«Сын және әдебиеттанудың тарихы» ғылыми мектебінің негізін қалаған бірегей тұлға, филология ғылымының докторы Тұрсынбек Кәкішұлы еді. «Менің тағдырыма жазылғаны осы ма, әлде білмеймін ыңғай қиын-қыстау, соқпақсыз жолдары таңдап аламын да жүремін» деген екен ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы бір сөзінде. Олай дейтініміз, 1956 жылдары кеңес үкіметі ұлттығымызды жойып жатқан тұста, ол қазақ әдебиеті сын ғылымын ұлттық болмыс түбірін сақтап, қорғап, ғылыми жүйеге келтірген ғалым. Ғалымның шығармашылығы туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханансының Тұрсынбек Кәкішұлы атындағы залында «Абыз ғалым, аңыз тұлға» атты дәріс оқыған шәкірті, филология ғылымының докторы Жандос Смағұл: «Ол бүкіл шығармашылық сапарын өз ұлтының мұң-мүддесі мен тарихи тағдырының жоқтаушысына арнады. Ол бар болмысымен ұлтжанды, телегей-теңіз білімді, азаматтық арына адал, екі сөйлемейтін шыншыл, өз білгенін жасқанбай айта алатын үлкен жүректі азамат еді» деп бастады. 1960 жылы Т.Кәкішұлы «Қазақ-совет әдебиетінің қалыптасу кезеңіндегі идеялық шығармашылық мәселелер» атты кандидаттық диссертациясын қорғайды. Тұрсынбек Кәкішұлы осы кезеңдегі қазақ әдебиетінің жаңа социализм әдебиетінің – әдеби ағымдар, көркемдік әдістер мәселесіне үңіліп жаңа образ, жаңа тақырып, жаңа заманның келбетін жасаудағы әдебиеттің барлық болмысын ашып береді. Ғалымның еңбегі жайлы Асқар Егеубаев, «1917-1929 жылдар аралығында аса күрделі шиеленісті саяси әлеуметті, Һәм шығармашылық, адамшылық тұрғыдан шиеленісті түйіндерді талдап зерттеуі отыздағы ғалымның орда бұзғандай батырлығы болатын» деген.
1973 жылы «Қазақ әдебиеті сынының тууы және қалыптасу жолдары» деген докторлық диссертациясында, қазақ әдебиеті сынын қазан төңкерісінен кейін шыққан деген шовинистік қағиданы бұзады. Бұл докторлық диссертациясынан кейін жоғары оқу орындарына «Қазақ әдебиетінің сыны» деген пән дербес пән ретінде енгізілді.
1956 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне Рақманқұл Бердібаев «Ең үлкен байлық» деген мақала жазады. Мақалада жабылып қалған 700 қазақ мектебінің тағдыры, қазақ тілі мен жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің азаюы мәселесі көтеріледі. Осы тұста партия тарихы институтында марксизм-ленинизм классиктерінің аудармашысы болып жұмыс істеп жүрген Тұрсынбек Кәкішұлы 8 жігіт болып Р.Бердібаевты қолдау мақсатында «Тіл мәдениеті» деген мақала жазады. Р.Бердібаевтың мақаласына үн қосқандар аз болмаған. Бірақ, кеңес үкіметі мақаладан кейін ғалым Р. Бердібаевты партиядан шығарып, жұмыстан кетіріп, жазғандарын басуға тыйым салады. Ал Т.Кәкішұлы бастаған 8 жігітті партия тарихы институтының партбюросында қарап, орталық комитетке шақырып, жас ұлтшылдар деп қара тізімге алған.
Тұрсынбек Кәкішұлы қырыққа жуық ғылыми зертеу және шығармашылық кітаптар, мыңнан астам ғылыми публистикалық сын рецензиялық мақалалар жазған. Ол өзінің ғылым, шығармашылық, жазушылық жолында Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде әдебиетші маман оқытып, ұстаз болды. Туған халқы тұлға деп таныған, түркі дүниесінде ғылыми орта ғұлама деп бағалаған ғалым.