Республика күніне арналған аймақтық айтыс «Көкшетау» мәдениет сарайында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ұлттың ұлы ұстазы» тақырыбында өтті.
Жыр додасына Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Ақмола облысы және Астана қаласынан суырыпсалма, сөзі ұтқыр деген 10 ақын қатысты.
Айтысты ақын, айтыскер Арман Бердалин жүргізді. Бас жүлдені Батырлан Сағынтаев (Қостанай облысы), І орынды Ақбота Манарбекқызы (Астана қаласы) ІІ орынды Ерлан Дәулет (Ақмола облысы), ІІІ орынды Нұртілеу Төленбек (Астана қаласы) еншіледі.
Барлық айтыскер ақындарға ұйымдастыру алқасының дипломдары мен естелік кәдесыйлары табыс етілді.
Сондай-ақ, Республика күні қарсаңында Көкшетауда журналист, жазушы, жерлесіміз Жабал Ерғалиевтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Ел ардақтаған Жабал шешен» атты ақындар айтысы өтті.
Айтысқа Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Қарағанды мен Астана қалаларының жас ақындары қатысып, айтыссүйер қауымға Жабал ағамыздың еңбегі мен шығармашылығын, атқарған игі істерін жырға қосып, мадақтады.
Бас жүлдені Абзал Қабдраш (Павлодар), І орынды Нартай Тілеуқұл (Астана қ.), ІІ-ІІІ орын Хабдолла Бейісхан (СҚО) мен Тоба Өтепбай (Қостанай) жеңіп алды. Ал Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының сыйлығы Аршалы ауданының ақыны Құрмет Құралхан мен ерейментаулық Жаңылжан Жолдымұратқа бұйырды.