Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне – 10 жыл
Осыған орай, 5 cәуір күні елордада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінің 10 жылдығы аталып өтті. «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» атты көрменің салтанатты ашылуы болып, мерейтойлық көрмеге, қазақ ұлттық бейнелеу өнерінің ең жарқын бейнелері ұсынылды. Оған қоса, Қазақстанның танымал өнер шеберлерінің аңызға айналған жұмыстары мен жас авторлардың заманауи туындылары да қосылды.
Қазақ бейнелеу өнерінің хас шебері Әбілхан Қастеевтен бастап, 50-ге жуық қыл қалам шеберлерінің таңдамалы туындылары келген қонақтарға көрсетілді. Тереңнен тамыр тартқан төл мәдениетіміз бен тарихымыздан сыр шертетін 250 сурет көпшіліктің көңілінен шықты.
ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов:
– Көрменің мақсаты қазақ бейнелеу өнерінің тарихын, даму үдерісін көрсету. Сонымен қатар, әлемге танымал классиктерімізбен қатар жас қыл қалам шеберлерінің жұмыстары қойылған. Ұлттық музейде 14-тен астам коллекция бар, 200 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Олардың барлығын, әрине, экспозицияға көрсету мүмкін емес. Сол себепті Осындай көрмелер арқылы болашақта қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынып отыратын боламыз. Сондай-ақ, музей мерейтойын атап өту мақсатында жыл көлемінде 40-қа жуық көрме мен тақырыптық конференциялар өткізіледі. Тіпті, алда әлемдік классик суретші Леонардо До Винчидің де туындысын көпшілік назарына ұсыну жоспарда бар.
ҚР Тұңғыш Президенті музейі директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова: «10 жылдың ішінде біз 1 миллионнан астам адам қабылдадық. 154 көрме жобасын өткіздік. Соның ішінде 26-ы көшпелі көрме. 600-ден астам ағартушылық іс-шара өткізілді. Музейдің мерейтойына орай, атыраулық белгілі мүсінші Нұрсұлтан Қалиевтің «Ағаш құдіреті» атты көрмесі ашылды. Оған автордың 60-тан астам туындысы қойылып, ең қымбаты 3 миллион, ал, ең арзаны 50 мың теңгеге бағаланды. Автордың айтуынша, көрмеге қойылған кез келген экспонаттың өзіндік тарихы бар.
Көрме экспозициясы ҚР Ұлттық музейінің қорларынан жинақталған. Көрме кураторы – Ольга Батурина (Art Society), өнертану профессоры, спикер.
Мерейтойлық көрме қазақ ұлттық бейнелеу өнерінің ең жарқын бейнелерін ұсынады.
Көрмеге Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайлов, Орал Таңсықбаев, Салихитдин Айтбаев, Үкі Әжиев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмайлова, Камил Муллашев және басқа да көптеген суретшілердің жұмыстары қойылған.
Көрменің тұжырымдамасына сәйкес көрме кеңістігі «Қазақ кескіндемесіндегі тарихи сюжеттер», «Табиғат бейнелері – алуан түрлі пейзаждық мотивтер», «Қазақстан өнеріндегі суретші әйелдер», «Қазіргі заманғы өнер – жаңа есімдер» сияқты тақырыптық аймақтарға бөлінген.
Көрмеде белгілі режиссер Бақыт Қайырбековтың «Су жолы» деректі фильмі көрсетіледі. Фильмде Қазақстан табиғатының бейнелері қобыз, домбыра музыкасымен сүйемелденіп, режиссердің өзінің шығарған өлеңдері оқылады.
Art Society – өнер саласындағы білім беру, медиа және маркетинг бағыттары бойынша жұмыс істейтін қазақстандық жоба. 2020 жылдан бастап Алматы мен Астана қалаларында өнер саласындағы жобалармен айналысады. Болашақта Art Society ұжымы өз қызметін бүкіл Қазақстан аумағы бойынша кеңейтуді жоспарлап отыр.
Ольга Батурина – 30 жыл бойы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында 30 жылдық еңбек өтілі бар өнер теориясы мен тарихының оқытушысы. ҚР-да өнерді дәріптеу саласындағы жұмысы үшін «Құрмет» орденімен марапатталған, Қазақстан өнері туралы бірнеше кітаптардың авторы, отандық және халықаралық (соның ішінде Париждегі ЮНЕСКО жанындағы) жобалардың кураторы. Art Society-де өзінің авторлық дәріс курсын жүргізеді. Ольга Байтурина (өнертанушы): «Қазір біз тұрған зал бабалар рухы мен дала әуені деп аталады. Себебі екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақ өнері әуен сияқты сазды ырғақтан тұрады. Даланың өзіндей сабырлы, салтанатты, тартымды болғандықтан, дала әуені деп атадық. Өйткені, ұлттық өнердің ең талғампазы – музыка. Сондықтан қазақ кескіндемесінің қай шығармасында да музыкалық сезім сезіледі».