Биыл екінші жылға кетті, қалың жұрттың «Жаңа Қазақстан» болады деп ұйқысынан оянып, бұрынғы енжарлықтарын қойып, белсенділікпен қоғамдағы жаңалықты көгілдір жәшіктен және басқа да ақпарат құралдарынан алған хабарларға өз пікірлері мен ұсыныстарын айтып, жайына келсе өткір сын-әжуаны да қыстырып пікір тудырып жүргеніне. Бұл жерде көңілге ұнайтыны – халықтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, өзгерістер болады деген үмітке сенімдерінің оянуы. Оған сенгісі келмейтін, күмәндары барлардың да қарасы аз емес. Бәрінен әліптің артын бағып жүрген қарапайым халықтың қарасы көп сияқты. Осы өзгерісті бастаушы топ аз уақыт ішінде «Жаңа Қазақстан болады, өмір өзгереді» деген ұранмен апыр-топыр Ата Заңға аздаған өзгерістер енгізіп, заңдар қабылдап, жұрттың айғай-шуы көбейген сайлау өткізіп, демократиялық үрдісті жетілдіреді деген «жаңа» билік жүйесін де бекітті.
Шындық іздегенді саяси тұтқын жасама!
Бірақ билікке екпіндете өзгеріс жасаймыз деп келген топ, әзірше халыққа өздерінің нақты мақсаты мен идеясының ұстанымын, бағдарламасын әлі жариялап ұсына алған жоқ. Ондай идея бар ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Соның салдарынан, енді ел ішінде осы «өзгеріске» күмән туғызған әңгіме, пікірлер көбеюі орын ала бастады. Бұл – табиғи құбылыс. Өйткені, қандайда бір істі бастаған соң, оның түпкі мақсатының белгісі көрінуі тиіс қой. Ол мақсат халыққа ұнай ма, ұнамай ма, оны өмір көрсетеді. Олай болмаған жағдайда халық пен билік арақатынасының нығаю әлсіреп, билік жүйесіне сенім азаятыны белең алуы мүмкін. Олай деуге себеп болып отырған биліктің ел билеуіндегі тәсілдерінің ешқандай өзгеріссіз, Назарбаев дәуіріндегі жолмен жүріп келе жатуына байланысты болып отыр. Жоғарыдан төменге дейін билікте ескі жүйені «дамытуға» үлес қосқан «қуыршақ кадрлер» отырып алып, сол үйреншікті әдістерінен айнымай, әлеуметтік, азаматтық құқықтарын қорғауда пікірін ашық білдіргендерді қудалау, ескертулер жасау, қорқыту мен жазалау үдемесе азаймайтын сияқты жағдай. Сөз жүзінде билік халықтың пікірін естіп, онымен санасатынын жарияласа да, аздаған әрекеттерден басқа іс жүзінде өзгерістер жоқ. Жаңа өзгерген қоғам құрамыз деген күштің ең үлкен қатесі адамзат өркениетінің дамуындағы тәжірибеден туған дана ақиқат: «Халықты аз уақыт күшпен қорқытып, алдап ұстауға болады. Бірақ барша халықты олай билеудің өмірі қысқа әрі қасірет әкеледі» деген тарих тағылымын ұмытуы болып отыр. Шын өзгеріс, билік халықтың ойы-пікірімен санасып, саяси қарсыластарының пікірін тыңдауды үйреніп, олардың қателері болса, нақтылы дәлелмен шегінуге мәжбүрлей алатын деңгейге жетуден тәжірибе жинап, төзімді даналықпен ел билеу сатысына көтерілгенде ғана қоғам өзгереді. Күшке сеніп, саяси тұтқын ұстаған елде ешқашан әділдік болмайды. Ал, кезінде өздері енгізген кейбір заң бабтарын алға тартып, полицейлік әдіспен пікірі ұнамаған қарсыластарының әр сөзі мен қадамынан ілік іздеу алға қадам жасау емес, артқа қарай шегіну. Яғни, бұл қадам кешегі өткен ел байлығын тонап, жемқорлық, көрсоқырлық пен жағымпаздық жайлаған, қалың жұртты кедейлікке қамаған заманның жолын жалғайтын үрдіс. Ол жүйедегі әділдік пен шындық іздегенді саяси тұтқын жасауы сол биліктің мықтылығы емес, осалдығы болатын. Ал, жаңа биліктің оны ұқпай, өткен жүйені қолдауы, әлем халықтарының алдында мемлекеттің имиджі төмендеуімен қоса, өз ұлтының ар-намысына көлеңке түсетінін ойламайтын сияқты.
Ойсыз қайталау орға жығады. Қоғамда өзгеріс жасау ғимараттың сыртын тез жаңалап, бояуын өзгерту сияқты оңай шаруа емес. Өзгеріс – таза пиғылмен, адал жүрекпен халықтың келешегінің жарқын болатынына сенім әкелетін үміт жолы.
Үмітсіз келешек жоқ. Қазақстан мемлекетінің келешекте қандай мемлекет болатынын, ол кімнің мүддесін қорғайтынын анықтайтын идеясын бекіте алмай, отыз жыл бойы халықты қысыр сөзбен «семіртіп» келді. Өзгеріс біздің ел үшін кешегі терең ойсыз, ғылыми негізсіз батысқа еліктеп, сылдыр сөзбен демократиялық қоғам құрамыз деп қазақ елін авторитарлық жүйеге қамап, өз мемлекеттік тілінің статусын бекітетін заң қабылдай алмай былыққа батқан биліктен құтылатын жол. Халқы бір тілде сөйлемейтін ел ешқашан тәуелсіз ел бола алмайды. Бұл даусыз ақиқат. Әр елде мемлекеттік құпия өз тілінде сақталады, оны орындамау – сатқындық. Ұрпақ келешегі үшін, қазақ халқын сыйламай мемлекеттік тілді меңгермегендерді, арына кір жұққандарды, ұрлық пен жемқорлықты қорғайтындарды билікке жолатпайтындай өзгеріс жасайтын уақыт зая кете ме деген алаңдаушылық бар.
Біз байлар мен олигархтардың мүддесін қорғайтын мемлекет емеспіз
Осы өткен сайлау жұрт күткен өзгеріске әкеле ме дегенге жауап іздесек, біраз сұрақ туындайды. Мысалы, сайлауда жеңіске жеткендердің ішінен үздік шыққан үш партия бар. Біріншісі, қолда тұрған билікті бермейтіні ақиқат. Ал, халыққа танымалдығы жоқ, өте қысқа мерзімде аграрлықтар мен республикалықтар партиясының тасы өрге домалау саяси ойынның нәтижесі нені көздейтініне жасаған сараптама нені көрсетеді? Ол «Жаңа Қазақстанның» саяси өзгеріс жасау идеясы АҚШ, Ұлыбритания т. б. Батыс елдерінің моделін өз жұртының тарихи қалыптасқан менталитетімен санаспай, ешбір ғылыми сараптамасыз көшіру болып отыр. Бұл тәжірибе – демократияның алға дамуын тежейтін бағыт. Бұл келешекте мемлекетті кезекпен «Аманат» пен «Республика» партиясы бірін-бірі ауыстырып отыратын билік жүйесін құру жоспарына ұқсайды. Бұл келешегі жоқ жол. Ал аграрлық партия еліміздегі қалыптасып қалған байлар мен олигархтардың мүддесін қорғайтын топтар мен космополиттердің саяси күші ретінде жаңа жүйенің бекуіне ықпал ететін қолдаушы және ескі жүйенің күйреуіне жол бермей, билікті бақылауда ұстайтын қорғаушы саяси күшке айналатыны белгілі. Өйткені еліміздегі отыз жыл тоналған халықтың байлығы солардың қолында. Егер билік таяу уақытта тоналған халық байлығын қайтару туралы нақты қадамдар жасамай, саясаттағы «биліктің өлара уақыты» (время транзита власти) жеті жылға созылса, халықтың күткен үміті сағымға айналуы мүмкін. Сондықтан билік халықты алдамай, шын өзгеріс жасайтын ойы болса, осы дағдарыстан шығатын жолды іздеуі қажет.
Біздің елдің келешегі батысқа табыну емес, әлемдік өркениетінің ұлтымызға тиімді тәжірибелерін ғылыми талдаумен пайдаланып, әділетті демократиялық мемлекет болу. Бізге керегі осы жол, басқа жол жоқ.
Біз қазақ елінің дербес, тәуелсіз «Жаңа Қазақстанның» келешегін ойлап, халықтың шын мүддесін қорғайтындай ой болса, онда мемлекеттің темірқазығы – ұлттық идеяны анықтап, заңдастырып бекітуіміз қажет. Әлемдегі мемлекеттердің саяси ұстанымының, яғни ұлттық идеяларының өзегі барлық мемлекеттерге тән бір ортақ идеяға бағынады. Ал, біздің ел отыз екі жыл болды, әлі басқаларға еліктеумен, адасумен жүр. Ұлттық идея – мемлекетттің алдағы нақты бағытын және соны іске асырудың өзіндік, ұлттық идеологиясын анықтайтын және іске асыратын ұстаным. Ұлттық идея – қандайда бір халықтың өзіне тән ерекше құндылықтарын сақтай отырып, барша адамзаттың қол жеткізген, прогресс әкелетін құндылықтарын пайдаланып, ұлттық мемлекет құруына жол ашады. Ұлттық идеяның мақсаты – мемлекеттің, өз ұлтының (мемлекетқұрушы халық) экономикалық, саяси, рухани тәуелсіздігінің, ел мен жер біртұтастығының мәңгі сақталуына және ұлттық байлығы, тек халқының игілігіне жұмсалып, жұртының кедейлік көрмей, әлеуметтік жағдайының үнемі жақсарып отыруы мен өз ұлтына тән рухани дамуына арналған бағытты қатаң ұстанатын Ұлттық мемлекет құру. Өмір шындығы, тек осы құндылықтар ғана әр елде барша халықты ортақ мүдде ретінде топтастыра алады. Сондықтан қазақ халқы құрып отырған мемлекетінің ұлттық идеясының темірқазығы осы құндылықтар болуы заңдылық. Біз бір нәрсені ұғуымыз қажет. Біз азиатпыз, еуропалық емеспіз және ешқашанда еуропалық бола алмаймыз. Халқымыздың ғасырлар аттап тарихи қалыптасқан менталитетінің негізі шығыс философиясынан нәр алған адамгершілік пен имандылық даналығынан ажырамауымыз қажет. Біз адамзат өркениетінің жетістіктерін ғылыми негізде талдайтын сараптамадан өткізе біліп, пайдалануды үйренуіміз керек. Мемлекетімізді «Жаңа Қазақстан» деңгейіне жеткізу үшін бізге ең керегі бұрынғы Кеңес дәуірінде қалыптасқан, қазіргі капитализм идеологиясымен қосылып жасанды, қазіргі будандасқан қойыртпақ (суррогат) қоғамдық санадан ажырауымыз керек. Ұлттық сана негізінде жаңа қоғамдық сана қалыптаспай, қоғамда өзгеріс болмайтын ақиқатты көрсететін, адамзат өркениетінің тарихындағы әлемдік қоғамдаму тәжірибесіне сүйену қажет. Қоғамдық сананы саясаткерлер мен саясаттанушылар қалыптастырмайды, оны озық ойлы адамдар, философтар, ақындар, жазушылар, ғалымдар, мәдениет пен өнер саласының өкілдері, дарынды ұстаздар мен қарапайым өмірде өнегелі тәлім мен ізгілікті ізі бар қариялар қалыптастырады. Сондықтан ел келешегін ойласақ, халықтың әлеуметтік жағдайы мен рухани тәрбиеге аса зор көңіл бөліп, мемлекеттің шешетін ең маңызды мәселесі жаңа қоғамдық сана қалыптастыру болуы керек. Мәселені саяси насихат, мектеп пен жоғарғы оқу орны шешпейді, олар білім ғана береді. Диплом маман болу жолын үйретеді, ал, қоғамдық сана рухани тәрбие негізінде қалың бұқара халықтық ортаның (среда) ықпалымен қалыптасады. Тәрбиенің бастауы отбасынан басталады, сондықтан әр балалы отбасының әлеуметтік мәселесі мемлекеттік мәні үлкен мәселе деген ұстаным болуы қажет. Қоғамдық сана қалыптасуына зор ықпал ететін халықтың кедейлік көрмейтіндей әлеуметтік жағдайының деңгейіне тікелей байланысты. Қазақ халқының: «Ораза, намаз тоқтықта, аш болсаң, сәлдең қалар боқтықта» деген даналығын ұмытпау қажет. Қоғамдық сана деңгейі халықтың әлеуметтік деңгейімен өлшенеді. Осы шындықты Скандинавия, Жапон, Оңтүстік Корей, Сингапур елдерінің тәжірибесі көрсетіп отырғаны белгілі.
Халқы кедей елдің келешегі – бодандық
Ел билеуде саяси көрегендік болмай, тек әр кезеңдегі пайда әкелетін уақытша ұтысқа ұмтылу болса, ондай бейімделу саясаты қоғамның дамуына тежеу болады.
Билігі саңырау, халқы енжар әрі мылқау, әскері мен полиция күшіне сенген қоғамда ешқашанда әділеттілік пен теңдік болмайды. Қоғамның кемшіліктен үнемі тазарып, жетіліп отыруына халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп және сол мәселелерді шешудің жолдарын ұсынып, ықпал ететін мемлекетшіл оппозиция болуы қажет. Оппозиция билікке оппонент болған соң, оның мақсаты ел басқаруда жіберілетін кемшіліктерді терең саралап, соны қалай түзетудің жолын көрсететін ұсыныстарымен саяси күш деңгейіне көтерілуі тиіс. Ондай болу үшін оппозицияда ары таза, ұлтының намысын қорғайтын, атақ, мадақ, байлық емес, тек халқы үшін жүрегі ауыратын, өз кемшілігін түзей білетін, жан-жақты білімді, жігерлі, азаматтар болуы абзал.
Қазіргі ғылым мен ақпарат дамыған заманда халықтың сеніміне ие болған оппозиция билікке жұрттың қолдауымен жетеді. Біздің елдегі оппозиция құрған топтар халықтың мұқтажынан алыс, тек өздерінің билікте кеткен қарымын қайтаруға ұмтылғандар болғандықтан, қоғамның дамуына әсер ететін деңгейге жете алмайды.
Олар әділетті мемлекет құру үшін билік пен халықтың ара қатынастарын нығаюы, биліктің халық үнімен санасуынада болатындығын дәлелдейтін ұсыныстарымен билікке ықпал етудің орнына, тек биліктің кемшілігін тізіп, бедел жинаумен жүргені белгілі. Бұл кемшіліктің тамыры – кешегі кеңестік тоталитарлық жүйедегі қалыптасқан қоғамдық сананың ықпалы. Ол кездегі саясат, мемлекет пен халықтың мүддесі бір деген ұғыммен қоғамда биліктің үстемдігін қорғап, басқадай пікір айтуға тыйым салған еді. Тәуелсіздікті күрессіз алған елдегі саяси күресте білімі мен тәжірибесі жоқ билік пен оппозиция осы идеологияның ықпалынан шыға алмағандығынан бірін-бірі жау санаумен жүргені аян. Бұл кеңестік дәуірдің шекпенінен шыққан билік пен қарсыластарының оппозиция мен революция құбылыстарының айырмашылығын ұқпаудан туған жағдай. Қазіргі трансұлттық компаниялар арқылы дүниежүзі байлығының қызығын көріп отырған заманда, әлемдік саяси күш революция арқылы ешбір елде ұлттық мемлекет құруға жол бермейді. Осыны ұқпай, оппозиция радикализм жолын қуса, оның аяғы өз елін алпауыт мемлекеттің саяси-экономикалық құлдығына әкеледі. Жаңа оппозиция, кейбір таяз ойлап, кеңес беретін «ақылшы-филосовтардың» «Елу жігерлі, мықты күрес бастайтын қайраткер мен қаржы болса, билікті төңкеріп тастаймыз» деген саяси сауатсыз, әсірелік (авантюралық) кеңесінен аулақ болу қажет. Бұл алпауыт елдерінің әдейі тарататын насихаты, содан сақтану қажет. Ұлтының келешегін, тәуелсіздігі мен жер тұтастығын шын ойлаған оппозиция мемлекетшілдік пен халқының мүддесін қорғайтын жолды таңдайды. Оппозициялық қозғалыс өз мемлекетінің нығаюы мен халқының мүддесіне жұмыс істейтін бағытының идеясын анықтап, бекітіп алса ғана ұлтының келешегіне қызмет етеді. Қоғамның барша жұрты ауқатты болып, әділеттік пен береке-бірлік жайлаған мемлекетте ынтымағы жарасып өмір сүруі, билік пен оппозицияның бір-бірінің пікірлерін құрметтеп, қандай күрделі мәселе болса да мәмілеге келуге ұмтылып, халықпен кеңесіп шешім қабылдау деңгейіне көтерілгенде ғана іске асады. Бұл көп ізденісті, білім мен біліктілікті ғылыммен жетілдіруді талап ететін, өте ауыр жол. Бұл жолға рухани даму мен демократиялық үрдістің жетілуі әкеледі. Яғни жаңа қоғамдық сана қалыптастыру қажет.