына қалмаңыз! Осы  өтінішіме жауапты ақпарат құралдары арқылы беріңіз. «Еститін» мемлекеттің миы,  құлағы, көзі, аузы ең әуелі сол елдің Президенті емес пе? Елге кіргізбейміз десеңіз де,  даусыңызды шығарып айтыңыз. Біз өзіміздің қайда жүргенімізді, неғып жүргенімізді, адам боп, не ит болып жүргенімізді білуіміз керек деп ойлаймын. Экс-Президенттің  кезінде қарапайым  халықта құмырсқаның  құқы болған жоқ. Қаңтар оқиғасы болмағанда сіз де  құмырсқалардың  бригадирі  сияқты тарих шымылдығының   артында  тұра  берер  едіңіз. Экс-Президент біресе Ердоғанмен, біресе Путинмен Мәскеуде кездесіп не істеп  жүр? Сыртқы істер министрі болып кеткен  бе? Қазақстан елінен ақшалай іссапар ақысын  алып тұра ма? Кәрім Мәсімов екеуі Қытайға жұмыс бабымен іссапарға  сұранып жүрген  жоқ  па? Елім, жерім деп көшеге наразылық білдіріп шыққандарды ине тығып, үтікпен қыздырғыш 191 жендеттің  тергеуі  бітті ме? Тергеу  жағдайынан  бұрынғы  Бас  Прокурор мен бұрынғы Ішкі Істер министрі құлағдар  шығар. Олар сізден алыста емес қой. Енді  нақты тақырыпқа көшейік. Сіздің Президент мерзіміңіздің аяқталуына дейін ешқандай  тосын оқиға болмайтын шығар деп үміттенеміз. 5 маусымдағыдай  елімізге тұтқиылдан  бас салатын  жойқын себеп көріп тұрған жоқпын. Сондықтан қазақ халқы сын сағатта  тұрғанын ескеріп, осы ойымды тұншықтыруға тырысатындарға ескерту жариялап қоюыңызды өтінемін. Бұл «қара тобырдың бейбіт сайлауға ұмтылысы»  деп  олигархтарға  түсіндіріп қоюға болады. Ескере кететін жағдай, қарабайыр қазақтар тізімге  өздері білетін  ұлт  жанашырларын  қосып  жазуларына  болады. Қырғыз  тарихында Роза   Отынбаеваның аты гүл әріптермен жазылды. Ол әділ сайлау өткізді. Келешек ұрпақ үшін  «Қ.Тоқаев  қазақ халқын жоқ болып кетуден сақтап қалды»  деген сөйлем сұранып тұр.  Бұрынғы  сайлауларда партиялық тізім деген ұғым бар  болатын. Сол ұғым бойынша  «Нұр Отан» партиясы жеңіп алатын да, тізімді  Дариға Назарбаева бастайтын. Сайлау бітпей  халыққа  тізім айтылмайтын. 

Сайлаушылардың  алдындағы     опасыздық осы  жерден  басталатын. Осындай әрекет Отанға сатқындықты, опасыздықты көрсетеді. Сізді ондай әрекетке қимаймын. Алдыңыздағы адам қасақана ешкімді көзге ілмейтін жолмен жүргендіктен Отансыз қалып, бақыттылардың тізімінен  шыққан сияқты. Сол кісінің жанашырлары  билік басында отыр. Халыққа оқ жаудырды. Атылғандардың ішінде төрт жасар қыз бар екен. Мынандай сұрақтарға жауап берілмеді: Қаңтар қырғыны қазақ мемлекетін сақтап қалу үшін жасалды ма немесе мемлекет билігін сақтап,  нығайту үшін жасалды ма? Ескі Қазақстанның саяси, тарихи, ғылыми суреті, сараптамасы неге жасалынбай жатыр? Біз қандай қимыл, іс-әрекеттен  бойымызды аулақ ұстауымыз керек? Қаңтар қырғынының алғышарттары  мен көтерілістің қозғаушы  күштері туралы ғылыми-зерттеулер бар ма? Ол  көтеріліс пе, әлде террористер мен авантюристердің шабуылы ма? Халыққа  қарсы оқ атпау туралы әскери адамдардан ант қашан қабылданады немесе  көшеге наразылық білдіріп шыққан халықты атып  өлтіруге мораторий жариялаңыз. Халықты атушылар мен елімізді концлагерь жасаушыларды, адамдардың  арқасын үтікпен күйдірушілердің басшыларын Президенттің кеңесшісі лауазымдарынан босатыңыз. Сот жүйесіндегі лауазымдарға басқа адамдар келуі керек. Мысалы, Конституциялық Соттың Төрағасы лауазымына  Жақып  Асановты тағайындау қазақ халқына қарсы жасалған қылмыс деп  бағалануы керек. Бұл мемлекет басшысын Жаңа Қазақстанның бастамашысы ретінде қабылдаған адамның қуаныш айқайы деп ұғыңыздар. Біз сіздің «Жаңа Қазақстан» бастамаңызды қоштаймыз, ал Сіз біздің бағыт-бағдарсыз, теориясыз қаңғып, лағып кетпеуімізді қадағалаңыз. Сіз ішкі-сыртқы  күштердің алдында көптеген қызмет-міндеттермен байлаулысыз. Сондықтан басқаша жасай алмайсыз. Сол себепті мемлекет басына басқа тұлғалар  келуі керек. Сізге  рақмет! Қазақ шындығы туралы кітап жазсаңыз, ол кітаптың  ғұмыры ғасырларға кетер еді. Менің осы жазған ой-пікіріме қолдау  білдіріңіз. Халықпен сөйлесу алаңы туралы ешкім ештеңе айтпай жатыр. Себебі олигархтардың жағдайы ешкімнің пікірін есепке алуды қажет етпейтін, бұлжымайтын тұжырым ереже болуы керек деген қағида бар. Ол  қағида Конституцияда жазылмаған, жазылмайды да. Конституцияда  олигархтар туралы сөз жоқ. Себебі олар туралы сөз жазылса, қайда, кімдер, қалай пайда болды деген сұрақтарға  жауап  беруі керек. Біздің бай-шонжарлар Американың олигархтары сияқты төрт-бес ұрпақ       бойында  пайда  болған жоқ. Олар бар-жоғы 20 жылда қаптап шыға келді. Билл Гейтс  сияқты  орасан жаңалық ашқан жоқ, бірақ қарапайым жандарды тонаудың алуан  түрлерін пайдаланады. Айталық, дизель жанармайының өзіндік құны – 80  теңге, оның сатылым бағасы 300 теңгеге бара жатыр. Осындай мәселені  зерттейтін қызмет салалары келесі «Қаңтарды» күтпей, тіл-жақтары  қарысып қалмай сөз айтуына болар еді. Қазіргі биліктің ішкі саясатында  ондай оқыс оқиға қарастырылмаған. Билік үшін көзді бақырайтып  қойып, халықты аяусыз  тонау қарастырылған. Өмірді өзгерту үшін   бай адамдар Американың бизнесмендері секілді ақшаларын әртүрлі өндіріс  салаларына құйсын. Нарықтық экономиканы қолдан жасамасын, нарықтық  экономиканың заңдарына бағынсын. Мемлекет оларды қуғындамайтын шарттар жасасын. Сондай ойды іске  асыру үшін  мемлекет басшылығына  мүлдем басқа адамдар келуі керек. Қазақстан халқының байлығының 55 % ұстап тұрған 162 адам бар деп айтылды. Ал қалған 45% байлықты  олигархтар үлеске түсірмей ұстап отыр. Сондай-ақ, Алматы қаласы төңірегіндегі жерлер неге сатылуы керек? Алматының ішіндегі Боралдай  көлдері құрғатылды. Ол жерлерде халық демалушы еді. Енді сатуға              дайындап жатыр.  Дариға мен  Болат саяси көкжиектен кетті дегенмен, сатылымдағы жер телімдері екеуінің атына жасырын құжатталған емес пе?  Ал үй-күйсіз қазаққа мемлекет азаматтарға  бостандығына  өте  қауіпті, бірақ өз еркімен таңдауға мәжбүрлейтін, өз еркімен тұзаққа мойнын тығатын баспана бағдарламасын ұсынады да, адамдарды көрінбейтін темір жіптермен  банктердің босағасына байлайды. Қазақтар бостандық атаулы ұғыммен      қоштасады. Бұл саясат наразы тобырдың санын азайтады. Бірақ қоғамдағы      наразылық өлшемі азаймайды. Биліктің ойлап отырғаны  – наразы тобырдың  санын азайту. Баспанасыздарға жер беру әзірше биліктің ойына келіп тұрған  жоқ. Жерді сатып бергісі келеді. Қазақстан билігіне байлаулы қазақты  басқару жеңіл және қолайлы. Осындай жымысқы мақсат, жымысқы саясатты  дүниеге әкеледі және мемлекет қызметшілерінің бұлыңғыр іс-қимылдары  мен  түсініксіз, ойсыз жауаптарын тудырады. Ал әлгі 162 адамның да болашағы  жоқ. Олар жетіліп, жетісіп кетеміз  деп  ойламасын. Отансыз, халықсыз  қалудан қорықсын. Билік жемқорлықпен аяусыз күресіп жатыр. Жемқорлықпен күресудің ең нәтижелі түрі – тайлы-таяғыңмен биліктен  кету. Нәсібін кәсіптен терсін. Кәсібін бастауға қаражаттары жетіп тұр. Тиісті заңдарын шығарып беріңіз. «Нұр Отан» партиясының атын өзгерткенімен,  оның опасыздығы, зұлымдығы, жұтқыштығы, жауыздығы  қалпында  қалады. Ол партияны Парламенттегі басым күш ретінде сақтап қалу немқұрайдылық па, білімсіздік пе? Партияны теңдей екіге бөліп, билікке таластыру керек, не жоқ қылу керек. Біз жемқорлықпен тоқтамай күресіп келеміз. Ал қазіргі биліктегілер орындарынан бір мезгілде кетіп тынса, жемқорлықпен күресу қажет болмай қалады. 

(«Ал келесі билікке мен мына төмендегі адамдарды ұсынамын» деп, ақсақалымыз Президентке, Премьер-министрге, Жоғары сотқа ұсыныпты. Бұл хатты автор жүзден аса тиісті жеріне жіберіпті. Солар шешеді деген оймен оларды біз ұсынбадық. – Редакциядан)                  

Құрметті  ұлт  жанашырлары, қымбатты отандастар, осы жазған қаратпа  сөзімді бір қара шалдың жанайқайы деп қабылдаңыздар. Тура қазіргі  халқымыздың бейтарап жағдайында, жас адамдардың ұялы телефоннан  басқа  іс-шаруалардан мақұрым жағдайында, олардың сана-сезімдерінен  менің елім, жерім деген ұғымдар өшіп бара жатқанын көріп тұрып,  Отанымызды біреулердің тойтарыссыз, тоқтаусыз аямай жұлмалап жатқанын біліп тұрып, ана жаққа шырқырамай кетіп қалуға болмады. Ол  аздай, елімізден жыл сайын жүз  мыңдаған жас қазақтар шетелге кетіп жатыр. Менің құрдастарым ана жаққа кетіп жатыр. Ал қазіргідей болашақсыз, бейтарап, бұлыңғыр, түсініксіз, ойсыз, жұтқыш, қорғансыз  қоғамды келесі ұрпаққа қалдыруға болмайды. Отансыз қалған күрдтер мен  палестиндердің жағдайын телефондарыңнан  көріңдер. Қандай қауіп төніп  тұрғанын сезініңдер. Осылай кете берсек, Отанымыздан айырыламыз. Бұл  сөздің билікке де қатысы бар. Оларға да Отан керек емес пе?.. Ұлттың  бірлігін сақтай алсақ, сонда ғана аман қаламыз!             

 

Амангелді Несіпбаев, 80-дегі ардагер
30.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 131
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 15
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 64
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 60
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 44
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 464
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 432
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 455
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 447
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 446
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 462
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 451
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9688
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9066
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12301
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10071
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11280